Биылғы жылдың 9 айында облыс экономикасының негізгі салалары бойынша тұрақты өсімге қол жеткен, өңдеу өнеркәсібі – 20,5 пайызға, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 5,5 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 42 пайызға, тұрғын үйлерді іске қосу – 0,5 пайызға, негізгі капиталға инвестициялар – 23 пайызға, ішкі сауда көлемі – 19,2 пайызға, көлік қызметтерінің көлемі – 8,3 пайызға артқан. Соның ішінде облыста құрылыс саласының даму қарқыны өте жоғары. Орал қаласының өзінде «Ақжайық» шағынауданында заманауи үйлер салынып жатыр. Биылдың өзінде облыста 73 тұрғын үй бой көтерген. Ал 2024 жылға 27 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің өзі айтты.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында журналистермен жүздесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып берген еді.
Әкімнің айтуынша, өңірде экономикалық өсім жоғары. Соның ішінде БҚО ауыл шаруашылығы саласына бейім өңір дейтін болсақ, облыста аграрлық сектордың дамуы қарқынды.
Президент өз Жолдауында ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамытуға баса назар аударғаны есімізде. Ауыл-аймақтарды дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдауға «Ауыл аманаты» бағдарламасы қабылданды.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2023 жылға республикалық бюджеттен 6,4 млрд теңге кредиттік қаражат бөлінді. Қазір 714 өтініш бойынша 4,9 млрд. теңге несие берілді. Аталған қаражатты жыл соңына дейін толықтай игеретін боламыз. Бүгінде облыста 270 ауылшаруашылық кооперативі жұмыс істеп тұр. Соның ішінде биылдың өзінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жаңадан 44 кооператив құрылды. Азық-түлік тауарларының негізгі 19 түрінің 7 түрі бойынша облыс толық қамтамасыз етілсе, 8 түрі бойынша 75%-ға дейін қамтып отырмыз, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Батыс Қазақстан облысы бойынша барлық ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы – 617 мың гектар. Бүгінде егін ору науқаны толықтай аяқталып, облыс бойынша 302 мың тонна астық жиналған. Майлы дақылдардан 78 мың тонна өнім алынса, 153 мың тонна картоп, көкөніс-бақша өнімі жиналды. Облыста қуаты жылына 11 мың тонналық голландиялық технологиямен 2 заманауи өндірістік жылыжай жұмыс істеп тұр.
Әкім облыс халқының көкөніс өнімдеріне қажеттілігін 100% жабу үшін 2024 жылы 18 мың тонналық 4 қойма салынып, қажеттілік толық жабылатынын жеткізді. Ал 2026 жылға дейін 30 мың тонналық 17 қойма салу жоспарланып отыр.
Облыс әкімі өңірімізде жылу-энергетика саласында бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын да атап өтті. 11 млрд теңгеге бюджет қаражаты есебінен Орал қаласы Жылу электр орталығының турбоагрегаты мен градирнясын қайта құру және су бұру қондырғыларын жаңғырту мақсатында екі кәріздік-сорғы стансаларын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Облыстағы электр беру желілерінің тозуы 82 пайызды құрап отыр. Алдағы қыс мезгілінде апатты жағдайларды азайту мақсатында 2 мың шақырымнан астам электр желілері, 300-ге жуық қосалқы станция жөнделген.
– Градирня 2023 жылдың мамыр айында іске қосылды. Турбина және 2 кәріздік-сорғы стансасы келесі жылы пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар коммуналдық мекемелермен 2 энергетикалық қазандық, су қыздырғыш, турбиналық генераторы және 5,8 шақырым жылу желілерін және 4 шақырым сумен жабдықтау мен су бұру желілерін күрделі жөндеу жүргізілді, – деді Нариман Төреғалиұлы.
Журналистер алдында сөйлеген Батыс Қазақстан облысының әкімі өңірдегі білім, денсаулық, әлеуметтік саладағы оңды істер туралы да айтты. Жалпы, облыстың дамуында қай салада да ілгерлеу бар екендігін атап өтті. Соның ішінде Батыс Қазақстанда соңғы жылдары жол мен құрылысқа қатты көңіл бөлінуде. Себебі облыстағы жолдардың сапасы сын көтермейді, ал үйлердің көбісі ескі. Өңірдегі жол, құрылыс туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев: «Президент тапсырмасы аясында биыл 81,5 млрд теңгеге 617 шақырым жол жөнделуде. Қазір 513 шақырым жол жөнделді. Жыл қорытындысымен жергілікті жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 52%-ға жеткізетін боламыз. 2024 жылы 100 млрд теңгеден астам қаржыға барлық деңгейдегі жалпы ұзындығы 800 шақырым құрайтын 139 жобаны жүзеге асыру жоспарда бар», – деді.
Әкім елді толғандырған Бөкей Орда мен Жәнібектің жолы туралы да айтып өтті. «Бүгінгі күнге бітпей тұрған 120 шақырым жолдың 104 шақырымын биыл аяқтадық, қалған 16 шақырым бойынша жұмыстар жалғасуда», – деді Нариман Төреғалиұлы.
БҚО-ның дамуы туралы әңгімелеген облыс басшысы кейін журналистерді толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА