Шеберлік сабағына еліміздің Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларынан аспаздар қатысып, нан пісіру шеберінің тәжірибесін үйренді. Білікті аспаздың семинары 3 күн бойы Rixos President Astana қонақүйінде өтті.
Хакан Доган 130 жылдан бері нан пісірумен айналысып келе жатқан отбасынан шыққан. Дарынды аспаз көптеген оқу орнында, кәсіптік лицейде нан өнімін даярлау туралы семинар сабақтарын өткізіп тұрады. Ол сондай-ақ 2014 жылдан бері Италия, Латвия, Кипр, Ресей, Польша, Франция, Германия және Бельгия сияқты елдерде ашытқы туралы зерттеулер жүргізіп келе жатқан зерттеушілер тобының мүшесі. Аспаздың нан, торт және шоколад туралы жазған мақалалары, сұқбаттары мен зерттеулері республикалық журналдарда жарияланады.
Аспаз Хакан Доган үш күннің ішінде түрік халқының 15 түрлі ұлттық нан өнімінің әзірлену жолын түсіндірді. Ерекшелігі – кейбір нан түрлері 1 күннен 4 күнге дейінгі уақыт аралығында пісіруге дайын болады. Сонымен қатар нан түрлері құрамына қосылатын қоспалар мен безендірілуіне байланысты арнайы мерекелерде дастарқанға ұсынылады.
– Түркия – ежелден нан өнімдерін пісіретін елдердің бірі. Біз тұратын жерде 13 мың жыл бұрын нан пісіру кәсібі қолға алынған. Нан өнімдерінің көбі тәуліктен аса уақытта дайын болады, дайындалу процесі қаншалықты ұзақ болса, нан да дәмді болып піседі. Ең тез дайын болатын нан түріне 3 сағат уақыт кетеді. Семинардың алғашқы күні кипр нанын әзірлеу әдісін көрсеттім. Бұл – Солтүстік Түрік Республикасында дайындалатын нан түрі. Атаулы күндерге байланысты арнайы пісірілетін нан түрлері көп. Мысалы, бүгін дайындаған «Осман наны» қыз айттырып келгенде пісіріледі. Ол түрік халқының ұлтық оюымен безендіріледі. Нанның бетіне себілген жемістер отбасының материалдық жағдайын сипаттайды. Мысалы, грек жаңғағы байлығыңызды, кептірілген жемістер әл-қуатыңыздың жоғары екендігін білдіреді. Ал тұрмыстық жағдайы орта отбасылар бұл нанның орнына басқа тәттілерді апара алады.
Түріктің ұлттық нан өнімдері мәзірін арнайы түрік аспазынан үйрену– бұл еліміздің кәсіпқойлары үшін үлкен тәжірибе бастауы болмақ. Оқыту семинарына қатысқандар бар ынта-жігерімен нанның бірқатар түрін дайындап, түрік тағамын даярлаудағы тәжірибелерін жетілдіре түсті.
– Түркиялық аспаздың келіп, шеберлік сабағын өткізіп жатқаны біз үшін үлкен тәжірибе болмақ. Біріншіден, мейрамханамыздың негізгі ас мәзірі түрік тағамдарынан тұрады. Екіншіден, келген қонақтардың басым бөлігі де түріктер, сондықтан түрік халқының ұлттық нан өнімдеріне де сұраныс өте көп. Шеберлік сабағында қолжетімді өнімдер арқылы түрік елінің ұлттық нан өнімдерін оңай әрі тез дайындалу жолын үйрендік. Ұзақ уақыттың ішінде дайындалатын нандар күш пен уақытты үнемдейді және дәмді болып пісетініне көзіміз жетті. Өз тәжірибемде байқағаным – түрік наны мен өзіміз пісіретін нанның дайындалу технологиясы ұқсас келеді. Мысалы, кипр наны біз даярлайтын чабатта нанына ұқсайды. Бұдан бөлек, құрамына қосылатын шикізаттары ұқсайтын нан түрлері де бар екен. Оқыту семинарында тағы бір үйренгеніміз – ашытқысыз, табиғи көтерілетін нанды дайындау. Алдағы уақытта білікті аспаздан үйренген нан түрлерін мейрамханамыздың ас мәзірі қатарына қосу жоспарда бар, – дейді аспаз Элла Сүткенжеева.
Сонымен қатар арнайы шақыртумен келген аспаздың тәжірибесін үйренуге мейрамхананың ғана емес, дүкендер желілерінің де аспаздары да қатысты.
Сымбат БЕГІМБАЕВА