Қазір еміне шипа іздеген халық аудан орталығына сабылып баруға мәжбүр. Ең алғаш кенттен 40 төсектік дербес аурухана салынатынын естіген жамағаттың қуанышында шек болмаған еді. Бастапқыда үлкен қарқынмен жүргізілген емдеу нысанының жұмыстары соңына жетпей тоқтады. Кейіннен белгілі болғандай, құрылысқа бөлінген қыруар қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен.
Жалпы, кентте 20 мыңға жуық халық тұрады. Аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдың бір ауруханаға сұранып тұрғанына біраз болған. Бұрынғы емдеу мекемесінің тозығы жетіп, медициналық талапты өтемеді. Ал екі ортада қатынап ем алу жергілікті жұртшылыққа айтарлықтай қиындық туғызып келді.
Негізі, Сексеуілден сапалы медициналық көмек көрсетуге негізделген аурухана салу ісі 2019 жылы бастау алды. Бірақ іргетасы құйылып, төрт қабырғасы қаланған ғимараттың соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Әлі күнге дейін оның қашан аяқталатыны көпшілікке беймәлім күйде қалып тұр.
«Осыдан 4-5 жыл бұрын кентімізде аурухана салу басталды. Сол аурухана құрылысының әлі күнге дейін бітер түрі көрінбейді. Алғаш ауылымызға 40 төсектік емдеу орны салынатынын естігенде қуанған едік. Өйткені бұған дейін ауылымызда перзентхана жоқ, емделетін емханамыз ескі болды. Ауырған жағдайда сонау 60 шақырым жердегі Арал ауданы орталығына барамыз. Бұл бізге қауіпті және ыңғайлы емес. Аудан мен кент арасында жол-көлік апаты салдарынан адам өлімі де жиі кездеседі. Соған орай құрылыс жұмыстарын жеделдете жүргізсе деген талабымыз бар», – дейді Сексеуіл кентінің тұрғыны Айбатыр Жақсыбаев.
Кент халқы жыл сайын аурухана құрылысының жалғасатынына үмітпен қарап, күндерін өткізіп келеді. Ауыл мен аудан әкімдерінің құрғақ уәдесіне әбден тойғанын айтқан халық Президентінен қолдау күтетінін де жеткізіп отыр.
«Ауыл мен аудан әкімдерінің уәдесіне әбден тойдық. Кентте қандай жұмыс басталса да, аяғына дейін жеткен емес. Атап айтсам, кенттегі көгілдір отын тарту жұмыстары көңілден шықпай тұр. Нақты айтқанда, кентке 2022 жылы газ тарту жұмыстары бастау алуы тиіс болатын. Сол жылы аудан әкімі мердігер компаниямен арнайы келіп, кентті көгілдір отынға қосу жұмыстары басталатынын айтқан. Бірақ бір жарым жыл өтсе де, әлі қозғалыс көрінбейді. Ал аурухана құрылысының созбалаңға салынғанына талай жыл өтті. Ең алғаш құрылыс жұмысын қолға алған мердігер қаржы қитұрқылығымен жауапкершілікке тартылып жатқаны сөз болды. Жұмыстар қайта жалғасатыны айтылды. Бірақ нәтиже көрмей отырмыз. Аудан әкімі тарапынан жыл сайын құрылыс материалдарының қымбаттап жатқаны, бұрынғы қаржының жетіспеушілігі жұмысты жалғастыруға қолбайлау болып отырғаны желеу болып келеді. Ал облыс әкіміне осы мәселе жайында айтуға еш мүмкіндігіміз болар емес. Себебі Қызылорда облысының әкімі Сексеуілге келіп, халықпен бірде-бір рет кездескен емес. Сонда халықтың мәселесін кім қарайды? Ендігі кезекте ел Президентінен пәрмен күтеміз», – деп ағынан жарылды кенттің тағы бір тұрғыны Ғабит Мырзашев.
Бұл емдеу нысанын салуға Қызылорда облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы тікелей жауапты екені белгілі. Соған орай аталмыш басқармадан аурухана құрылысы жайында сұрап көрдік.
Басқарманың мәлімдеуінше, Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухана құрылысын салуға тапсырыс беруші мекеме мен «Атамекен» ЖШС арасында 2019 жылы 26 наурыздағы №41 нөмірлі шарт жасасқан. Шарт бойынша жобаның жалпы сомасы 772 млн 800 мың теңгеге бағаланыпты. Ең алғаш Қызылорда облысы мемлекеттік Сәулет-құрылыс бақылау басқармасының рұқсатымен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу 2019 жылғы 6 маусымда бастау алады. Облыстық бюджет есебінен 2019 жылға 50 млн және 2020 жылы 130 миллион теңге қаралып, игерілсе керек. Алайда тиісті жұмыстар жалғасын табуына кейбір қаржы қитұрқылықтары кері әсерін тигізген.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 20-қосымшаның 9,3-тармағына сәйкес, аталған нысан бойынша төмендегі негіздерге байланысты жұмыс тоқтап қалды. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстарының орындалу мерзімі бірнеше рет бұзылған және ол туралы тапсырыс беруші, техникалық, авторлық қадағалаушы тарапынан мердігерге бірнеше рет ескерту берілген. Басқармамен 2021 жылдың 09 маусымында шарт біржақты бұзылды. 2022 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтауға қалдық қаржысымен мемлекеттік сатып алу порталына конкурс жарияланып, конкурс екі мәрте өтпеді деп танылды. 2023 жылғы 14 наурыз айында жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы №57 шарты негізінде бір көзден алу тәсілімен «Қызылорда облысы Арал ауданы Сексеуіл кентінде 40 төсектік аурухана құрылысын аяқтау» жобасының құрылыс-монтаж жұмыстарын орындауды қалдық қаржысымен бітіріп беру жөнінде «Интегрострой» ЖШС-мен шарт жасалды. Алайда жоба-сметалық құжаттама 2015 жылы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысын алған болатын. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін нарықтағы құрылыс материалдарының бағасы бірнеше есе қымбаттауына байланысты құрылыс жұмыстарына бөлінген қаржы аурухана құрылысын аяқтауға жеткіліксіз. Сондықтан «Қызылорда облысы Арал ауданы Сексеуіл кентінде орналасқан 40 орындық аурухана» нысаны құрылысының жоба-сметалық құжаттамаларына қайта түзету еңгізу жұмыстары жүруде, сараптаманың оң қорытындысы алынған соң тиісті қаржысы бюджеттен сұралып, құрылыс жұмыстары қайта жалғасатын болады», – делінген құзырлы басқарманың жазбаша жауабында.
Сақалды құрылысқа айналған аурухананың ахуалы төңірегінде Арал ауданы әкімдігінен де сұрадық. Аудан әкімдігі тарапынан құрылыс нысанының жалғасын таппай отырғаны тағы сол құрылыс материалдарының нарықтағы бағасының өсуімен байланысты екенін жеткізді. Сол себепті бұған дейін бөлінген қаржы құрылысты аяқтауға жетпей тұрғанын алға тартып отыр. Қазір бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, алдағы жыл еншісінде құрылыс нысаны толық аяқталатынына сендірді.
Ал Сексеуіл халқы құрғақ уәдеден әбден шаршағанын айтады. Төрт жылдан астам уақыт күтумен тағаты таусылған халық ендігі кезекте облыс әкімінен үміт болмаса, Президентке шағымдануға мәжбүр екенін мәлімдеді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы