Соның бірі – Түркияның Alarko Holding атты ірі компаниясы қала аумағында жаңа форматтағы жылыжай кешенін салу бойынша 650 млн АҚШ доллар қаржы көлемінде инвестициялық жоба ұсынды.
Жылыжайда қызанақ теру маусымы
Өздеріңізге белгілі, Шымкент – көкөніс, жеміс-жидегімен шетелдерге де танымал қала. Соңғы жылдары, әсіресе жылыжай саласына қызығушылық танытқан кәсіпкерлерді қолдау үшін мемлекеттік бағдарлама аясында субсидия қаралған. Соның нәтижесінде қала аумағында өндірістік жылыжай кешендерінің қатары көбейді. Қазірдің өзінде қалада көкөніс өсіріп отырған 139 гектар жылыжай бар. Өнімділікті арттыру мақсатында биыл минералды тыңайтқыштар, тұқым шаруашылығын дамыту, пестицидтер мен биоагенттерді субсидиялау бағдарламасы аясында кеткен шығынның 50 пайызы мемлекет тарапынан өтеліпті. Бұдан бөлек, қаланың Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәлімдеуінше, жылыжайларды жылыту мақсатында қолданылған электр қуаты, көмір мен газ шығындарының 20 пайызын субсидиялауды жоспарлап отыр.
Мемлекеттік қолдауға ие болып отырған «Ифтихари» шаруа қожалығындағы жылыжай кешенінде жылына 500 тонна өнім жиналады. Аумағы 2 гектар жылыжайда қазір қызанақ теру маусымы жүріп жатыр. Жұмысшылар қызарған өнімді қораптарға жинап, солтүстік өңірлерге жөнелтпек.
– Жылына екі рет көкөніс көшетін өсіреміз. Ерте көктемде қияр өнімін жетілдірсек, күзгі диқаншылыққа қызанақ ыңғайлы. Жылыжай Голландия технологиясымен жабдықталған. Осы маусымда қызанақтың «Торетто» сортын өсірдік. Әр түп көшет 5-6 келі қызанақ береді. Өнімді қаладағы базарларға мен солтүстік өңірлерге тасымалдаймыз. Диқаншылық үшін жылыжайдың әр гектарына, тұқымға және өсімдікке қажетті минералды тыңайтқыштарға мемлекеттің қолдау субсидиясын алдық, – дейді шаруа қожалық жетекшісі Фаррух Ифтихари.
662 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция жылыжай салынуға бағытталса, Шымкент жылыжайына тең келер өңір болмай қалады.
Мемлекеттік қолдаудың шарапатын көріп отыр
Жалпы, еңбек еткенке мол мүмкіндік бар. Жылыжай салудан бөлек, ауыл шаруашылығының басқа да түрлеріне мемлекет тарапынан қолдау көп. Шымкентте 3 400-ден аса шаруа қожалығы мен фермер бар. Оның ішінде 785-і мал шаруашылығы, 6-уы балық шаруашылығы, 4-і құс және 60 шаруа омарта (бал ара) шаруашылығымен айналысады. Бұл шаруашылықтардың негізгі мақсаты – қала халқын жергілікті жерде өндірілетін сапалы азық-түлікпен қамту. Жыл басынан бері шаруалар 8,8 мың тонна ет бордақылап, қала халқына қажетті 18,1 мың тонна еттің 34 пайызын берген. Шымкенттіктердің жыл сайынғы сүтті тұтыну қажеттілігі 101,4 мың тонна болса, оның 51,4 мың тоннасын жергілікті шаруа қожалықтары өндіреді. Ал құс фермаларында өндіріліп жатқан 141 млн жұмыртқа тұрғындарға қажетті азықтың 83 пайызын қамтып отыр.
Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдаудың негізі міндеті де осы – қаладағы азық-түлікті өз қаламызда өндіру. Мал шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету үшін «Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасымен 2023 жылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен ірі қара, қой, жылқылардың аналық басына арналған жем-шөп сатып алу шығындарын арзандату үшін 234,1 млн теңге қаржы қаралыпты.
Жалпы, қала аумағында 62 965 ірі қара, 72 336 қой, 5 324 ешкі, 10 580 жылқы, 1 305 шошқа, 930 010 құс бар. Сайрам тұрғын алабындағы «Алтынсай» шаруа қожалығы осы мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруасын дөңгелетіп, фермада бүгінде мал басы 1 000-ға жетіп, жылқы мен бөдене шаруашылығын да дамытып отыр.
– Етті бағыттағы ірі қараларды өсіруді 2016 жылы 500 ірі қарадан бастадық. Бұқаларды солтүстік өңірден, ал жылқыларды Ресейден әкелеміз. Өйткені Ресей жылқылары қазақы жылқыға қарағанда ірі әрі етті келеді. Жылқыны 4-6 ай аралығында бағамыз. Тайлар 300 келі, ірі жылқы 500 келіге дейін ет береді. Мемлекеттен аналық жылқы үшін субсидия аламыз. Мұндай қолдау шаруашылықты кеңейтуге біршама көмек болды. Ай сайын 250-300 жылқыны бордақылап, 75 тонна ет аламыз. Ірі қараны бағу мерзімі көп уақытты алады. Сондықтан айына 150-200 басты бордақылаймыз. Жылына 750 тонна жылқы, 650 тонна ірі қараның етін Шымкент қаласынан бөлек, Астана мен Қарағанды қалаларына тасымалдаймыз, – дейді қожалық жетекшісі Сардар Қожахметов.
Бұған қоса, қожалықта еті мен жұмыртқасы адам ағзасына өте пайдалы, түрлі ауруға шипа болатын бөдене құсын да асырауда. Бүгінде 40 мың бөдене өсіріп отыр. Оның жұмыртқасы мен еті қала аумағымен қатар, көршілес облыстар мен Астана қаласына дейін жеткізілуде.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы