Питчингке отандық 22 компанияның өкілдері қатысты. Олар Balapan арнасының алдын ала ұсынған тақырыптық бағыттары бойынша 32 жобаны таныстырып, саладағы мәселелерді де ортаға салды.
Ашық талқылауда корпорацияның басқарма төрайымы Ләззат Танысбай питчинг жыл сайын өткізіліп келе жатқанын және бұл анимация өндіретін компаниялар үшін әділ бәсекелестікке мүмкіндік екенін атап өтті. Жыл сайын отандық аниматорлар Balapan телеарнасының тапсырысы бойынша 400 серияға жуық анимациялық жоба өндіреді. Арнаның ең басты миссиясы – бүгінгі күнгі өзекті тақырыптарды анимация арқылы жеткізу.
– Balapan арнасы әуелі балаларға шұрайлы ана тілін сіңіру миссиясын ұстанады. Ең алдымен кейіпкерлеріміздің тілінің таза болуына, оқиғалардың ұлттық мазмұнды қамтуына маңыз береміз. Дәл осындай мақсатпен соңғы бірнеше жылда балалар арнасының эфирінде ұлттық қаһармандарымыз пайда болды. Бүгінгі күні телеэфир арқылы балаларды күнделікті өмірге бейімдеу, балалар арасында қауіптің алдын алу, отбасылық құндылықтарды, этносаралық достықты насихаттау біз үшін маңызды. Balapan арнасы үшін жасалатын әр жоба кішкентай көрермендердің таным көкжиегін кеңейтіп, санасына жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың дәнін себуге, заманауи және дәстүрлі тәрбиенің үйлесімін таба отырып, баланың толыққанды қалыптасуына ықпал етуді мақсат етеді, – деді «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Бұл жолғы жоба ұсынушы компанияларға қойылған басты талап та осы болды. Қазіргі ең өзекті тақырыптардың бірі – бала қауіпсіздігі мәселесі. Idea cinema компаниясы балаларға қауіпсіздік ережелерін көрсетуге бағытталған, түрлі қауіп-қатер, табиғи, техногендік апат жағдайында әрекет ету жолдарын көрсететін «111» жобасын ұсынды. Бұл – телеарна тарапынан талап етілген тақырыптық бағыттардың бірі. Яғни, біздің балалар кез келген жағдайда «111» телефон нөміріне қоңырау шалып, қауіптің алдын алуға болатынын білуі қажет. Бұған қоса, қауіпті болдырмау да маңызды. Бұл ретте QAZART media компаниясының «Есіңде болсын, балақай!» анимациялық жобасының маңызы зор. Мұнда қауіпсіздіктің қарапайым қағидалары көрсетіледі. Келер жылы эфирге шығатын басты жобалардың бірі – Kim company аниматорларының «Болған оқиға» жобасы. Мультхикая балалардың тарихи танымын арттыруды көздейді. Сондай-ақ балалар арасында саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорттық-мотивациялық мультфильмдер, ұлттық дәстүрлі тәрбиені насихаттауды мақсат тұтатын этнотанымдық жобалар да жарық көреді.
Питчинг қорытындысы бойынша, Balapan көрермендерінің сұранысына ие болған «Тоқты мен Серке» жобасының бесінші маусымын, түркі мифологиясы кейіпкерлерін заманауи интерпретациялайтын фэнтези жанрындағы «Ақжелкен» жобасы мен шытырман оқиғалы «Желаяқ» мультсериалының екінші маусымдарын, өзге ғаламшарлықтар туралы «Тұлым» анимациялық сериалының үшінші маусымын жалғастыру бойынша шешім қабылданды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы екі жылдан бері өткізіп келе жатқан «Балдәурен» балалар әндері байқауында үздік шыққан әндер де анимациялық жобалар арқылы кең насихатталатын болады.
Balapan телеарнасына жүктелетін жауапкершіліктің ауқымы өте кең. Ұлттық идеологияның, дәстүрлі тәрбиенің қайнар көзі, балаға қазақ тілін үйретудің теңдессіз құралы ретінде әр ата-ана баласыныңинтеллектуалды, рухани, менталды дамуын біздің арнаға сеніп тапсырады. Бұл – біз үшін маңызы зор міндет», – дейді арна жетекшісі Индира Тұрсынбай.
Талқыланған жобалардың үздіктері келер жылы балалар арнасының эфирінен көрсетіледі. Бұл дегеніңіз – бүлдіршіндер үшін тағы 400 жаңа бөлімнен тұратын анимациялық жоба ұсынылады деген сөз. Balapan бүгінде қазақстандық балалардың сүйікті арнасына айналған. Бұған рейтингтік көрсеткіштер де дәлел. TNS Central Asia компаниясының зерттеу қорытындысы бойынша қазір балалар арнасы еліміздегі ірі 25 арнаның ішінде 7-ші орында тұр.
Бұған қоса, салада жұмысын енді бастаған жастарға да мүмкіндік берілмек, питчингке қатысқандар арасынан ең үздік идея ұсынған жас мамандар да таңдалады. Телеарна, осылайша балалар өнімін жасайтын компаниялар санынан арттыруға мүдделі. Ашық талқылауға қатысқан мамандар отандық анимация нарығындағы жалпы ахуал жайлы пікірлерін ортаға салды.
Батырхан ДӘУРЕНБЕКОВ,
САҚ» ЖШС:
– Balapan арнасы ұйымдастырған питчингте тек жоба ұсынып қана қоймай, анимациялық өнімдерді бағалауға, сапасын арттыруға қатысты ұсыныстар айтылды. Анимация жасауды жаңадан бастағандар мен тәжірибелі компаниялардың бірдей тарифпен жұмыс істеуі дұрыс емес. Сол себепті тарифті әртараптандыру қажет. Кепілхат туралы бастамаға қуандық. Қолымызда жобаға міндетті түрде келісімшарт жасалады деген кепілхат болса, еш алаңсыз сценарий жазу, кейіпкерлер моделін салу жұмыстарына кірісіп кетеміз. Анимация жасауға қомақты қаражатпен қоса, уақыт қажет.
Дильшат РАХМАТУЛЛИН,
Dala animation group ЖШС:
– Бізде шетелдік өнімдерден кем түспейтін мультхикаялар өндіре алатын компаниялар қатары жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, үш жыл бұрынғы 3D графика мен қазіргі техникалық мүмкіндіктер арасында, туынды сапасында айтарлықтай айырмашылық бар. Ал көркемдік кеңес тарапынан жаңа компанияларға қатысты айтылған талаптармен толық келісемін. Бұл салаға енді қадам басқан компаниялардың қызметкерлері анимация, режиссура бойынша кәсіби біліктілігін арттыруы қажет. Маманның кәсіби деңгейі көтерілген кезде қаржылық мәселелер де шешіледі.
Дамир ҚҰТБАЕВ,
ASD production ЖШС:
– Қазақстанда анимацияның қарқынды дамуына кедергінің бірі – қаржының аз бөлінуі. Десе де, биылғы жылдан бастап анимациялық өндіріске тарифтің көтерілуі оң әсер етері сөзсіз. Бәсекеге қабілетті сапалы өнім дайындау үшін маңызды дүниенің бірі – осы. Қаржының жетіспеушілігі шығармашылық жұмыстарды шектейді. Бұл салада нағыз кәсіби мамандармен жұмыс істеу де арзан тұрмайды. Осы жерде тағы бір мәселенің ұшы шығып тұр. Ол – анимация саласын жетік меңгерген мамандардың тапшылығы. Жас дарынды суретшілер мен аниматорларды дайындау үшін арнайы білім беру бағдарламалары мен ресурстар да жеткіліксіз. Сондай-ақ студия жабдықтарының және техникалық құралдардың болмауы – жоғары сапалы жобаларды жасаудағы қиындықтардың бірі. Сол үшін де Қазақстандағы анимациялық студиялардың әлемдік нарыққа шығуы, әлемдік нарықтағы бәсекелестікке төтеп беруі оңайға соқпайды.
Қасиет САҚИОЛЛА,
QAZART media ЖШС:
– Қазақ анимациясында жобалардың көбеюі мен бәсекелестіктің артуы мамандарға деген сұранысты көбейтіп отыр. Елімізде аниматорларды дайындайтын екі үлкен оқу орны бар, ал ол жерден білім алып шыққан мамандар сұранысты қанағаттандырмайды. Оның себебі, біріншіден, мамандар саны аз болса, екіншіден, олар анимацияда маңызды рөл атқарып тұрған 3D техниканы меңгермеген. Оған қоса, анимациялық жобаларға тапсырыс берушілердің жобаны жасауға бөлетін жалпы уақыты өте шектеулі, бұл өнімнің сапасына тікелей әсер етеді.
Саланың дамуы үшін жасалып жатқан қадамдар да жоқ емес. Balapan арнасы биыл тәуелсіз аниматор мамандарды кеңесші ретінде жұмысқа тартып отыр. Бұл арнадағы анимациялық жобалардың деңгейін едәуір жоғарылатты. Одан бөлек, өнімге қойылатын талаптар да күшейді. Соған сай, біздің туындыларымыздың сапасы мен мамандарымыздың біліктілігі де жылдан-жылға арта түспек.
Н.ҚОСАЙ