Өскемендік әйел пәтер алып беремін деген алаяққа 7 миллион теңге берген

Күдікті мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алып беруге уәде еткен.

24 жастағы әйел Өскемен қалалық Полиция басқармасы Ертіс полиция бөлімшесіне келіп, алданып қалғанын жеткізді, – деп жазды Aikyn.kz. 

Оның айтуынша, осы жылдың сәуір айында танысы мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алуға көмектесе алатынын айтқан. Бұған сенген жәбірленуші 7 млн теңгесін бере салған. Алайда сегіз айдың ішінде ол пәтерді де, ақшасын да ала алмады.

"Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері 22 жастағы күдіктіні ұстады. Ер адам өз кінәсін толықтай мойындаған", – деп жазды құзырлы органнан.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігіне ("Алаяқтық") сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.