Қазақстандық футболшының Дания қақпасына салған голы Еуропа чемпионатындағы үздіктер қатарына ілінді

Бұған дейін құрлықтық доданың іріктеу сатысындағы үздік он гол анықтаған болатын.

Футболдан Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыбергеннің Дания қақпасына соққан голы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу сатысындағы үздіктер қатарына ілінді,  деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Ұлттық құрама капитаны Асхат Тағыберген 26 наурыз күні Қазақстан мен Дания арасындағы кездесудің 86-минутында қарсыластар қақпасына гол соққан еді. Сол ойында Қазақстан құрамасы 3:2 есебімен жеңіске жетті.

УЕФА-ның техникалық қадағалаушы мамандары бұған дейін құрлықтық доданың іріктеу сатысындағы үздік он голды анықтаған болатын. Олардың шешімімен Асхат Тағыбергеннің алыстан соққан голын 8-орынға лайықты деп танылды.

Алайда жанкүйерлердің дауыс беруі бойынша, ол 1-орынға шықты.

2 және 3-орындарға Албания құрамасының ойыншылары Ясир Асани мен Кристьян Асланидің соққан голдары лайықты деп бағаланды.