Орал қаласында тұрғыннан 2 миллион теңге бопсалаған 39 жастағы ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Орал қаласының 1984 жылғы тұрғынын қолға түсірді.
Күдікті күш көрсетіп, 31 жастағы тұрғыннан 2 миллион теңге бопсалаған. Оның бұдан бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
«Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 2004 және 2003 жылғы үш күдіктіні ұстады. Бұлар Теректі ауданының тұрғынынан 250 мың теңге бопсалаған. Күдіктілердің барлығы Орал қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған деректер бойынша ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл бап бойынша айыпты деп танылғандар мүліктерін тәркілей отырып, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан шектеледі немесе бас бостандығынан айырылады», – деп хабарлады ведомстводан.