Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясы мүшелерінің аймақтардағы сайлаушылармен кездесуі жалғасуда. Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракция мүшелері Д.Мыңбай, Б.Оспанов, Ф.Қаратаев, Н.Әлтаев өндіріс орындарын, шалғай ауылдарды аралап, халықпен кездесу өткізді.
Аймақтарда Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясы мүшелерінің сайлаушылармен кездесуі жалғасуда. Мәжіліс депутаттары Тарас Хитуов және Сәкен Өтебаев өңірлерге жұмыс сапары аясында Маңғыстау облысындағы Маңғыстау ауданына барды. Алдымен халық қалаулылары Бекі елді мекенінің тұрғындарымен кездесті.
Шара барысында Тарас Хитуов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы басым бағыттар, атқарылған жұмыстар мен қабылданған заңдар жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірді. Сондай-ақ депутаттар «Бизнестің жол картасы», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Нұрлы жер» бағдарламаларын іске асыруды жалғастыру, сонымен қатар елді мекендерге газ тарту, жергілікті маңызы бар жолдарды дамыту, көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
Өз кезегінде Сәкен Өтебаев Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын нақты міндеттер жөнінде айтты. Жиынға қатысушы аудан тұрғындары Мемлекет басшысының Жолдауын қолдайтынын жеткізіп, өңірдегі өзекті мәселелер төңірегінде сұрақтар қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Депутаттар кездесуде қозғалған өзекті мәселелер мен тиімді ұсыныстарды тиісті орындарға жолдайтынын жеткізді. Маңызды жиын соңы қоғамдық қабылдауға ұласты.
Ал Ақтөбе облысындағы шалғай ауылдарды Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Глеб Щегельский, Құралай Қаракен, Сергей Симонов және Асылбек Смағұлов аралады. Іссапар аясында Глеб Щегельский мен Құралай Қаракен Қобда ауданына қарасты Әлия ауылының тұрғындарымен жүздесті. Кездесу кезінде қазақтың батыр қызы Əлия Молдағұлованың 95 жылдығына орай батырдың ерлігін ұлықтау жолында атқарылар жұмыстардың жайы айтылды. Сондай-ақ «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы да сөз болды. Өз кезегінде депутат Глеб Щегельский қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту мемлекетіміздің алға қойып отырған маңызды міндетінің бірі екенін баса айтты. Ол сонымен қатар Nur Otan фракциясы заң шығару қызметінің маңызды нәтижелерінің бірі ретінде заң шығару палатасының қарап, мақұлдаған 34 жобасының 19-ына 483 түзету енгізілгенін атап өтті.
Ал Құралай Қаракен тəжірибелі медицина қызметкері ретінде 2020 жылдан бастап сүйікті саласына енгізілетін жаңалықтарды асқан қызығушылықпен түсіндіріп берді. Тағы бір өзекті мəселе – ауыл-аймақтың асыға күткен «Педагог мəртебесі» туралы заң да айтылды.
Ақтөбе облысындағы тағы бір кездесу Қобда ауданындағы Талдысай ауылында ұйымдастырылды. Бұл ауылдың тұрғындарымен Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Сергей Симонов пен Асылбек Смағұлов кездесті. Басқосуда Асылбек Смағұлов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асырудағы басым бағыттары туралы баяндады. Сондай-ақ тұрғындарды Мәжілістің заңнамалық жұмыстарынан хабардар етті.
– Мал – ауыл тұрғындарының негізгі күнкөрісі болғандықтан, оның маңыздылығы ескеріліп, мал ұрлығына қатысты жаза күшейтілді. Ол енді Қылмыстық кодексте бөлек норма ретінде қарастырылады. Бұл қылмыс кешірілмейді, екі жақтың келісімге келуіне болмайды. Енді мал ұрлағандар 5 жылға, қылмысын қайталаған жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады, – деді ол.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты мас күйінде көлік жүргізгендерге жаза күшейтілгенін хабарлады. Оның айтуынша, мас күйінде көлікке отырғандар 7 жылға, қылмысын қайталаса 10 жылға жүргізу куәлігінен айырылады. Ауыл тұрғындары жазаның күшейтілуі елімізде белең алған қайғылы оқиғалардың алдын алатынын айтып, өзгерістерді қолдады.
Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген халық қалаулылары «Бұлақ BEEF» ЖШС жұмысымен де танысты. Шаруашылық басшысы Қазбек Тапақов «Сыбаға» бағдарламасы бойынша алған 200 млн теңге несиеге 218 бас «Ангус» асылтұқымды сиыр сатып алған. Болашақта репродуктивті шаруашылық құру жоспарда бар. Бүгінде серіктестік 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Осыған дейін Мәжіліс депутаттары Мәртөк, Алға ауданында болды.
Депутаттардың аймақтарға сапары Сыр өңірінде жалғасын тапты. Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының мүшелері Балайым Кесебаева, Абзал Ералиев, Геннадий Шиповских және Смағұл Бақытбек іссапар барысында Арал ауданына барып, аудан орталығынан шалғай орналасқан Атанши ауылдық округі, Жіңішкеқұм елді мекені тұрғындарымен кездесті. Алдымен Мәжіліс депутаттары Арал ауданы Жіңішкеқұм елді мекеніндегі №230 орта мектептің жағдайымен танысып, мектеп ұжымымен жолықты. Кездесуде депутаттар «Педагог мәртебесі» туралы заңдағы жаңалықтарды баяндады. Өз кезегінде мектеп ұжымы педагог мәртебесіне қатысты жаңа заңды ризашылықпен қабылдады. Алайда ұжым қызметкерлері оқулықтарға, кадрлар даярлауға, сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге қатысты министрлік тарапынан тындырымды жұмыстар жүзеге асырылса деген тілегін айтты.
Мәжіліс депутаттарымен кездесуге ауыл ақсақалдары, ұстаздар, медицина саласының мамандары, кәсіпкерлер және жастар қатысты. Әңгіме барысында Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл бұл кездесудің негізгі мақсаты елдегі азаматтардың жағдайын көзбен көру, ауылдық елді мекендерді дамыту, азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытында мемлекет тарапынан жасалып отырған жұмыстардың жүзеге асырылуын, сонымен бірге ашық пікір алмасу арқылы жергілікті жерлердегі негізгі проблемалық мәселелерді анықтап, оларды заңнамалық тұрғыда жүзеге асуына қолдау білдіру екенін айтты. Сондай-ақ халық қалаулылары жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асырудың басымдықтары мен барысы туралы әңгімелеп, олардың заңнамалық жұмыстары туралы баяндады.
Абылайхан ЖҰМАШ