Осыны ескерсек, аймақ агроөнеркәсіп секторы бойынша өзге өңірлерден көш ілгері екенін көреміз. Мәселен, биыл республика бойынша агро өнімдерінің көлемі жағынан «оңтүстік» алға шығып, бюджет донорлары арасында екінші орынға көтерілді. Облыста агросектордың әлеуетін арттыруға басымдық бергенін осы тектес көрсеткіштерден бағамдауға болады. Қазір Түркістан облысындағы жалпы өңірлік өнімнің 30%-ы агроөнеркәсіптік кешенге тиесілі. Сол себепті ауыл шаруашылығы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйвері деуге толық негіз бар.
Республика бойынша биылғы қаңтар-қазан айларында ауыл, орман және балық шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға 778,2 млрд теңге инвестиция жасалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 15,4%-ға артық. Оның ішінде Түркістан облысы Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан кейін көшбасшы өңірлердің үштігіне еніп отыр.
Облыс әкімдігінің мәліметтеріне сүйенсек, биыл ауыл шаруашылығы саласында 16,7 млрд теңгеге 25 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде оның ішінде құны 14,1 млрд теңге болатын 22 жоба іске асырылды. 2023 жылдың алғашқы тоғыз айында сектордың негізгі капиталына 82,2 млрд теңге инвестиция түскен. Осылайша, саладағы агроөнімдер экспортының көлемі 1 250,3 млн теңгеге жетті.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек екенін атап өткен болатын. Сондай-ақ Президент: «Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек», – деп тапсырды.
Осыған дейін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды саладағы өзекті мәселелер назарға алынып, оны жүйелі түрде шешу жолдары қарастырылып жатқанын айтқан болатын.
«Біріншіден, жылыжай шаруашылықтарын қолдаудың жаңа тетіктері жасалып, жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілді. Биылғы жылға бұл мақсатта 500 млн теңге бөлінді. Екіншіден, мақта шаруашылықтарын дамыту мақсатында Global Textile Solution, TST JETISAY TEXTILE, «Cotton Мақта» және Tulpar Textile жобалары жүзеге асырылуда», – деп атап өткен еді өңір басшысы.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жылының аяқталуына орай Түркістанда өткен «Алтын күз-2023» шарасында агроөнімдердің жалпы көлемі жыл соңына дейін 1 трлн 127,3 млрд теңгеге жететіні мәлім болды. Егін жинау мерекесі қарсаңында барлық қала мен ауданнан фермерлер жиналды. Дәстүр бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі және мемлекеттік бағдарламалар бойынша сатып алынған ауыл шаруашылығы техникалары арасында байқау ұйымдастырылды. Шара аясында «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында шаруашылығын кеңейткен немесе жаңадан шағын өндіріс орындарын ашқан кәсіпкерлер өз өнімдерін келушілер назарына ұсынды. Мысалы, Кентау қаласы Қарнақ ауылының тұрғыны К.Қазыханов, Fish Resort ЖШС басшысы балық шаруашылығын дамытуға 6 млн 800 мың теңге көлемінде жеңілдікті несие алған. Оның айтуынша, алғашқы жартыжылдықта 15 жасанды тоғанда бір тонна форель, сазан және тұқы шабақтары шығарылған. Жергілікті мейрамханалар мен кафелер арасында өсірілген балыққа деген сұраныс жоғары. Кәсіпкер бекіре мен ақ амурды да өсіруге ниетті. Ол өз ісін дамытуға мүмкіндік бергені үшін мемлекетке ризашылық білдіреді және тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуға ниетті.
Түлкібас ауданының тұрғыны Е. Нақыпбеков құс шаруашылығымен айналысу мақсатында мемлекеттен бес миллион теңге жеңілдетілген несие алған. Азамат алдымен өз үйінің жанына қосымша қора салып, сонда Ордабасы құс фабрикасынан алған 750 бройлер тауығын өсіріп отыр. Болашақта инкубаторларға жұмыртқа салу да жоспарында бар. Оның айтуынша, аймақта құс етіне деген сұраныс жоғары, сол себепті дайын өнімді өткізуде қиындықтар болмайды деген сенімде.
Дәстүрлі «Алтын күз» мерекесі барысында өңір басшысы ауыл шаруашылығы саласының өкілдерінің орасан еңбегін атап өтті. Соның арқасында аймақтың агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келе жатқанын жеткізді.
– Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі екі есе өсті. Ауыл шаруашылығы дақылдары орналасқан алаң өткен жылдан бері тоғыз мың гектарға ұлғайды. Биыл 3,3 миллион тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Облыс ет экспорты бойынша республикада көш бастап тұр. Өңір экспортталатын ірі қара мал етінің 85 пайызын және ұсақ мал етінің 60 пайызын құрайды. Биыл біз жылыжайларды көмірмен қамтамасыз ету мәселесін шештік. «Тұран су» кәсіпорнының жұмысын жүйелендірді, техниканы жаңартты, су объектілерін қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыстарды мерзімінде орындады, – деді Д.Сатыбалды.
Сонымен қатар жәрмеңке барысында ауыл шаруашылығы өнімдері мен инвестициялар тарту бойынша суырылып алға шыққан аудандар марапатталды. Олардың қатарында қаңтар-қаркүйек айларының қорытындысы бойынша 53,4 млрд теңгеге өнім өндірген Қазығұрт ауданының әкімдігі бірінші орынға шықты. Сондай-ақ ауданда агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына 8,4 млрд теңге және тамақ өнімдерін өндіру саласына 2,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Екінші орын Жетісай ауданының, үшінші орын Сайрам ауданының еңбеккерлеріне бұйырды.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі жағынан ең үздік көрсеткішке қол жеткізген өңірдің бірі – Сарыағаш ауданы. Биыл жыл басынан бері 111,1 млрд теңгеге жуық өнім өндірген ауданның облыстағы үлесі 10,8 пайызға тең.
Сарыағаш – самсыған ауыл шаруашылығы өнімдерімен танымал. Ішкі нарықты былай қойғанда, өңірде өскен жеміс-жидек, дәнді-дақылдар алыс-жақын шетелдерге тасымалданады. Айта кетсек, биыл сарыағаштықтар атқарылған жұмыстардың нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінде экономикалық өсім қамтамасыз етіліп, жиын-терім маусымын жоғары аяқтады. Өткен жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 8,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 134,3 пайызға ұлғайды.
Жақында өткен «Алтын күз» мерекесі қарсаңында Сарыағаш ауданы әкімі Арман Абдуллаев шаруалардың ерен еңбегінің арқасында өңірдің агроөнеркәсіп кешені дамып келе жатқанын атап өтті.
«Күз мезгілі – шаруалар үшін еселей сіңірген еңбектің нәтижесін көріп, табиғаттың сарқылмас сыйының жемісін жинайтын тамаша кезең. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрайтынын ескерсек, аграрлы сектордағы жетістіктеріміз аудан еңбеккерлерінің ортақ жеңісі деп білемін», – деді аудан басшысы.
Мереке аясында ерте көктемнен қара күзге дейін дала төсінде тер төгіп еңбек еткен жергілікті диқан қауымының өнімдері және аталған салада жүрген кәсіп иелерінің азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, жаңа технологияны пайдалана отырып, өнім көлемін арттыру міндеттері әлі де маңызды. Келес ауданы облыс бойынша «аграрлы аудан» атанған өңір. Бүгінде ауданның құнарлы жерінен өндірілген өнімдер де көрші мемлекеттерге дейін экспортталады. Қазір мұндағы агросекторды ілгерілету мақсатында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында биыл Қошқарата, Ошақты, Ақтөбе және Біртілек ауылдық округтерінде көптеген жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2024 жылға қарай «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Келес ауданынан қосымша 5 ауыл мен ауылдық округті жобаға қатыстыру жоспарланған.
Келестік шаруалар жиын-терім маусымын жоғары деңгейде аяқтады. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі биылғы жылдың тоғыз айында 56,6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде мал шаруашылығының үлесі 22 240,1 млн теңге болса, өсімдік шаруашылығы бойынша 16 001,3 млн теңгені құрады. Сонымен қатар 80-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып, ағын су жүйесі тазартылды. Басты мақсат – суармалы жерлердің көлемін арттыру.
Ал Мақтаарал ауданында биыл 61 мың гектар егістік алқапқа түрлі дақыл егілді. Қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысына сай 419,4 мың тонна бақша дақылы, 18 мың тонна көкөніс дақылы, 28,4 мың тонна мал азықтық дақылы, 6,1 мың тонна картоп, 40 тонна күздік бидай, 7,5 мың тонна күріш, 97,1 мың тонна мақта және 11, 5 мың тонна дәндік жүгеріден өнім алынған.
Аудан мал шаруашылығы саласында да айтарлықтай өсім көрсетті. Ет өндіру 4,6 мың тоннаны, сүт өндіру 33 мың тоннаны, жұмыртқа өндіру 5,4 миллион дананы құрап, жылдағыдан үлкен көлемде артып отыр.
Кәсіпкерлік саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер аз емес. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 7,2 миллиард теңгені құраса, биыл 15,2 миллиард теңгеге жетті. Сол сияқты өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі өткен жылы 5,7 миллиард теңгені құраса, биыл 17 миллиард теңгеге жетті. Негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі де өткен жылы 14,5 миллиард, ал биыл 23,2 миллиард теңгені құрады.
Алдағы уақытта өңірде мақта кластерін дамытып, оны терең өңдеуге күш салынбақ. Ол үшін Қытайдан, Өзбекстаннан инвесторлар тартылады. Сонымен қатар ағын суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару технология-ларына баса мән беріледі.
Жақында Кентауға жұмыс сапары барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кәсіпкерлермен кездескен еді. Аймақ басшысы биыл іске қосылған құны 8,4 млн теңге болатын жобамен танысты. Хантағы ауылында орналасқан «Салы Алпамыс» шаруа қожалығы мал бордақылаумен айналысады. Қуаттылығы – 35 бас. Шаруашылықта жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Кәсіпкер жылқыларды жеңілдетілген несие қаражатына сатып алды.
Сонымен қатар өңірдегі «Тәжітдин ата ауыл шаруашылығы» өндірістік кооперативі құс өндірісін қолға алды. Қазірдің өзінде сұраныстың жоғары болуына байланысты аймақта құс және балық шаруашылығы да дамып келеді. Жалпы, Кентауда «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 80-нен астам жоба қаржыландырылды.
«Ауыл шаруашылығы – аймақ тұрғындарының негізгі табыс көзі. Осы себепті мемлекет те секторға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру үшін облыстың 16 ауданында 64 ауылдық округ анықталып, пилоттық жоба аясында 75 кооператив құрылды. Бүгінде жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 миллиард теңге бөлінді. Соның арқасында ауыл шаруашылығын ғана емес, сонымен қатар әртүрлі бағыттағы орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға көптеген мүмкіндік қарастырылған, – деді облыс басшысы.
Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, шағын кәсіпкерлік объектілерін құру арқылы халықтың табысын арттыру, жұмыссыздықты және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды заңдастыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. «Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына «Ауыл аманаты» жобасы бойынша құны 21,4 млрд теңге болатын 4 089 жобаны іске асыруға өтінімдер келіп түскен. Оның ішінде уәкілетті орган 3 766 жобаның ішінен жалпы сомасы 18,1 млрд теңгеге 3 026 жоба мақұлдаған. Қазір 13,9 млрд теңгеге 2 350 жоба қаржыландырылды. Барлығы 3 220 жоба қаражатпен қамтылып, 3 400-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Қазығұрт ауданының агрокөрсеткіштері де жоғары деңгейге жетті. Нақтырақ айтсақ, биыл агроөнімдерінің жалпы көлемі 53,4 млрд теңгені құрады. Статистикаға сүйенсек, өңірде биыл 92 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Соның ішінде астық дақылы егілген 43,9 мың гектар жердің әр гектарынан 22,1 центнерден өнім алынып отыр. Жалпы алғанда, 97 мың тонна астық жиналды.
Ал Жетісай ауданда жұмыс істеп тұрған 21 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде бүгінде 25 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, 10 айда кәсіпкерлер тарапынан 26,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Қаңтар-қазан аралығында негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 19,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 7,8 млрд теңгеге артқан. «Алтын күз» мерекесі қарсаңында аудан әкімі Серік Мамытов биыл көршілес Өзбекстан, Қытай елдеріндегі кәсіпорындарымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыратын жобалар бойынша келіссөздер жүргізілгенін атап өтті. Жетісай қаласындағы резервке алынған 12 гектар жерден шағын өндірістік паркін (технопарк) ұйымдастыру үшін Turkistan әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен қаржы бөлу жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды. Сондай-ақ аталмыш паркте барлық инфрақұрылыммен қамтылған 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, онда 200 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласына ауқымды инвестициялар салу арқылы сектордың әлеуетін арттырмақ. Мемлекеттік қолдаудан тыс негізгі капиталға құйылған қаражаттың да қарымы қомақты. Одан бөлек, облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,4 есеге артып, 751 млрд теңгеден асты. Ал тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларына жетті. Нәтижесінде, 2023-2026 жылдар аралығында облыс аумағында 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Кәмила ЕРКІН