Тұлпар ұрлап тұтылды

Мал ұрлығы – қазақ халқы үшін ежелден лайықты жазалануы тиіс ауыр қылмыс түрі. Иә, бұрынғының барымтасы басқа болса, бүгінгінің ұрлығы мүлде бөлек.

Күзде бір жырғайтын ұрылар қыста тағы да жорыққа шығады. Яғни, қазір – соғым уақыты. Қызылсыраған қала тұрғындары базарды аралағанда көбіне ет жағалайды. Дастарқаннан да үзіл­мейтін осы ас – қыстың қоңы.

Алайда елдің бәрі жеп отырған етінің қандай жолмен келгенін біле бермейді. Біле бермейді емес, білмейді де. Өйткені ешкім саған базарда «бұл мал Сәрсен­байдікі» деп құжат көрсетпейді, сіз болсаңыз «мал қайдан?» деп те сұрамай­сыз.

Биыл да былтырғыдай Қарағанды облысында күз бен қыс мезгілдеріне орай құзыретті орындар блок бекеттер қойды. Былтыр 18 блок бекет қойса, биыл 17-сін орнатты. Айырмасы бір бекетте бол­ғанымен жұмысы көріне бастады. Өз­генің малына жаудай шапқан, бөтендікін ақша деп тапқандар тұзаққа түсе бастады.

Қыркүйек айында республикалық маңыздағы және облыстық тасжолдардың бойына 17 жылжымалы блок бекет қойылды. Криминалдық полиция мен учаскелік инспекторлар тәулік бойы өткен-кеткен көлікті жаппай тоқтатып, жүк салғышты қарап, құжат тексере бастады. Заң бұзғандар жазаланады. 

Алғашқы күндері-ақ қарақ­шылар қолға түсе бастады. Мысалы, Ақ­тоғай ауданында 4 адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Тергеу бары­сында олардың 6 бас ірі қараны жымқыр­ғаны дәлел­денген. 

Ал сол блок бекеттер құрылғанға дейін өңірде мал ұрлығына қатысты 25 дерек тіркеліпті. Соның 10-ы тәртіп сақшыларының қырағылығы арқасында ашылған. Тұрақты түрде мал ұрлығымен айналысып келген 2 бірдей қылмыстық топ ұсталды. 

– Дәстүрлі күздік және соғым уақыты жақындап келеді. Осы уақыт аралығында мал ұрлығы көп болады. Сондықтан мобильдік топ осы қылмыстардың алдын алу жұмысын істейді. Олардың мақсаты – ет өнімдерін тасымалдайтын көліктерді тексеріп, ет өнімдері құжаттарының талапқа сай болуын қадағалау, – деген болатын блок бекеттің құрылу мақсатын түсіндірген  Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Қуат Мақаш.

Бүгінде ауылдағы ағайынның асырап отырған төрт түлігі – тіршілік көзі, кәсіп­керлері үшін мал – инвестиция, бизнес, табыс пен пайда негізі.

Жақында жаға ұстатар жаңалық тарады. Бұл жолы ұрылар таза қанды араб тұқымды бәйге атын ұрлап, сойып алған. Қарағанды облысы Шет аудандық полиция бөліміне 30 жастағы аудан тұрғыны арызданып, белгісіз біреулер халықаралық бәйгеге дайындап жүрген тұлпарын ұрлап кеткені туралы хабар­лаған. Жәбірленушіге келтірілген шығын 1 миллион 500 мың теңге.

– Полиция қызметкерлерімен жүр­гізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шара­лары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 23 және 54 жастағы аза­мат­тар ұсталды. Олардың барлығы Шет ауданындағы блок-бекетте қолға түсті. Күдіктілер ұрланған жылқыны сойып, мүшелеп тастағаны туралы мойындау көрсетпе белгілерін берді. Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады Қарағанды облыстық Поли­ция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Аслан Өскем­баев.

Сондай-ақ басқарма бастығының айтуынша, жыл басынан бастап, облыс аумағында 644 бас мал ұрланып, оның 547-сі иелеріне қайтарылған. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында 13 қыркүйек пен 30 желтоқсан аралығында облыс аумағында «Мал ұрысы» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Іс-шара ая­сында өңірдегі автожолдарға 17 жыл­жымалы бекет қойылды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы