Танымал боксшы Есболат Шарапұлы Нұрманов 53 жасында дүниеден озды. Бұл туралы Ғ.Мүсірепов атындағы қоғамдық қордың директоры Ғабиден Жәкей Facebook парақшасында жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
"Суыт хабар.... арамыздан әйгілі боксер Есболат Шарапұлы Нұрманов мәңгілік мекеніне кетіпті. Егеменді елдің тұңғыш профи-боксері, 17 жасында бокстан КСРО құрама командасының мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Арал өңірінің тумасы. Екеуміз сонау 1987 жылы Ленин атындағы ҚазПТИ-ның Гидрогеология, барлау техникасы факультетінде бір топта оқыдық. 1990 жылдардың ортасынан кеден қызметінде жұмыс істеді. Иманың саламат болсын, Алла Тағала алдынан жарылқасын, досым", – деп жазды Ғабиден Жәкей парақшасында.
Қазақстан бокс федерациясы Есболат Нұрмановтың жаназасы 5 желтоқсан күні таңертең Талғар қаласы Биеке батыр мешітінде шығарылғанын хабарлады.