Мемлекеттің Жогорку Кенеш депутаттары энергетикалық сусындардың саудасына тыйым салатын заң жобасын мақұлдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
24.kg сайтының дерегінше, әлеуметтік саясат комитетінің отырысында «Қырғызстанның аумағына энергетикалық сусындарды әкелуге, өндіруге, өткізуге және сатуға тыйым салу туралы» заң жобасы қаралды.
Бұл заңды ұсынғандардың бірі – жоғарғы кеңес депутаты Ұлан Бақасов. Ол заң жобасы азаматтардың денсаулығын сақтауға және энергетикалық сусындарды тұтынудан болатын зардаптарды азайтуға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, энергетикалық сусынның құрамында үш кесе кофе мен 14 ас қасық қант бар.
Әлеуметтік саясат комитетінің төрайымы Винера Раимбачаева өзінің дәрігерлік тәжірибесінде энергетикалық сусындарды ішкеннен кейін жүрек ауруына шалдығу жағдайлары көптеп кездесетінін айтты. Ол қазір қант диабетімен ауыратын балалар көп екенін атап өтті.
Денсаулық сақтау вице-министрі Бубужан Арықбаева энергетикалық сусындардың зияны туралы да айтты. Оның сөзінше, сусынның құрамында адам денсаулығына үлкен қауіп төндіретін кофеин бар.