Шоқай жайлы кітап неміс тілінде шықты

Берлинде Мұстафа Шоқай туралы кітаптың тұсаукесері өтті. Қазақтың танымал қоғам және саяси қайраткері жайлы туынды неміс тілінде жарық көрді. Аталған шара Берлиндегі неміс-қазақ қоғамы мен қазақ диаспорасының қолдауымен жүзеге асты.

«Мұстафа Шоқай феномені» кітабы қоғам қайраткерінің өмірі мен саяси ғұмырына арналған. Туынды тарихшы Бақыт Садықов пен Мұстафа Шоқайдың жұбайы­ның естеліктеріне сүйене отырып жазылған. Жиында Мұстафа Шо­қай музейінің басшысы Салтанат Сексембаева саяси қайраткер туралы баяндап берді.

— Мұстафа Шоқай – Отаны­мыз үшін аянбай еңбек еткен қайраткер. Сондықтан осындай халықаралық деңгейде шара өткізу өте орынды.  Келешекте осы бағыттағы ынтымақтастығымызды жалғастырмақ ойдамыз. Келер жылы Түркияда Мұстафа Шоқайға арналған көрме өткізу жоспар­ланып отыр. Көпшілік назарына қазақтың біртуар ұлы жайлы мұра­ғаттарда сақталған бірегей қол­жазбалар мен жәдігерлер ұсы­нылады, – деді ол.