Өйткені күн тәртібіндегі 6 мәселе әдеттегіден аз және уақыт бойынша да жиын екі сағатқа жетпейтін уақытта зу етіп өте шықты. Әйтсе де, «аз да болса саз болған» депутаттық сауалдардың саяси салмағы батпандап басып тұрды.
Сонымен, күн тәртібіндегі 4 заң жобасы келісімдерді ратификациялауға арналыпты. Қалған екеуі – ғылым және технологиялық саясат жөніндегі және дипломатиялық қызмет мәселелері туралы құжаттар. Ал он шақты депутаттық сауал су үнемдеуден бастап заңсыз активтерді қайтаруға дейінгі тақырыптарды қамтыды. Онда қоғамдық өмірдегі ірі-ірі фамилиялар аталды. Сол себепті бірден халық қалаулыларына сөз берелік.
«Сайланғанына осы қарашада бір жыл болған президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 7 жылдық құзіреті аясында атқарылуға тиіс программалық міндеті ретінде әлеуметтік әділеттілік орнату – басты бір бағдарламалық бағыты болатынын алғашқы Жолдауында жария еткені мәлім. Ал бұл президенттік парызды орындау – заңсыз жылыстатылған активтерді елге қайтарумен тікелей байланысты екенін де Мемлекет басшысы өз аузымен айтты. Міне, осы аса ауқымды міндетті орындау үшін Президент өз жарлығымен уәкілетті орган – Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрғанына кеше 5 желтоқсанда екі ай болды. Сол екі айдың ішінде бұл комитеттің іс-әрекеті жөнінде тырс еткен хабар жоқ. Комитеттің қызметінен қазақстандық қоғам мақұрым. Мемлекет басшысы белгілеген тапсырмаларды орындау бағытында комитет қандай күштік-структуралық құрылыммен жұмыс істеп жатыр? Бүгінде комитеттің құрамында қанша қызметкер бар? Еске салайын, Президент алғашында комитеттің штаттық саны 130 адам деп белгілеген еді. Комитеттің шетелдік юридикциялармен, халықаралық іздестіру бюроларымен жұмыс істейтін бөлімінде қанша қызметкен жұмыс істейді? Осы өткен екі айдың ішінде елге қайтарылған активтер бар ма? Болса, оның көлемі қандай? Соңғы ашық ақпаратқа қарағанда, сіздер Жәмішевтің «Қазақстан халқына» қорына бұған дейін түскен 850 млрд теңгені малданып отырған жайларыңыз бар сияқты. Сіздер қоғам алдында комитеттің құпия емес алғашқы іс-шараларын жария етіп, көпшілік алдында бір баспасөз мәслихатын беретін уақыт болған жоқ па? Ұрланған активтердің елге қайтарылуын бағып, қазынаға қанша қаржы түсерін бақылап, сіздердің іс-әрекеттеріңізді аңдып отырған қоғам бар екенін ұмытпаңыздар! Ұрланған активтер елге қайтады деген халықтың әзірге үзілмеген үміті мен сенімін күл-парша қылуға сіздердің қақыларыңыз жоқ. Біз де оған жол бермейміз! Президенттің пәрменін, қызмет-қарымы мен ел алдындағы қоғамдық беделін бағамдайтын бүгінгі бір өлшем – ұрланған активтерді елге қайтару екенін сіздерге ескертіп қойғым келеді!» – деді депутат Ермұрат Бапи Бас прокурор Берік Асылов пен Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіковке жолдаған сауалында.
Осы орайда ол қолындағы инсайдерлік ақпаратты депутаттар алдында жария етіп, «ескі Қазақстанға» қызмет қылмақ ойы бар мүдделі лауазымды азаматтарға ескерту жасады.
«Міне, ұрланған активтерді елге қайтарады деп, біз сенім артқан комитет ырғалып-жырғалып жүргенде, «ескі Қазақстанның» өзі бірте-бірте елге қайта бастаған сыңайлы. Құр қайтып қана қоймай, Бас прокуратура мен оның комитеті жым-жырт жатқан кезде, «ескі Қазақстанның» клептократтары ел экономикасын қайтадан басып алуға қам жасауда. Берік Ноғайұлы, Тимур Құлыбаевтың атжалмандары ұрлаған акивтер жөніндегі ақпаратты сіздің өзіңізге қосымша жолдап жіберетін боламын. Ондағы ақпараттарды басшылыққа алсаңыз, «СК Петролиум» серіктестігінен келіп түскен «Қазақстан-Қытай мұнай құбыры» концорциуымынан (директоры Талғат Жұмаділдаев пен оның ұлы Абылай Жұмаділдаевқа қатысты) ұрланып, шетелге тығылған 300 млн доллар активті іздеп қиналмайтын боласыздар! Сөз соңындағы сұрағым: жылыстатылған активтерді қайтару заңын қабылдаған депутаттардың алдында сіздер қашан есеп бермек ойларыңыз бар?» – деді ол.
Келесі бір депутаттық сауал тағы да Бас прокурор Берік Асыловқа және Премьер-Министрдің орынбасары–Қаржы министрі Е. Жамаубаевқа арналды.
«Бүгінгі депутаттық сауалыма әділетсіздіктің шырмауына шырмалып, шырғалаңнан шыға алмай қалған азаматтардың көз жасы себеп. Олар – Алматының әйгілі барахолка базарында сауда жасайтын қандастар. Қақаған қыс пен ми қайнатар жазда, таң атысы кеш батысы контейнерде отырып сауда жасауға мәжбүр жандарды өзін қожайын сезінген екінің бірі келіп тонап жатыр. Бізге жолдаған мына хатында «Кенжехан» базарының саудагерлері бар мәселесін тізіп жазған. Бүгінге дейін құзырлы орындарға қанша арызданса да күштінің дүмі диірмен тартады демекші, қаналған қаржысын қайтара алмай келеді көпшілік. Барахолкадағы саудагерлерден депутаттардың атына келген мына арызға сүйенсек, соңғы 10 жылға жуық уақытта «Кенжехан» базарының иесі Назарбаева Әнипа Әбішқызы болған делінеді. Оның жанындағы адамдар базардағы әр сауда орнын 10 мың АҚШ долларына сатқан. Алайда сату-сатып алу жөніндегі келісімшартты жасамай тек контейнердің паспортын берген. «Келісімшарт талап еткен жандарды «біз базарға мәңгі иелік етеміз, уайымдамаңдар» деп қайтарған. Саудагерлердің дерегінше, аталған базарда 1 000-ға жуық контейнер бар, әрі қарай есебін шығара беріңіздер.
Қолда бар арыздағы ақпаратқа сүйенсек, 2022 жылдың 4 сәуірінде «Кенжехан» базарының 100 пайыз үлесі «Митра «консалтинг» ЖШС мен Розенберг Е.М. деген азаматқа өткен. Бұл базар 640 миллион теңгеге сатылды делінеді. Жаңадан келген базар қожайындары саудагерлерге «контейнерлеріңді 325 мың теңгеден сатып алыңдар» деп талап қойған. Сонда ел 1 орынға 2 рет ақша төлеген. Амалсыз ақшасын берген жандарға тағы да сату-сатып алу туралы құжат берілмеген, тек «келесім» қағазы тапсырылған. Айтпақшы, келісімді сол базардағы нотаруисте жасауға міндеттеген, ол үшін әр саудагер тағы 43 мың теңгеден төлеген. Ол ол ма, әр контейнердің иесінен айына 50 500 теңге ақы алынады деген және бір тәртіп шығыпты. Мұны шағымданған ел айтып отыр. Бұл сорақылық емес пе?
«Төлемесе контейнерлерді мөрлеп, жауып тастайды» деп ашынады жұрт», – дейді аманаттық депутат Нартай Сәрсенғалиев.
Оның айтуынша, саудагерлер 3 талап қойып отыр. Олар – бір контейнерге 2 рет төленген ақшасын бұрынғы немесе бүгінгі базар иесінің қайтып бергені, ай сайын қосымша қаржы жинау мен жұмыс орындарын мөрлеп жауып тастауға қатысты әрекеттердің заңдылығының тексерілуі және шара қолданылуы, Алматыдағы Мемлекеттік кірістер департаментінің «Кенжехан» базарына жүргізген тексеру нәтижелерін Қаржы министрлігінің ұсынғаны. Депутат: «Жыл басында Қазақстанда 722 базар тіркеліпті. Соның бәрінде заңдылық толық сақталып отыр деп айта алмаймыз. Себебі ол жақтағы саудагерлерден де арыздар келеді. Осы депутаттық сауалды дайындау барысында Барахолкадағы «Рахат» және «Евразия» базарындағы саудагерлер де шағымдарын жеткізді. Сондықтан елдегі барлық базардағы заңдылықты тексеру керек деп есептеймін», – дейді.
Аманаттықтар жолдаған келесі бер депутаттық сауал экология мәселесіне арналды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевқа, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповқа Шымкент қаласында орналасқан «ПетроКазахстан Ойл продактс» ЖШС тарапынан, яки Шымкент мұнай өңдеу зауытының маңында орналасқан тұрғындарға келтіріліп отырған экологиялық залал туралы ахуал жеткізілді.
«Өздеріңізге белгілі еліміздегі ең ірі үш мұнай өңдеу зауытының бірі – ШМӨЗ өндірісінің жылдық қуаты 6 млн тоннаны құрайды. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Шымкент қаласына іссапары барысында айтылғандай, зауыттың жылдық қуаттылығын 12 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар зауыттың 50% акциясына Қытайдың Ұлттық мұнай-газ корпорациясы иелік етеді.
Тұрғындардың айтуы бойынша, зауыт тарапынан Экологиялық заңнама талаптары сақталмайды. Түнгі уақыттарда шамамен 02:00-04:00 аралығында дүркін-дүркін улы заттар (залповые выбросы) тасталып отырады. Сол маңда тұратын Еңбекші ауданы Қарабастау (8 932 тұрғын), Қаратөбе (8 756 тұрғын), Бадам (3 562 тұрғын), Жалын (3 474 тұрғын), Жұлдыз (2 758 тұрғын) ауылдарының 27 482 тұрғыны зауыттан шыққан иіске уланып, жаз уақытында үйлерінің терезесін аша алмай отырғанын бірнеше рет мәселе көтерілген болатын. Сонымен қатар тұрғындардың айтуынша, елді мекендерде қатерлі ісік ауруы жиілеп кеткен.
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының өзекті басымдығы ретінде ауаны ластап отырған өнеркәсіптердің теріс істерімен күресетінімізді әрбір сайлаушыға жеткізген болатынбыз. Осы уәдемізді орындау – халықтың аманатын арқалау – біз үшін үлкен жауапкершілік. Әр азамат лайықты өмір сүруге құқылы! Сондықтан жоғарыда аталған елді мекендер тұрғындарының орынды талап-тілектерін Сіздерге жеткізіп отырмын. Осы ретте, аталған өзекті мәселені шешудің мынадай тетіктерін ұсынғым келеді:
Зауытқа халықаралық стандарттар негізінде соңғы үлгідегі сүзгілер мен қондырғылар орнату, кешенді табиғатты қорғау іс-шаралары бағдарламасын енгізу, осы арқылы зауыттың аталған елді мекендердің, тіпті Шымкент қаласының экологиясына кері әсерін барынша төмендету, оның ішінде ШРК (шекті рауалы концентрация) деңгшейін асырмау және К-5 экологиялық стандарты бойынша мұнай өнімдерін өндіруді қамтамасыз ету.
Аталған елді мекендердің көрнекі орындарына ауа құрамының тазалығын көрсетіп тұратын өлшеу құралдарын орнату, сол арқылы тұрғындардың таза ауамен демалып отырғанына көз жеткізуін қамтамасыз ету.
Аталған кәсіпорынға, жергілікті экобелсенділерді тартып, тұрғындармен бірлесіп қоғамдық бақылауды ұйымдастырып, қоғамдық бақылау туралы заңға сәйкес және экологиялық заңнама талаптарын сақтау тұрғысынан тиісті тексеру жұмыстарын жүргізу, нәтижесін тұрғындарға хабарлау.
Зауыт тарапынан Экологиялық заңнама талаптарын бұзу фактілері расталған жағдайда аталған елді мекендері тұрғындарына экологиялық өтемақы төлеу мәселесін қарастыру», – дейді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері атынан сауал жолдаған Данабек Исабеков.
Тоқетеріне келгенде, ел экономикасынан әлі етек-жеңін жинай алмай отырған олигополияның әрбір әрекетіне қоғамның құлағы түрік отыр. Ендеше «Ескі Қазақстан» қарымта қайтара ма, болмаса мәмілеге келе ме – оны уақыт көрсетеді.
Нұрлан ҚОСАЙ