Бұл нысанның жалпы аумағы – 1 048 шаршы метр. Мұнда спорттың бірнеше түрі бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Қасым-Жомарт Тоқаев еркін күрес залы мен шағын футбол алаңын аралап көріп, жас спортшылармен кездесті. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев спортпен шұғылданудың маңызына назар аударды.
Бұдан соң Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасының Ақтөбе облысында жүзеге асырылу барысымен танысты. Президентке осы бағдарлама аясында аймақтағы 209,8 гектар алқапқа көкөніс және бақша дақылдары егіліп, жалпы аумағы 1 гектардан асатын 77 шағын жылыжай салынғаны туралы айтылды. Сонымен қатар 101 кондитерлік цех пен наубайхана, 129 шағын сүт өңдеу, 65 ет өңдеу жобасы іске қосылған. Бұдан бөлек, Ақтөбе облысында 1 210 жаңа жұмыс орны ашылып, 1 062 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Бір ғана Мәртөк ауданының өзінде аталған бағдарлама шеңберінде ұсынылған 195 жобаға 902,5 млн теңге несие берілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен және аймақтағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өнімдерімен танысқаннан кейін жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесті. Президент ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» бастамасы қолға алынғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жобаның тиімді тұстарын атап өтіп, мемлекет шаруаларға, шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсететінін жеткізді.
Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуетімен танысты. Президентке аймақ басшысы Асхат Шахаров өңірдің экономикалық әлеуеті мен перспективті инвестициялық жобалары туралы баяндады. Облыс әкімінің айтуынша, биылғы 10 айда өңір экономикасына 804,4 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,2 пайызға көп. Салынған қаржының негізгі бөлігі, яғни 725,5 млрд теңге жеке инвесторларға тиесілі. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 62,6 млрд теңге, металл кенін игеруге 145,6 млрд теңге құйылған. Биыл жалпы сомасы 57,2 млрд теңге болатын 19 ірі жобаны іске қосу жоспарланған. Барлық инвестициялық жоба үшін жасыл дәліз қағидаты енгізілген. Сондай-ақ Президентке бірқатар инфрақұрылымдық жоба әзірленгені туралы мәлімет берілді. Қазір Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын автожолының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр.
Содан кейін Мемлекет басшысына Ақтөбеде кәріз жүйесін тазарту қондырғысын салу жөніндегі жоба таныстырылды. Құны 53,5 млрд теңге болатын жобаны іске асыру үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінен қаржы тартылмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақтөбе қаласына «Бұхара – Орал» магистралды газ құбырынан үшінші желіні тарту жұмыстары жөнінде баяндалды. Жобаның жүзеге асырылуы қолданыстағы газ құбырларының жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Ақтөбе облысының әкіміне экология мәселесін тез арада шешуді тапсырды.
– Бұл жұмысты міндетті түрде соңына дейін жеткізуіміз керек. Әйтпесе, халыққа зияны көп. Экология мәселесі өте өткір әрі өзекті. Сондықтан бұл мәселеге баса мән беру қажет, – деді Президент.
Бұдан бөлек, ірі компаниялардың өкілдері Мемлекет басшысына өздерінің инвестициялық жобаларын таныстырды.
Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында Президент «Зерде-Керамика Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Индустриалды аймақта орналасқан өндірістік нысанның аумағы – 15 гектар. Зауыт жылына 5 млн шаршы метр өнім өндіреді. Зауыттың атқарушы директоры Дәурен Битеміровтің айтуынша, мұнда шығарылатын керамогранит пен қыш плиталар Қазақстанның батыс өңірлерінің сұранысын толығымен өтейді. Сонымен қатар Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне де экспортталады. Өндірістің барлық жұмысы толықтай автоматтандырылған. Бұл зауыттың ерекшелігі саналады. Жүйе италиялық SACMI фирмасының заманауи қондырғысы арқылы басқарылады. Нысанға 9,2 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. «Өндірісті дамыту қоры» акционерлік қоғамынан қондырғылар сатып алу үшін мемлекет 7,5 млн еуро көлемінде несие алуға қолдау көрсеткен.
Сондай-ақ өңірге жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрына барды. Президент, ең алдымен, Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтың ескерткіштеріне гүл шоғын қойды. Театр жұмысымен таныса келе, Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде халықтың театрға қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев өнер ордасы ғимаратының тозғанын айтып, облыс әкіміне жаңа театр салуды тапсырды.
Президент облыс жұртшылығы өкілдерімен әңгімелесу барысында елімізде заң үстемдігін сақтау және ұрпақ тәрбиесіне баса мән беру керек екенін атап өтті.
– Мен қай жерге барсам да заңның үстемдігі туралы айтып жүрмін. Бұл өте маңызды. Олай болмаса, табысты мемлекет құра алмаймыз. Жастармен кездескен сайын оларды еңбекқор, тәртіпті болуға шақырамын. Жалпы, жастарды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Қазақстанды дамыту – халықтың, мемлекеттің шаруасы, – деді Президент.
Сапар барысында Мемлекет басшысы Ақтөбе қаласында жеке инвестициялар есебінен салынған Smart Bilim мектеп-гимназиясына барды. Президент білім ошағындағы спорт залын, асхананы және шығармашылық ойлау жүйесін дамытуға арналған ArtLab кабинетін аралап көрді. Сондай-ақ 1-11-сынып оқушыларын негізгі ІТ бағыттар бойынша 3D-модельдеуге баулитын ArtNation.kz білім беру жобасымен танысты. Кәсіпкердің жеке қаражатына салынған бұл мектеп-гимназия биыл қыркүйек айында ашылған. Оның құрылысына 5,7 млрд теңге жұмсалған. Нысанның аумағы – 122 мың шаршы метр. Бүгінде мектепте 3 600 оқушы білім алып жатыр. Мемлекет басшысы мектеп оқушыларымен әңгімелесіп, олардың оқуда табысты болуына тілектестік білдірді.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Heriot-Watt университетінің Ақтөбе қаласындағы филиалын аралап көрді. Білім ордасында еліміздің 9 өңірінен келген 300 студент оқып жатыр. Олардың 35 пайызы – ауыл мектептерінің түлегі, ал 42 пайызы – әлеуметтік жағдайы төмен санаттағы отбасылардың балалары. Бұл филиал Мемлекет басшысының жоғары білім беру жүйесін қайта құру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында ашылған. Президентке берілген мәліметке сәйкес электр энергетикасы, мұнай инженериясы және энергетикалық менеджмент, компьютерлік инженерия мамандықтары бойынша кадр даярлау ісі ағылшын тілінде жүргізіледі.
Мемлекет басшысына студенттердің Heriot-Watt университетінің Малайзиядағы, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі, Шотландиядағы филиалдарында білімін жалғастыру мүмкіндігі бар екені жөнінде мәлімет берілді. Филиал түлектері Heriot-Watt University мен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің дипломдарын бірге алады.
Ғылыми жетістіктерге арналған көрмені аралау барысында Президентке жоғары оқу орны ғалымдарының жаратылыстану, техникалық және гуманитарлық ғылымдар саласындағы әзірлемелері таныстырылды.
Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе қаласындағы үстел теннисі орталығына барды. Президентке орталықтың директоры Әсет Сағымбаев нысанның жұмысы жайында баяндап берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынған бұл спорт кешені халықаралық стандарттарға сай келеді. Кешеннің барлық корты сертификатталған және құрал-жабдықтары Еуропадан әкелінген. Мұнда әртүрлі жастағы кәсіби спортшыларды дайындауға және халықаралық, әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік бар. Бүгінде орталықта 268 бала үстел теннисімен айналысады.