Polisia.kz порталының хабарлауынша, бұрын алаяқтық әрекеті үшін сотталған азаматты Көліктегі полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері қолға түсірген.
Күдікті Семей арқылы өтетін пойыздарға жолаушы ретінде мініп, жолаушылар тасымалы саласы қызметкерлерін телефонына түсіріп отырған. Артынан бейнематериалдарды жариялайтынын айтып ақша бопсалайды екен.
– Бұл қылмыс ұзақ уақыт бойы полиция қызметкерлерінің назарынан тыс қалып келген, себебі жәбірленушілер қорқып, құқық қорғау органдарына жүгінбеген. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына «сигналдар» түсе бастағаннан кейін ғана күдіктінің заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қойылды. Қаскөй ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды, – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Аталған қылмыстық іс бойынша жолаушылар пойыздарының 60-тан астам қызметкері жәбірленуші ретінде танылып отыр. Алдын ала тергеу нәтижесі бойынша ұсталған адамның банк шоттарына 2021 жылдан бері 48 млн теңгеден астам қаражат түскені анықталған. Қылмыстық іс сотқа жіберілді.
Құқық қорғау орындарының мәлімдемесінде күдіктінің аты-жөні айтылмады.
Айта кетейік, Семейде осыған ұқсас оқиға биыл сәуір айында да тіркелген болатын. Tengrinews.kz порталы редакциясына хабарласқан Қызылорда облысының тұрғыны, Қызылорда – Семей жолаушылар пойызының бастығы Нұрбол Ақтаев өзін бейтаныс азамат бопсалап, қорқытқанын айтады. Н.Ақтаевтың айтуынша, өзін блогер деп таныстырған семейлік 2022 жылдың қазан айында пойыз бастығына келіп, егер 750 мың теңге ақша тауып бермесе, пойыз құрамында жұмыс істейтін жолсеріктердің заңды бұзғаны жайлы түсірілген бейнематериалды жариялайтынын айтып қорқытқан. Осы оқиғадан кейін көп ұзамай жұмысынан шығып қалғанын айтқан Ақтаев редакцияға бопсалаушы блогерді жауапқа тартып, өзін ақтап алу үшін күресетінін жеткізеді.
Бұл екі ұқсас оқиғаның бір-біріне қатысы бар ма, әзірге нақты дерек жоқ. Дегенмен блогерлердің ақша бопсалап, қысым көрсететін әрекеті бірінші рет тіркеліп отырмағаны белгілі. Өткен айда ғана Петропавлда кәсіпкерден 50 миллион теңге бопсалаған екі блогер ұсталды. Polisia.kz порталы хабарлағандай, 33 және 34 жастағы азаматтар қаладағы сауда желісінің басшысынан 5 млн теңге алып жатқан кезде қолға түскен. СҚО ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының мәліметінше, 2022 жылдың басынан бастап тұтынушылардың құқығын қорғауды ұран еткен екі азамат Петропавлдың сауда нүктелерінде рейдтер жүргізіп отырған. Олар мерзімі өткен өнімді сату фактісін желеу етіп, арандатушылық сипатындағы бейнероликтер түсірген. Бопсаға құныққандар сауда желісінің өңірлік директорынан өз әрекеттерін тоқтатуға 50 млн теңге ақша талап етіп, сол соманы 5 млн теңге көлеміндегі бөлігін алып жатқан жерінде қолға түсті.
Блогерлік қызметін бопсалаушыға айырбастап, тұтылғандар қатары толастайтын түрі жоқ. Бір қызығы, бәстесіп алғандай бәрінің сұрайтыны – 50 млн теңге көлемінде. 2022 жылы 14 желтоқсанда Жемқорлыққа қарсы қызмет блогер Тоқберген Абиевті ЖШС заңгерінен 50 млн теңге пара алған сәтінде қолға түсірсе, сол жылы жазда блогер Махамбет Әбжанов та кәсіпкерден 50 млн теңге бопсалады деп құрықталған-ды. Ал журналист, блогер Михаил Козачковтың былтыр желтоқсан айында Telegram-арнасын қылмыстық топтың талабына бейімдеп, 52 млн теңге сыйақы алғаны дәлелденіп, 3,5 жылға шартты жазаға кесілгені мәлім болды.
Әдетте блогер деп интернет қолданушы тұлғаларды, өзінің каналын, сайтын, парақшасын жүргізетін шығармашылық қабілеті бар жандарды айтамыз. Олар – өздерінің жазылушысы, оқырманы, көрермені үшін белгілі бір көзқарас қалыптастыратын тұлға. Елімізде блогердің ресми мәртебесі биыл қыркүйек айында күшіне енген «Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама» туралы заңда бекітілді. Қоғамда онлайн-платформаларды қолданушы блогерлер туралы «инфлюенсер (блогер)» ұғымы қалыптасты. Алайда олар осы заң аясында жұмыс істеп жатыр ма? Блогердің азаматтық ұстанымы қаншалықты айқын?
Алмас ТОҚАБАЕВ,
блогер:
– Негізі, шынайы блогер мен қазіргі тырнақшаның ішіндегі блогерлердің айырмашылығы жер мен көктей. Әлеуметтік желі пайда болғаннан бері блогерлер өз ойын көпшілікке жеткізу арқылы қоғамдық пікір қалыптастыра бастады. Осы кезде билік те мемлекеттің саясатын жүргізу және тағы басқа мақсаттарда блогерлерді өз мақсатына пайдаланды, ақысын төледі. Бұл тәсіл блогерлер жұмыс істейтін нарыққа ақша әкелді. Осылайша, біртіндеп көлеңкелі нарық қылаң берді. Ақша кірген соң арнайы бопса жасайтын жеке «көсемдер» шықты. Біз оларды «инфотеррорист» деп айтамыз, яғни ақпараттық террор жасаушылар. Олар белгілі бір тұлғаның, топтың ақпараттық саясатын жүргізеді, мүддесін көздеп, сойылын соғады. Кейіннен ақшасы таусылған кезде жалт беруі де мүмкін. Бопсалау арқылы ақша табатындар қатары көбеймесе, сиремейді. Қатал жаза алғанға дейін бұл процесс жалғаса береді. Сондықтан ақпаратты ажырата білу, қоғамды манипуляциядан қорғау үшін қолы таза емес, ниеті арам блогерлерді жазалау ісін жақтаймын. Ол басқаларға сабақ болуы керек, сол кезде барып ақпараттық алаң тазаланады.
Өркен КЕНЖЕБЕК,
блогер:
– Өкінішке қарай, бізде блогерлік қызмет дегеннің жеке критерийі жоқ. Ол қанша алаңды қамтып отыр? 300 жазылушысы бар адам блогер ме, әлде 3 мың адамы бар алаңды қамтитын адам блогер ме? Бір жазба жаза ма, әлде күніне 10 жазба, ақпарат жаза ма? Нақты критерийі жоқ дегенім сол. Сондықтан ол әркімнің бойында қандай тәрбиесі бар, құлқыны қандай, құрылтайшысы кім – соған байланысты анықталатын секілді. Қазір біреу сөзді қару ретінде қолданады, біреу ақпараттың киллері болып жүр. Түрлі топтың арасында бітіспес ақпарат соғысы жүріп жатыр, біреулер соған жұмыс істеп ақша тауып жүр. Ол енді әркімнің ар-ұятына, ұстанымына байланысты іс. Ал егер жала жапса, заңды бұзса, блогер жазалануға тиіс. Өкінішке қарай, біздің қоғамның даму сатысында сөз сату кәдімгі бизнеске айналып кеткен. Ол әрекетке блогерден бастап, кәсіби журналистке дейін тартылған. Ақпараттық сайттар да осындай істен ақша тауып отыр. Менің ойымша, блогер бола ма, жеке қарапайым адам ба, кім болса да біреудің жеке шекарасына өтпеу, айыбын ашпау, жала жаппау деген секілді элемантарлы мәдениетті білуі қажет. Ол – заңмен бекітілген норма.