Мектепте смартфондарды арнайы сөмкеге салуға мәжбүрлеуде

Мектеп оқушыларына сабақта телефон ұстауға рұқсат беру мәселесі көптеген елде талқылануда. Британдық оқу жүйесіндегі элиталы мектептер мен мемлекеттік мектептерде смартфон ұстауда шектеулер енгізіле бастады. Мұндай тыйым басқа елдерде де бар.

BBC News жақында тағы бір британдық оқу орны оқушылардың смартфондарын мектепте арнайы қалталарға салғызу туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Aikyn.kz арнайы сөмкеге салынған телефонды балалар оқу кезінде неге қолдана алмайтынын түсіндіреді.

Фото Shutterstock сайтынан алынды

Лондоннан 100 шақырым жерде орналасқан Эшфор қалашығындағы (Кент графтігі) академияның оқушылары сабақ кезінде ұялы телефондарын қолданбай жабық сөмкеге салып жүрулері тиіс. Джон Уоллис академиясы бұл шараны жаңа жылдан бастап енгізбекші. Академия директоры Дэмиан Макбиттің айтуынша, бұл ереже мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданған. Макбит мырза академияның смартфондарды сөмкелерге салу ережесі Кенттегі алғашқы мектеп болатынын айтқан.

Ол: «Бұл барлық мектептердің алдында тұрған және шешуге тиісті мәселе. Менің ойымша, біз арнайы сөмкелерді телефондарды оқушылардан тартып алмай-ақ шектеуге мүмкіндік беретін әдіс деп ойлаймын».

Джон Уоллис академиясының директоры Дэмиан Макбит. Фото The John Wallis Academy сайтынан алынды

Академия математика мен есептеуіш техникасына маманданған, атақты ағылшын математигі Джон Уоллистің атымен аталған. 2012 жылы ресми түрде 3 пен 19 жас аралығындағы балаларға арналған академияға айналды, ол бастауыш және орта мектеп жасындағы оқушыларды оқытады. Академияда 1 400 оқушы білім алады. 

Жаңа жылдан кейін академияның әрбір оқушысы мектепке кіргенде телефонын сөмкесіне салуға міндетті. Бұдан кейін смартфон бұғатталып, магниттік тексеруден өткізіледі.

Академия директоры: «Кейбір оқушылар өз құрылғысына тәуелді болып, үйдегі ата-анасымен немесе басқа біреумен үнемі байланыста болу қажет деп ойлайды. Бұл шешімді қолдап: «Ақыры бұл шешім қабылданды-ау. Рақмет» деген оқушылар да көп болды. Өйткені олар мектепке білім алу үшін келгендерін жақсы түсінеді. Мектеп оқушылары білім алатын және достарымен жүзбе-жүз араласатын орын болуы керек», – деп түсініктеме берген.

Фото vd-tv.ru сайтынан алынды

Білім министрлігінің (DfE) өкілі: «Біз Джон Уоллис академиясының мектептегі ұялы телефондарға тыйым салуын қолдаймыз, осылайша оқушылар өздерін алаңдататын нәрселерден арылып, тек оқуға көңіл бөледі және өседі. Директорлар олардың мектептерде ұялы байланысқа тыйым салу шешімдеріне DfE қолдау көрсететініне сенімді болуы керек», – деген мәлімдеме таратқан.

Aikyn.kz Ұлыбритания Королі Карл III оқыған Шотландиядағы мектеп-интернат смартфондарды пайдалануға тыйым салғаны туралы материал жариялаған еді. Гордонстоун оқушылары күндіз телефондарын интернат үйінде қалдырып, түнде қызметкерлерге тапсыратын болған. Оқушыларға телефондарын сабақтан кейін бірнеше сағат бос уақытында ғана қолдануға рұқсат беріледі.

Қазақ елінің мектептерінде де телефон қолдануды шектеуді енгізетін уақыт жақындаған сияқты. Оқушылар бөтен құралдарға алаңдамай, білім алуға ғана көңіл бөлуі үшін британ мектептеріндегідей шешімдерді қабылдау керек шығар. Сіз қалай ойлайсыз?