Батыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол-көлік апаты болып, соның салдарынан 3 адам қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға бүгін, яғни 7 желтоқсанда таңғы сағат 08.15 шамасында Жәнібек ауданына қарасты «Көлтабан» ауылдық округінен 10 шақырым қашықта болған.
«Тойота Камри» маркалы автокөліктің 1993 жылы туған жүргізушісі рөлге ие бола алмай, аударылып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан аталған автокөліктің 1940, 1945 және 1970 жылдары туған жолаушылары оқиға орнында қаза тапты. Автокөліктің жүргізушісі мен 1992 жылы туған жолаушысы түрлі жарақатпен Жәнібек ауданының аудандық ауруханасына жеткізілді», – делінген хабарламада.
Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі ("Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Полиция департаменті жүргізушілерге жолда мұқият болуды ескертеді.