«AMANAT» партиясы әйелдер қанатының I отырысына қатысушылар Әділетті Қазақстанды құру ісіндегі әйелдер рөлін талқылады.
«AMANAT» партиясы әйелдер қанатының I отырысына өңірлерден келген 100-ден астам белсенді әйел қатысты. Олар екі күн бойы әйелдердің мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне қатысу аясын кеңейту, кәсіпкер әйелдерді қолдау және инклюзивті қоғамды дамыту мәселелерін талқылады.
Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, әйелдердің құқығын қорғау және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселесі әрқашан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін атап өтті.
«Әйелдер қанаты өз жұмысын бастағаннан кейін гендерлік мәселелер биік мінберден жиі айтыла бастайды. Біз белсенді әйелдердің басын қосып қана қоймай, шешім қабылдауға және жауапкершілікті өз мойнына алуға қабілетті көшбасшы әйелдердің жаңа буынын қалыптастыруымыз керек. Қазірдің өзінде партиямыздың қатарында жауапты жұмысқа, оның ішінде депутат, әкім лауазымдарына дайын әйелдер өте көп», – деді ол.
Делегаттар Президент Жолдауы мен оның сайлауалды бағдарламасы, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында елімізде ана мен бала бақытты өмір сүруі үшін жағымды жағдай жасалып жатқанына назар аударды. Атап айтқанда, бала күтіміне берілетін төлем 1,5 жасқа дейін ұзартылды, көпбалалы аналарға тағайындалған жәрдемақы мөлшері ұлғайтылды, әлеуметтік жағдайы осал отбасыдан шыққан 100 мыңнан астам бала балабақшаларда тегін тамақпен қамтылды, ал 2024 жылы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» деп аталатын мүлдем жаңа бағдарлама іске қосылады.
Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың шамамен 30%-ы қыз-келіншектер екенін атап өтті. Ал қаржылық сауатты арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасы түлектерінің 58%-ы – көпбалалы аналар.
Өз кезегінде, Тараздан келген делегат, «Жан Шуақ» сыйлығының лауреаты Анар Бексұлтанова әйелдер мен әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдаудың маңызына тоқталды.
«Біз бірлесіп бизнесті ғана емес, сонымен қатар, кез-келген қиындықты жеңіп шығуға дайын күшті, шешімді әйелдер қауымдастығын құрамыз. Менің тігін шеберханамдағы әр тігіс инклюзивті болашаққа жасалған қадам саналады. Онда әрбір адам физикалық ерекшелігіне қарамастан, қоғамға өз үлесін қосып, шығармашылығын шыңдай алады», – деді ол.
Көкшетаудан келген делегат Айнагүл Балташеваның айтуынша, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналарға қолдау көрсету қажет.
«Қабылданған өзгерістердің нәтижесінде, құрдастарымен тең жағдайда білім алып жатқан ерекше балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы енгізілді. Алайда, аймақтарда мұндай мекемелер әлі де жеткіліксіз. Сондықтан мемлекеттік тапсырысты орналастыра отырып, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы оңалту орталықтарын барынша көп ашу қажет», – деді ол.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова іс-шара модераторы болды. Жиынға қатысушылар бірқатар бастама көтерді. Атап айтқанда, өскелең ұрпақты тәрбиелеу және асоциалдық құбылыстардың алдын алу мәселелері бойынша облыс әкімдерінің тұрақты тыңдауын өткізу, әйелдерді скринингтен өткізу және олардың денсаулығын қадағалау мақсатында «Әйел саулығы дені сау ұрпақ кепілі» жаңа жобасын іске қосу сынды ұсыныстар айтылды.
Сонымен қатар, Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарья «QazScience – AMANAT fest» халықаралық ғылым фестивалін өткізуді ұсынды. Әйелдер қанатының тең төрағасы Зарема Шаукенова жаңа Этикалық Кодекс пен «Психологиялық қызмет туралы» заңды әзірлеу жөнінде бастама көтерді. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова өз сөзін әйел көшбасшыларды даярлау әдісіне арнады, ал оның әріптесі Юлия Кучинская – харассмент, гендерлік бюджет және гендерлік сараптама мәселелері бойынша заңдарға түзетулер енгізуді ұсынды.