55 миллион теңгенің тартуы

Адам жаны қысылғанда жедел медициналық жәр­дем қызметіне жүгінеді. Дер кезінде жасалған көмек талай жанның өмірін аман алып қалғаны рас.

Міне, сон­дай сәтте жаныңнан та­была­тын дәрігерлердің жұ­мысы қандай екенін түр­кіс­тан­дық депутаттар өз көзі­мен көрді.

Жақында Түркістан облысы мәслихатының төрағасы Н.Әбі­шов бастаған депутаттар тобы – А.Салимов, М.Тұрысбеков, И.На­маз­баева, Ж.Сүлейменов, Ж.Әбдібаев, Н.Жамалбеков, С.Арыстановтар облыстық жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысымен арнайы барып танысты. Қызметкер­лерімен жүздесіп, орталықтың қызмет ету деңгейін көзбен көр­ді. Мекеменің жұмысымен та­ны­су барысында облыстық мә­с­­лихат депутаты Мағауия Тұрысбеков облыстық жедел жәрдем қызметіне  өкпені жа­санды желдету (ӨЖЖ) аппара­ты­ның 5 данасын тарту етті. Жа­по­ниялық жабдық жедел жәр­дем көлігіне орнатуға ар­нал­ған. Аппарат адамдардың тыныс алуы қиындаған кезде қа­жет.

«Бұл ӨЖЖ пандемия кезінде Жапония елінен арнайы саты­лып алынған. Бір аппараттың құны – 11 миллион теңге. Бүгінде адам баласының басына төнер қауіптің саны көп. Соның бірі – жаза­тайым болатын жара­қат түрлері. Көліктер соғысқанда, күнделікті тұрмыста, құрылыста, өндірісте түрлі дәрежеде жарақат алған жағдайда жедел жәрдем қызметі шақыртылады. Ондайда мұндай құрылғының орны ерек­ше. Сон­дықтан жалпы құны 55 млн теңге болатын аппаратты орталық қыз­метіне пайдалан­ға­ны дұрыс», – дейді М.Сексен­байұлы.

Жедел медициналық жәрдем стансасының құрамында 6 бекет 17 бөлімше және 46 бекет бар. Олар облыстағы 2 миллионнан астам адамға қызмет көрсетеді. Қызметтік радиусы 100 шақы­рым­ды құрайды. Түркістан об­лысы жедел медициналық жәр­дем стансасында 142 бригада, соның ішінде дәрігерлік – 34, фельдшерлік 108 бригада бар. Өңір бойынша санитарлық авто­кө­ліктің жалпы саны – 187. Айта кетейік, аталмыш мекеме биыл­ғы жылы жағымды жаңа­лықтың куәсі болды. Аймақтың жедел медициналық жәрдем станса­сы­на арнап салынған жаңа типтік ғимарат пайдалануға берілді.