Қазақы қара сөздің жолбарысы

Әр оқырманның жиі қайталап оқитын сүйікті шығармасы болады. Бала кезде оқыған кей дүниенің адам жанында жатталып қалатыны тағы бар. Сүйікті кейіпкер де адам өмірінің бір бөлшегі.

Біздің буын Қалихан Ысқақ, Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Тахауи Ахтанов және тағы басқа қазақ әдебиетінің классиктерінің шығармаларын сүйсініп оқыды. Әр жазушының өзіне ғана тән қолтаңбасы бар-ды. Сол қолтаңба арқылы қай жазушының шығармасы екенін жазбай танитынбыз...

Тахауи Ахтановтың қалған шығар­малары бір төбе де, мен үшін «Шырағың сөнбесіні» бір төбе. Жеке кітапханамның төрінде тұрған бұл роман жиі қайталап оқитын, сүйікті кітаптарымның бірі. Соғыс жылдарындағы ел басында түскен нәубетті өзек етіп, Нәзираның басынан кешкен оқиғалары арқылы беруге тырысқан. Қазақ елінің басынан кешкен ашаршылықты, азапты жыл­дардың көрінісін «Шырағың сөнбесін» көркем суреттеп береді. 

Биыл жазушының 100 жылдығы тойланып жатыр. Туған жерінде қалам­гердің атында театр фестивалін өткізсе, Алматыда «Тахауи Ахтановтың шығар­машылық әлеміне» арнап, конференция жасады. Мұның бәрі Халық жазушы­сына арналған құрмет болса керек. 

Қаламгермен бірге жүрген, оның көзін көрген ақын-жазушылар көп емес. Көпшілігі «келместің кемесіне оты­рып» кетіп қалды. Соңында қалған санау­лылардың қатарында ақын Сейфолла Оспан бар. Тахауи мұрасын жинақтап, зерттеп-зерделеп жүрген жан­ның бірі. Тіпті, естеліктерін жинақ­тап, жеке кітап етіп шығарды. Сейфолла аға жазушының жанында көп жүрді. Ол туралы қимас естеліктері де жоқ емес. Ақын аға айтқан естеліктерді қағазға түсірген едік. 

Абдолланы Бердібекке таныстырған Тахауи

«Бердібекпен де, Тахауимен де талай сапарлас болдық», – дейді Сейфолла аға. Бірін-бірі қатты құрмет тұтқан, бірін-бірі ардақтап, қастерлеген аза­маттар ғой. Бірде Алматыға келгеннен кейін бір оңаша тұста Бердіағаңнан Тахауи туралы сұрадым.

«Ол ұлы классик қой. Сосын ол жал­ғыз болсын ба, айналасында өзіндей адамдар жүрмесе, сәні келмейді емес пе? Менің ол жайлы сыр шертуге тілім жет­пейді-ау деймін. Оның үстіне, шын­дығын айту керек. Ондай кеңістік біздің арамызда жоқтың қасы, – деді де, – Мен саған бір қызық әңгіме айтып берейін. Ол кезде осы Тахауи «Қазақ­фильмде! Бас редактор, мен болсам осы Жазушылар одағында проза жағындағы кеңесші болып қызмет атқаратынмын.

Ол қашан болсын, бастықтығы мен жазуын қоса алып жүрген жан. Бір күні бізге соқты. Мен күнделікті жұмысымды түртініктеп отырғанмын. Ол мені ша­ма­лы сөзге тартқысы келіп еді, менің қолым босай қоймады. Сосын сәл тұрды да: 

 – Әй, Бердібек, осы сенің жалақың қанша? – деді. Мен өзімнің қанша алып жүргенімді айттым. Сол мезет Тахауи қолын бір сілтеп, әй-шәй жоқ:

– Сен менің қарауыма кел. Осы жерден алатыныңды екі-үш есе етіп берем, бола ма? – деді. Мен күйбеңдеп қалдым. Екі ойлы болып, күйбеңдеп қалғанымды бірден байқап, қыр соңыма түсті. Содан не керек, қатарынан үш күн келіп, көндіріп алды да кетті. Соны­мен, мен киностудиядан бір-ақ шық­тым. Жалақым шынында да екі-үш есе көп болды. Бұл жөнінде Ақтақаш сө­зінде тұрды. 

Қысқасы, маған «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ, бір ғажап еркіндікке шықтым дейсің. Тағы бір күні жұмыс орнымда отыр едім. Бастығым Ақтақаш та отырған, кенет біреу хабарласып, Тахаң­мен сөйлесіп еді. Ол: «Өзің кел­сеңші, мына Бердібек те отыр. Не нәр­сені де шешуге болады ғой», – деп трубкасын қойды да:

– Бердібек, сен осы, ана балаларға арналған шығармаларыңды киноға бейімдесең қалай болар екен? – деді. – Мен жаңа анау Абдолла деген режис­серді шақырып едім. Кино жағынан ол үлкен талант. Ол саған нағыз таптыр­майтын адам, – дегенінше, екі мұрты едірейіп Абдолла да жетіп келді. 

Тахаң әй-шәй жоқ Абдоллаға: – Мына кісінің үлкен жазушы екенін білесің ғой, – дейді. Ол да: – Иә, иә, – деп жатыр қалбақтап. Тахаң шамалы аңырып қалды да, Абдоллаға бір қарап, маған бір қарап:

– Осы сендер тізе қосып жұмыс іс­тесеңдер қайтеді? – деп жауап күткендей бізге тағы алма-кезек қарады. Алдымен Абдолла жауап берді:

– Бұл кісінің «Менің атым Қожасын» өзім де көптен бері межелеп жүр едім. Енді бұл кісінің өзі келіссе? – деп маған қарады.

– Бұрын-соңды сценарий жазып көрмегенмін, – деп едім. 

Ақтақаш:

– Жазып көрмесең, жазасың. Ана алдыңдағы сценарийлердің қайсысы­ның жақсы, қайсысының жаман екенін көріп отырған жоқсың ба? Оның үстіне, мына Абдолладай іс-тәжірибесі ысыл­ған адаммен бірігіп жасайтын болсаң­дар, бұл қадамдарың сәтсіз болмас. Әумин, – деді де:

– Жүріңдер, мына істеріңнің оңға басуына деп таза ауада сыра-пыра ішіп қайтайық, – дегені. Одан кейінгі істі Ақтақаш заңдастырып берді де, Әбекең екеуміз кірісіп кеттік. Шындығы керек, менікі тек, көбінесе Әбекеңді тыңдау болды. Былай ет десе, былай етем, олай ет десе, олай етем. Бәрібір Абдоллаға төрт аяғы тең дүние беруге жарамадым. Соған шыдамады ма білмеймін, бір күні сценарийді қолымнан алып алды да, әй-шәй жоқ Әбекеңнің өзі кірісіп кетті. Бірақ мені авторлықтан алып тастаған жоқ. Ол да бір ерекше азамат екен. Көп ұзамай бас-аяғы жұп-жұмыр «Менің атым Қожа» атты фильм менің атымды барша әлемге жайды. Әрине, оған се­беп­ші болған деп алдымен өзімнің Ақ­та­қашымды айтар едім. Одан кейін құ­дай менің бағыма Абдолланы тап келтіргенін қарасаңызшы. Одан кейін де Абдолланың мәрттігімен «Балалық шаққа саяхат», «Жүйрік болсаң озып көр» тағы-тағыларына ұласып жүре берді.

Сөйтіп, менің Жазушылар одағында өтетін бар өміріме өзгеріс енгізіп, өзім­нің Ақтақашым ақ жолға алып шыққан. Ол кісіге айтар алғысым да шек жоқ. Сондықтан да мен үнемі Ақтақаштай бастықтың қол астында істегеннен артық жұмақ жоқ деп елге айтып жүрем. Оған деген бар алғысым шексіз.

Ал Абдолланың киногерлігіне еш­кімнің өресі жете қоймас деп ойлаймын. Алдыңғы кезде оның талабына мен де шыдас бере қоймай, сол маңдағы біл­гіш­сымақтардың сөзіне ере жаздағаным да бар. Бірақ ол өзін-өзі «Менің атым Қожа» фильмімен дәлелдеп шыққанда, ол кісінің үлкен қасиетін сонда ғана ұқтым» деп біраз шерін тарқатқандай болған Бердібек ағамыз», –дейді Сейфолла аға.

Ахтановтың ізін жалғаған...

Дулат Ахтанов – төрт баланың кенжесі. Үйдің үлкені Нұрлан, одан кейін екі қыз – Резеда мен Әсия бар. Дулат аға ұзақ жыл оператор болып жұмыс істеген. Алматыда тұратын Дулат ағамен телефон арқылы тілдестік. 

Әкемді еске алсам, артта қалған балалық шаққа еніп кетемін. Мен үйдің кенжесі болдым. Біздің отбасы ор­та­лықтан қашық тұрды. Ұзақ жылдар бойы жеке үйлерде көшіп-қонып жүрдік. Бір күні әкеме төрт бөлмелі пәтер берді. Сол үлкен шаңырақта мен өмірге келіппін. Мен өмірге келгенде әкемнің жасы қырықтан асқан кезі. Орта жасқа келгенде көрген кенжесі бол­ған соң ба, мені айрықша еркелетті. Қайда қонаққа барса да, жанынан тас­тамайтын. Үлкен-үлкен ақын-жазушы­лардың үйінде бірге қонақта болдым. Қазақ әдебиетінің классик­терінің барлығының дерлік көзін көр­дік десем, қателеспеймін. Кішкентай балаға үлкендердің арасында қонақ болу – іш пыстыратын, көңілсіз болса да, ол кісілердің тағылымын естіп өсудің бақыты бөлек еді.

Әкем жазу үстеліне отырған кезде қасына барсаң, бұрылып, басыңнан сипайтын. Ал сол сәттерде шығарма­шылық атты жұмбақ сиқырдың куәсі боласың, ол сезімді сөзбен жеткізу мүм­кін емес. Қаншама жыл өтсе де, сол бір тәтті сезім бұрынғыдай жүрек түк­пірінде қалды. Еске түссе, жаным жадырап, жүрегім жылып кетеді. 

Әкем өте көпшіл адам еді. Ешкімді жатыр­қамайтын, ашық-жарқын, көп­ші­лікпен араласқанды жақсы көретін. Көшеде біреуді көріп қалса да, емен-жарқын әңгімелесіп, сөйлесіп кететін. «Әке, ол сіздің досыңыз ба?» деп сұра­саң, кім екенін өзі де білмейтін сәттері болатын. 

Әкем алғаш ақын боламын деп, өлең жазып бастаған. Бала кезінде жазған өлеңдері де бар. Кейін прозаға көшіп кетті. Алғаш ауылдан Алматыға кел­генінде тіпті орыс тілін білмеген екен. 1940 жылы Қазақ мемлекеттік педаго­гика институтына оқуға түседі. Орыс тілін енді үйреніп, орыс және әлем классиктерінің шығармаларын оқып, аударма ісімен айналыса бастаған кезінде соғыс басталып кетеді. Ол жыл­дары студенттерді соғысқа алмаса да, өзі сұранып, майданға аттанады. Кейін біз ол кісіден сұрағанымызда: «Толс­тойдың «Соғыс және бейбітшілігін» оқыған адамның соғысқа бармағаны ұят болар еді» деп айтып еді. Жалпы, әкем соғыс жылдары туралы, бастан кешкен қиындықтары туралы әңгіме­легенді ұнатпайтын. Өзінің де айтқаны бар: «Жастығымның майданда өткенін білесіңдер. Майдан адамды тазалыққа, әділдікке, тәртіпке үйретеді. Менің іштей бір шүкіршілік қылатыным – осы қасиеттер өзімде де, майдандас доста­рым­ның бойынан да табылады» деген еді. 

Әкем әскери қызметтен 1948 жылы ғана босады. Майданнан келгеннен кейін біраз уақыт әдеби аудармамен айналысқан. Әлем әдебиетін, орыс әдебиеті классиктерін аудара бастады. Сосын әдеби сын жанрына да қалам тартты. Өйткені отбасын асырау қажет болды. Ол кезде үлкен ағам Нұрлан өмірге келген. Бірқатар шығармаларды орыс тілінен қазақ тіліне аудара бас­тады. Олардың қатарында Алексей Толстойдың да шығармалары болды. Өзі оқыған шығармалары туралы сын жанрында мақалалар жазып, онысы әдеби газеттерде, журналдарда жарық көре бастады. Сөйтіп жүріп ойланады ғой: «Жұртқа сын айтқан жақсы, өзім не істеп жүрмін? Мен сондай шығарма жаза аламын ба?» деп. 

Өзі үш-төрт жыл бұрын бастап қойған «Қаһарлы күндерге» қайта ора­лады. Бұл шығарма әкемнің ең алғаш жазған романдарының бірі. Сөйтіп, оның жазушы ретіндегі қадамы осылай басталған еді. Одан кейін де қаншама шығармалар жазды. Драматургия жанры­на да үзбей қалам тартты. Аудар­маны да орта жолдан тастап кеткен жоқ. 

«Қаһарлы күндер» туралы бір жазба­сында: «Бұл романның жазылуы онша көп уақыт алмағанымен, толғағы ұзақ болды. Үш жыл бастан кешкен соғыс туралы роман жазуды көп ойладым. 1949 жылы бас жағын жазып, кірісіп те кеттім. Бірақ жұмысым өнбеді. Ша­масы, келер жылы болар, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Курляндия» романы жарық көрді. Соны оқып шығып, ойға қалдым. Шығарма біраз кемшілігі болса да, маған қатты ұнады. Сонда сол кездегі қазақ жазушыларының басым бөлігінде жоқ, кәдімгі тірі, жанды сурет, бусанып тұрған өмір бөлшектері бар екен. Ал менің бастап қойғандарымның тұрған дәрежесі одан әлдеқайда төмен болатын. Содан өзімнен-өзім жерідім де, жаза бастағанымды тастап кеттім. Кейде болашақ шығарманы ойлап, толғанып жүрсем де, үш-төрт жылға дейін қайтып оралуға зауқым соқпады. Сын мен көркем аудармаға бет бұрып кеттім» дейді. 

Әкем түрлі қызметтерді атқарған. Мәдениет комитетінде жауапты қыз­мет­те жұмыс істеді, түрлі баспаларда редактор болды. Кейін өзім де кино саласында жұмыс істеп жүрген кезімде оның «Қазақфильмде» бас редактор болып қызмет істегенін білдім. Ол кісі туралы киностудияда қызмет атқарған ардагерлерден жылы естеліктер естідім. Ең соңғы қызметі Кітап палатасының директоры болды. Сол жерден зейнетке шықты. 

Қазір Нұрлан мен Резеда жоқ. Екеуі де о дүниелік болып кетті. Нұрлан ағам­нан екі қыз, бір ұл бар. Резеда апам Әбілхан Қастеевтің келіні болды. Екі ұлы бар. Дәурен мен Сауран – Қас­теевтің немерелері, екеуі де талантты суретші. Әсияның екі ұлы бар, менің екі қызым бар. Қызым Мерей атасы секілді сөзге шешен, екі тілге де шебер, білімді. Тахауи Ахтановтың шөберелерінің бәрі талантты, бәрі мықты деп, мақтаныш­пен айта аламын. Осы жолы Ақтөбеде әкеміздің мерейтойы өткен кезде Мерей сөз сөйлеп, атасы туралы әдемі естелігін айтып берді.

Жасандылықтан ада жазушы

Жазушы Дулат Исабеков қаламгер хақында: «Дүниенің басынан тағы бір дүрбелең өтіп, қазақ халқы да соғыстан қалжырап шықты. Міне, дәл осы тұста қазақ прозасының көгінде кенет екі жұлдыз пайда болды. Олар әне-міне дегенше, Алпамыстай тез ержетіп, сәулесі тек қазақ жеріне ғана емес, басқа елдерге де анық көріне бастаған жарық жұлдыздарға айнала бастады. Ол екі жұлдыз – Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Тахауи Ахтанов еді» деп жазады. 

Ол расында қазақ әдебиетінде өз­геше бір соқпақ салды. Оның «Бораны» да, «Қаһарлы күндері», «Махаббат мұңы» да оқырманына ой салды. Сондықтан да болар, «Тахауи Ахтанов деген есім буыны қатайып, қабырғасы көтеріліп қалған қазақ әдебиетінің ауласына еркін еніп, еркін аралап жүре берді». 

Айтқандай, Тахауи Ахтанов пен ақын Қуандық Шаңғытбаев – бір ауылда туып, бірге өскен жандар. Екеуі­нің балалық шағы да, жастық кезеңі де бірге өтті. Отбасы болып та бірге ара­ласты. Қуандық ақынның қаламгерге арнап жазған жырында мынадай өлең жолдары кездеседі:

«Есіңде ме Қарабұтақ, Тахауи,

Ең шеттегі Есмалайға тақау үй,

Бөлмесіне сәби арман сыймайтын

Сабан менен лайдан соққан жатақ үй».

Қарабұтақтан шыққан кішкентай Тахауи Қазақстанның Халық жазу­шысына айналды. Соғыс тақырыбын 1957 жылы жарық көрген «Қаһарлы күн­дер» романын өзгеше өрнекпен жазды. 1960 жылы «Махаббат мұңы» атты әңгіме-повестер кітабы шықты. Бұл туынды да көпшілік ықыласына бөленді. 

Тахауи Ақтанов Қазақтың мемле­кеттік көркем әдебиет баспасында, «Қа­зақфильмде», «Әдебиет және Ис­кусство» (қазіргі «Жұлдыз») жур­налын­да, Жазушылар одағының Қа­ра­ғанды бөлімшесінде, ҚазКСР Ми­нистрлер советінде түрлі қызметтер атқарады. «Жұлдыз» журналының бас редакторы болды. Республикалық Кітап палата­сында директор болып еңбек етті. Қай қызметте болса да турасын айтып, ақи­қат жолынан тай­мады.

Сөз соңын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Көктегі Құдайға емес, жердегі адамға табындырып қойған әнебір заманда да қайсар, өжет жазушының қаламы ра­қым­сыз заманның ырқына көне қой­май, ағысқа қарсы жүзген мұзжар­ғыш кемеше сол кездегі күллі совет қалам­герлері ішінде бірінші болып қырдағы қоңын күн тескен қойшы өмірінің ба­сындағы адам төзбестей ащы шындықты жазды. Бұл Ахтановтың қан майдандағы жанын оққа байлап, жауға шапқан ерлігінен бірде кем түспейтін әдебиет майданындағы азаматтық ерлігі еді. Жарты ғасырға жуық творчестволық ғұмырында азаматтық ары мен жазушы­лық парызын адал ақтап, тірлікте тә­кап­пар басын таққа да, тақта отырған­дарға да иместен, дүниеден шалқақтап басып өтті», – деген баталы пікірмен түйіндегім келеді.

Өз тарапымнан сүйікті жазушымның шығармаларын бір тізбекке салсам, былайша құрылған болар еді:

«Боранда» адасқан жоқ, «Махабба­тына мұң» шақты, «Қаһарлы күндердегі» қиындығын оқырманмен бірге бөлісті. «Антына» адал болды. Бастысы, оның «Шырағы сөнген» жоқ!

Гүлзина БЕКТАС