Жандос Әзімбай: Қаржылық сауат ауадай қажет

«Қаржыны басқаруға қатысты арнайы курсқа қатысып, білімімізді шыңдадық. Қазіргі күн тәртібінде өзекті болып тұрған қоғамның қарыздануы, оның салдары және қаржы пирамидалары мен қаржылық алаяқтық туралы күнде естіп, көріп жүргенімізбен, олардың алдын алу, олардан сақтану жолдарын біле бермейді екенбіз.

Осы кемшілігімізді түзету мақсатында белгілі қаржы сарапшысы Жандос Әзімбайдың 13-17 қараша аралығында 5 күн бойы өткізген «Қаржылық сауаттылықты арттыру» атты арнайы курсына қатысып, қаржылық білімімізді көтердік десек болады. Себебі бұл курс барысында жеке қаржыны басқарудан бастап, отбасылық бюджетті жоспарлау мен үнемдеу жолдары, қарызданып қалудың алдын алу және одан жылдам құтылу әдістері, қаржы пирамидалары мен алаяқтардан сақтану, оларға алданып қалудың алдын алу жолдары мен әдістері түсіндірілді. Сондай-ақ несие түрлері, пайыз ерекшеліктері, қаржыны тиімді пайдалану және шағын бизнесті қолдау мен дамыту мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау гранттары туралы да жан-жақты ақпарат берілді», – дейді Түркістан қаласындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қызметкері Дінмұхамед Келесбаев.

Өздеріңізге белгілі, «AMANAT» пар­тиясы ауыл тұрғындарының қар­­жылық сауаттылығын арттыру мақса­­тында Halyk Bank-пен бірлесіп «Қа­­рыз­сыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Ол туралы Мемлекет бас­шы­сы 1 қыркүйек күні халыққа арнаған кезекті Жолдауында ерекше тоқталып өтті. Президент азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды екенін айт­ты. «Бұл ретте «AMANAT» партия­­сының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқа­­сында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттыр­ды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бір­­­лесіп, оның ауқымын кеңейтуді тап­сырамын. «Қарызсыз қоғам» жоба­сы­­ның игілігін бүкіл еліміз көруі қа­жет», – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Біз осы бағытта халқының 80 па­йы­­зын ауыл тұрғындары құрайтын Түр­кістан облысындағы «Қарызсыз қоғам» жобасының қалай атқарыл­ға­ны жөнінде қаржы сарапшысы Жан­дос Әзімбайды әңгімеге тартқанбыз. 

– Жандос Бекенұлы, жобаның негізгі мақсаты түсінікті. Жалпы жоба жүзеге асқалы Түркістан облысында қан­ша ауыл-аймақ тұрғынының қар­жылық сауаттылығын арттыруға үлес қостыңыздар? Негізінен, қандай тақы­рыптарды қамтыдыңыздар?

– Иә, жобаның негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауа­тын арттыру. Түркістан облы­­сында «Қарызсыз қоғам» жобасы 2023 жыл­дың 2 мамырында басталды. Жоба бойынша биыл облыстағы 12 650 тұрғынның қаржылық сауат­ты­­­лығын арттырып, оларды оқыту жүктелген. 2 мамырда басталған жоба аясындағы жұмыстар 1 желтоқсанға дейін жалғасып, есепті мерзім ара­лығында Түркістан облысының 14 549 тұрғынына курстан өткені жөнінде сертификат берілді. Яғни, өзімізге берілген жоспарды 15 пайыз­ға артығымен орындадық. Оқуға өңір­­дегі 17 аймақ түгелдей қамтылды. Сабаққа қатысқандардың басым бө­лігі – әйелдер. Қатысушылардың ба­сым бөлігінде, яғни 80 пайызының мойнында несиесі бар. Өкініштісі, несиесін төлей алмаған, мерзімі 90 күннен асып кеткен тұрғындар да көп екен. Мәселен, Сарыағаш ауда­нын­да оқуға қатысқан 1 455 адамның 212-нің басында осындай проблема бар. Сайрам ауданындағы 1 945 дәріс алу­шының 197-де, Түлкібастағы 803 қатысушының 129-ында, Қазы­ғұрт ауданында білімін жетілдірген 1 001 адамның 178-де дәл осындай несиесін төлей алмай қарызға кіріп кет­кен жағдай кезікті. 

Жоба барысында 7 қаржы сарап­­шысы ауыл-аймаққа шыққанда дәл қазір ауылдықтарды қаржы мәселесі бойынша қандай жайттар толған­­­­­ды­­­рады, нендей проблемалардың шеші­­мі табылмай отыр, қандай ке­ңес­терге мұқтаж деген талдаулар жүр­­­гізу ая­сында дәріс өтуге кірісіп кеттік. 

Тұрғындарға порталда тіркелуді, жеке кәсіпкерлік ашуға, депозит ашу­ға, ЭЦҚ алуға және несие алуға құжаттарды жинауға көмек бердік. Одан бөлек, азаматтардың кәсіп ашуы үшін бизнес-жоспар әзірлеуіне, отбасы бюджетін, үй сатып алу, бала­­ларды оқыту және тағы басқа да тұр­мысқа қажетті жинақтау жоспарын жасауға жол сілтеп, білімін шыңда­дық. Сондай-ақ жаңа бизнес ашу, ЖК үшін салықтарды есептеу және салық декларациясын толтыру бо­йын­­­­­­ша кеңестер мен Halyk life сақ­­тандыру бойынша кеңес беру және полисті сатып алу, БЖЗҚ-дан зейнет­­­ақы аударымдары туралы анықтама алуды үйреттік. ЖК үшін шот ашу бо­йынша консультациялар, зейнет­­­ақы жинақтарының бір бөлігін емдеу үшін, жылжымайтын мүлік сатып алу үшін пайдалану бойынша консуль­­­­та­циялар, гранттық қаржыландыруға арналған инновациялық жобаның бизнес идеясын қалыптастыру бо­­­йын­­­ша, дербес кредиттік есепті алу­ға кеңес бердік. Сонымен бірге нвес­­­тициялау мәселелерін, яғни акциялар мен облигацияларды түсіндірдік. 

– Тұрғындарға сабақ беру бары­сында олардың қаржылық сауатты­­­лығының деңгейін байқадыңыз ба? Олар сіздердің бекітілген сабақта­­­ры­ңыздан бөлек өздері қандай мәселе­­лер бойынша сұрақтар қойды? Жалпы, қандай кеңестерге мұқтаж екен? 

– Қатысушылардың кері бай­­­­ла­­нысы бойынша тренинг барысында олар отбасылық бюджетті жоспар­­­­лау­­ды, нақты бизнеске ақша салу, екінші деңгейлі банкке депозитке қар­­­­жы жинақтау бойынша практи­­­калық құралдар алды. Аудан тұрғын­дарының банктер мен микрокре­­диттік ұйымдар алдында қарызы бол­ғандықтан, оларға заңгерлік ке­ңес­тер де ауадай керек екен. Бан­крот­­­тық, банк шоттарына және мүл­­кіне тыйым салуды жою, нотариаттық іс-әрекеттер, тіркеу әрекеттері, Қазақ­­­­стан Республикасынан шығуға уақытша шектеу қою мәселелері бо­­йынша 200-ден астам адам адвокатқа жүгінді. Адвокаттар және несиені қайта қаржыландыру және қайта құрылымдау, несиелік берешекті өтеу, сондай-ақ жұмысынан айырылу, денсаулығы және несие бойынша сыйақыны есептеуді тоқтата тұру жайт­­тары жайлы мағлұматтар берді. 

Нәтижесінде, басында осындай шешімін таппай жүрген мәселелері барларға нақты көмек көрсеттік. Олардың есеп айырысулары шеші­ліп, банкроттық туралы арыз берілді. Банктерге несиені қайта құрылымдау туралы өтініш жіберілді, өтініш негі­­­­зінде жаңа кестелер жасалды және қаржысы қайта анықталып, ай са­йын­ғы төлем қысқартылды.

Қатысушылар сабақтың алғашқы күндерінде қаржылық сауаттылық ту­ра­лы мүлдем түсіне бермейтін. Олар­дың қаржылық сауаттылықты қаржы туралы кірістері мен несиеге бөлуге болатын соманы ғана есептеу деп ұғынатынын білдік. Өйткені ха­лық арасында несие мен қарыздың пайда болуының екі негізгі себебі анықталды. Біріншісі – қазіргі қым­­батшылық жағдай. Одан шығу үшін адамдар несиеге және қарыздарға жү­­гінеді. Екіншіден, әркім өз қа­лауы­­на оңай жолмен жеткісі келеді. Қазір адамдардың көпшілігі үшін несиелік ақшаны пайдалана отырып, өз қажеттіліктерін қанағаттандыру қалыпты жағдайға айналған. Адам­­­­дарға олардың осындай жолмен қа­жеттіліктеріне қол жеткізгенімен, соңы үлкен қиындықтарға алып ке­­ле­тінін түсіндірдік. Адамдардың санасында бұл ақша өте оңай келеді деген ой бар. Олар екінші деңгейлі банк­­­терден несиеге ақша және тауар сұрап, қалағанына қол жеткізген. Оқу бағдарламасының толық курсын аяқта­­­­ғаннан кейін қатысушылардың көзі ашылды. Әрекеттеріне өкініш­пен қарады. 

Әсіресе, тренингтің соңғы кү­нін­де жобаның берген мүмкіндігі, білім алғаны және осы бағдарламаны кеңі­нен тарату қажеттілігі үшін шын жү­рек­тен алғыс айтатын адамдарды көр­­­генде жобаның шынында маңыз­­дылығына көз жеткіздік. Саба­­ғы­­мыздың жемісін беріп жатқанына едәуір марқайып қаламыз. Әдетте дәл осы адамдар бірінші күнгі жатты­­ғуларға көп қарсы болатын еді. 

– Иә, өзі дағдарыста жүрген адам­ның бетін бері қарату оңай емес. Олар негізінен барлық кінәні биліктен көруге тырысатынын байқаймыз. Жалпы, тыңдаушылар үшін тың тақырып са­налған, яғни оларды баурап алған са­бақтар болды ма? 

– Дұрыс айтасыз, бастапқыда са­­­­­баққа құлықсыз қарайтындар, сен­­бейтіндер көптеп кездесті. Кейін 1-2 са­бақтан соң-ақ қызығушылығы артып, құлақ түріп жатты. Тыңдау­­­­шылар үшін өте маңызды жаңалық – активтер мен міндеттемелер тақыры­бын талдау болды. Бұл тақырыпта «Өмірді өзіңізге қалай жеңілдетуге бо­лады?» немесе «Кем дегенде, оны қалай қиындатпауға болады?» деген сұраққа жауап бар. Бұл қарызға бат­қан ауыл тұрғындары үшін өте ма­ңызды сұрақ екен. 

Жобаны жүзеге асыру кезеңінде «AMANAT» партиясының өкілдері ай­тарлықтай қолдау көрсетті. Ал Түр­­­­­­кістан облысы аудан әкімдіктері қызметкерлерінің де еңбегі орасан. Одан бөлек, аудан өкілдерінің жобаға қатысушылармен кездесуін ұйым­­­­­­дас­тырған Халық банкі облыстық филиалының орынбасары Нұрбол Нұсқабаевқа да ерекше алғысымды біл­діремін. Осы тұста бір мысал кел­тіргім келіп отыр. Сабаққа қатысқан сарыағаштық ер-азамат өзінің оқи­ғасымен бөліскенде таңырқадық. Шым­кент қаласында тұратын жалғыз қызы балаларымен үйіне қонаққа келіп, әкесінен ойын ойнау үшін те­ле­­фонын сұрап алады. Кейін қыз өзінің ұлын әкесін суретке түсіріп кел деп жібереді. Ұлы атасын бірнеше мәрте түзу тұрғызып суретке түсіріп алады. Қонаққа келген қызы ертесіне бала­­­лары­мен қайтып кетеді. Бір ай­­­­дан ке­­­­йін ол өзінің бірнеше шағын несие бойынша 2 500 000 теңге жоба­­сында жалпы саны 20 несиесі бар екенін бі­леді. Тіпті, депозитіндегі 1 500 000 тең­­­гесін де қызы ұрлап кет­кенін біледі. Ал қызы болса теле­фон­дарын өшіріп хабарласпай қояды. Күйеу баласы «қыз сіздікі, ол мәселе бойынша аралас­­­пай­мын», – дейді. Зейнет жасына таяған жігіт ағасының ескі көлігінен басқа ештеңесі жоқ. Оны сатса табыссыз қалады. Осылай­ша, тығы­­­­­рыққа тірел­ген ол сабаққа қа­тысуға, көмек сұрауға келеді. Са­­рап­шылар тарапынан мәсе­лені шешу үшін бірнеше нұсқа ұсын­дық. Қы­­­зыңыздың үстінен шағым түсіріңіз, болмаса қызыңыз қарызын өтеп, сот­­­сыз ше­шілсін дедік. Банк­­роттық туралы сот өндірісіне жүгінуге де ке­ңес бердік. Соңында есепшоттағы шектеулер жойылып, белгілі мерзім өткен соң банк­роттық туралы сот рә­сімі ресім­делетін болды. 

– Шынында, мына жағдай жаға ұстатады екен. Әсіресе, біз сияқты туыс­тық қарым-қатынасты берік ұс­­­­­танған, алыстағы ағайынның өзін жа­­­қынындай көретін бауырмашыл­­­­дығы басым сенгіш халық осындай қаржы­лық сауаттылықтың кемдігінен алда­­­нып, алаяқтың жиі құрбаны болып жа­татынын білеміз. Басқа-басқа, өз қы­зының құрбаны болу деген енді тіпті сорақылық. Сонда сіздер сабақ өтіп қа­на қоймай, тыңдаушылардың мәсе­лелерін осылайша шешіп беріп отыр­­­дыңыздар ма? 

– Бізге сабақ оқудан бөлек, көмек сұрап келетіндер де көп болды. Жо­ғарыда айтып өткендей, дәріс тың­­даушылардың 80 пайызының бірне­ше несиесі бар және олардың көп­­­­­ші­л­­ігі төлеуі тиіс мерзімнен 90 күн асып кеткен. Сонымен бірге алаяқ­тың құрбаны болғандар да аз емес. Түлкібас ауданы Тұрар Рыс­­­­құлов ауылында тұратын 35 жастағы 5 баланың анасы жұбайы екеуі мал сойып, ет сатумен айналысады екен. Ойда-жоқта алаяқтарға тап болады. Біреулерге көтерме саудамен малдың бәрін жаппай өткіземіз деп алданып қалады. Қазір мал да жоқ, ақша жоқ. Соның салдарынан ауыл тұрғын­­да­рынан алған малдан 7 миллион тең­геге жуық қарызы бар. Қазір үйі арес­те, барлық шот бұғатталған. Осынау мәселені жан-жақты саралап, бұғат­талған шектеудің бірқатарын жоюға, қарыздың жаңа кестесін қарастыруға көмек бердік. Қарыздар бойынша ауыл тұрғындарымен медиациялық келісімдер жүргізілді. Екі азамат қа­рызын кейінге қалдыруға келісті. 

Ал жаскешулік 4 баланың анасы ауылда мәдениет үйінде жұмыс іс­­тейді. Жалғызбасты ананың ай сайын 132 мың теңге жалақысы мен 4 бала­­сына алатын 55 мың теңге жәрдем­ақысы бар. Каспий банктен 1 200 мың теңге, Халық банкінен 1 600 мың теңге несие алған. Банк­­­тер­г­­­е ай сайынғы төлемі 285 мың тең­гені құрайды. Қосымша табысы жоқ. Демек, тапқан табысынан гөрі банк­терге беретін ай сайынғы төлемі көп. Ол «Қарызсыз қоғам» жобасы өзі жұмыс істейтін ғимаратта өтіп жат­қандықтан, сабаққа кездейсоқ келген. Бір қарызын жабу үшін екін­ші несиені алған. Қаржы сарапшысы сот орындаушысымен келіссөздер жүр­гізу арқылы жалақы картасын блоктан шығаруға көмек көрсетті. Келесі жылдың соңына дейін қарыз­­­ды жартылай өтеу туралы міндеттеме хат дайындап берді.

Кей жағдайда қаржыны қалай бас­­қарып, табысты қалай арттыруға болатынын сұрап келетіндер де бар. Соның бірі – Сайрам ауданындағы зейнеткер ана. Ересек балалары бар, зейнетақысы күнделікті тұрмысына жетпейді. Ол қаржылық сауатты­­­лы­ғын арттыруға, сондай-ақ мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға қандай қаржылық қолдау түрлері бар екенін білу мақсатында оқуға келген. Бірақ ол зейнет жасында болған­­­дық­­­­­тан, шағын және орта бизнесті мем­­­лекеттік қолдау бағдарла­­­мала­рына қатыса алмайды. Оның қар­жылық сауат­тылығын арттырып, ауыр­ған кезде жүре алмайтындықтан, оған массаж төсегін сатып алып беруге қол ұшын бердік. Қазір өзі кә­­­сіби мас­­­саж курсында оқиды. Курс­ты тәмамдаған соң Сайрам ауданы Ақ­бұ­лақ ауы­­лының тұрғын­­дарына мас­саж бөл­­­месін ашуды жоспарлап отырмыз.

Тағы бір мысал, орталықтан 50 ша­қырым шалғайда орналасқан мақ­тааралдық 8 баланың анасы, яғни «Алтын алқа» иегері қаржылық жағ­дайының қиындығынан дәріс алу­ға келеді. Балаларына дәрі-дәр­мек алу үшін шағын қаржылық ұйымнан 173 299 теңге қарыз алған. Төлей ал­мағандықтан, өсімі өсіп, есеп­­­шот­та­ры түгелдей бұғатталады. Біздің араласуымызбен атқару қағазын жо­йып, есепшоттардағы шектеулер алы­­­нып тасталды. Қажетті анықта­маларды жинап, жаңа төлем кестесін жасауға көмек бердік. 

Иә, айта берсек, тізім жалғаса бе­реді. Жалпы, біз осылайша ауыл-ай­­мақта нағыз қаржылық мәселеге тап болған тұрғындардың ортасында бо­­­лып, көп жайтқа көз жеткіздік. Қар­­жылық сауаттылықты арттыру ауа­дай қажет екенін көрдік. Бұл жо­ба әлі де жал­ғасын табады деген ой­да­­мыз. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы