Сол тұста И.Кириллов бастаған экспедиция басшысы болып, түрлі сала маманы, оның ішінде: тау-кен, геодезистер, артиллеристер, ботаник, лекарь және 1687 жылы Мәскеуде ашылған Славян-латын-грек академиясының студенттері де болған. Кейін Кириллов өлгеннен кейін 1737 жылы В.Татищев (1686-1750) тағайындалады. Осылайша, бекіністерден соң ірі-ірі қалалар пайда болып, ХІХ ғасыр қазақ халқының саяси-әлеуметтік даму жолында із қалдырған ғасыр деп саналған.
1844 жылдарға дейін Орталық Азия мен Қазақстан жеріне саяхатшылардың сапары 22 рет ұйымдастырылған. Бірақ ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап арнаулы ғылыми экспедициялар жыл сайын жіберіліп отырған.
Сонымен қатар бұл ғасырда атақты Щербина экспедициясы да болғаны мәлім. Ол 1896-1903 жылдары далалық өлкені зерттеу үшін арнайы құрылған. Бір қызығы далалық өлкенің барлық уездерін зерттеуді мақсат еткен бұл экспедицияны құрғанда, Мемлекеттік мүлік министрлігі зерттеу нәтижелерін Қазақстандағы жер саясатын жүргізуге пайдалануды көздеген.
Негізгі міндеті – аумақты табиғи, тарихи жағынан зерттеп суреттеу, осы мәселедегі ауылдар мен болыстардың маңызын, шаруашылық жүргізу, жер пайдалану тәсілдерін анықтау және көшпелі, жартылай көшпелі шаруашылықтарға қажетті жер көлемін белгілеп, оның қоныстандыру қорына алынатын көлемін анықтау болған.
Экспедицияны земство статистигі Ф.Щербинаның өзі басқарған және құрамына қазақ зиялыларынан Ә.Бөкейханов, Ұ.Базанов, Т. Жалмұхаметов, И.Жақсылықов, И.Құдайқұлов, И.Тілекеев, Г.Саркин, Р.Мәрсеков, Е.Итбаев, М.Бекетаев, М.Сатыбалдин, Т.Есенқұлов т.б. аудармашыларды қоспағанда 200-ден аса адам кірген. Сондай-ақ көрнекті географ, орыс географиялық қоғамының мүшесі дала өлкесінің үлкен білгірі А.Седельников те болған.
Бұл экспедиция Ақмола, Торғай және Семей, Омбы, Петропавл, Көкшетау, Атбасар, Павлодар, Қарқаралы, Өскемен, Зайсан, Қостанай, Ақтөбе сынды облыстардың 12 уезін мұқият зерттеп шығады. Десе де 8 ғана облыс кітапта берілген. Алайда жиналған материалдардың негізінде қазақтардың жер пайдалануы жөнінде он үш томдық жинақ 1898-1908 жылдары аралығында басылып, ғылыми айналымға түскен.
Бұл жинақтардың маңызы да сонда – ешбір архивтерден табыла бермейтін тың деректер мен топонимдік жер-су атаулары тамаша берілген. Шаруа ауылдары мен қыстаулардың аттары я болмаса сол ауылдың үлкен ауыл биі немесе ақсақалы деп аты-жөндері тұтас жазылған. Тіпті, отырықшы ауыл болса да сауда орындарының саны мен қай жылы құрылып, қандай үрдісте жұмыс істеп жатқаны да тұтастай берілген. Қыстаулардағы су көздері мен мал басы және оны қолданып жатқан адам саны берілген. Тіпті, 18-60 жас аралығындағы жұмысқа қабілетті адам саны мен 14-15 және 55 жас аралығындағы жартылай жұмысқа қабілетті жандар да көрсетілген. Киіз, жер және ағаш үйлері саны да сайрап жатыр.
Мал шаруашылығы болса, оның ішінде ірі қара мал мен жылқы, түйе шаруашылықтары да, жалға алынған шаруа отбасылары, олардың жейтін жылдық нандарының саны мен мөлшері, егіншілікпен айналысатын шаруалардың неше көлемде қандай дәнді-дақыл егіп, қанша мөлшерде егістік жинағандары да көрсетілген. 7 жылға созылған экспедиция экономикалық қажеттіліктерді ғана емес, жергілікті ресурстарды да зерттеп берген: жер бедері, топырақ, өсімдіктер, су көздері. Әрбір зерттелген учаскенің аудандарға бөлініп, қыстау, күз, көктем, жаздағы жай-күйлері де топтастырылған.
Зерттеушілер тобында болған Әлихан Бөкейханов Омбы, Павлодар, Қарқаралы және Семей уездерінде зерттеу жұмыстарын жүргізген. Атап айтқанда, ол Павлодар уезінің Қызылтау, Алтыбай болыстарына сараптама жасап, сипаттама береді. Сондай-ақ уезд руларының кестесін жасап, қазақ халқы қай кезеңнен бастап осы аймаққа қоныстана бастағанын анықтаған. Қазақ даласының ауызша әдебиеті мен халық шығармашылығы бойынша материалдар жинаған. Қазақ қоғамының рулық құрылымын зерттей келе, қазақтардың шежіресін жазып, картада мекендейтін ұрпақтардың елді мекендерін белгілеп кетеді. Жер мәселесін реттеу бойынша экспедиция материалдарының маңыздылығы туралы айта келіп, зерттеу нәтижелерінің кей тұстарымен келіспейтіндігін де білдірді. Мұндағы маңызды жетістіктерінің бірі – экономикалық зерттеудің жаңа әдістемесін әзірлеу болған. Зерттеудің таңдамалы әдісі негізге алынады. Осы әдіспен қазақ отбасыларының қажеттіліктерінің мөлшері мен қанағаттандыру үшін қажетті жер мөлшерін анықтауға бейімделген формуланы шығарады. Қазақ өмірінің ерекшелігін сипаттау үшін монографиялық сипаттау әдісі қолданылды – жекелеген ауылдарға және тұтас қауымдық-ауылдық топтарға егжей-тегжейлі сипаттама беріледі.
Бұл жинақтар әлеумет назарына ғана емес, тарихшылар мен әдебиет саласының зерттеушілері және заң саласының ғылыми қызметкерлері үшін де таптырмас пайдалы құралдар болмақ.
Мөлдір ТӨЛЕПБАЙҚЫЗЫ,
Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері