Бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі

Түркістан өңірі – еліміздегі халықаралық қатынастар мен бизнестің дамуына қолайлы мекен. Қазір халқы екі миллионнан асатын аймақта 170 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі жұмыс істейді. Оның ішінде 70 мыңнан астамы шаруа және ферма қожалықтарының қатарында.

Облыс болып қайта құрылған соңғы бес жылда инвестиция тарту бойынша үлкен жұмыстар атқарылғанын көреміз. 2018 жылдан бастап өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға шамамен 6,3 млрд теңге инвестиция бағытталды. Негізгі капиталға құйылған қаражаттың көп бөлігі жеке инвесторларға тиесілі. Былтыр тартылған инвестициялар көлемі 8,5 есеге өсіп, 304 млрд теңгені құрады. Биыл қала экономикасына 350 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған.

Статистикаға сүйенсек, биыл 437,7 млрд теңгеге 30 инвес­ти­ция­лық жоба іске қосылды, 5 951 жаңа жұ­мыс орны құрылды. Қазір өңірдің 2023-2026 жылдарға арналған ин­вес­тициялық портфелінде 194-ке жуық жо­ба бар, бұл 16 мың жаңа жұмыс ор­нын құруға мүмкіндік береді. Оның ішін­де тікелей шетелдік инвестициялар та­ғы 2,3 миллиард долларды құрады. Мы­салы, 2023 жылдың 10 айында ин­вес­тиция көлемі 750 миллиард теңгеден асты.

Соңғы 5 жылдағы инвестиция кө­лемі:

2018 жыл – 314,1 млрд теңге;

2019 жыл – 443,5 млрд теңге;

2020 жыл – 705,7 млрд теңге;

2021 жыл – 659,1 млрд теңге;

2022 жыл – 739,5 млрд теңге;

2023 жылдың 10 айында – 751,4 млрд теңге.

Жалпы алғанда, 2023 жылы не­гіз­гі капиталға 908,2 млрд тең­ге инвестиция құйылады деп жос­пар­­лануда. 

Осыған дейін Түркістан қаласында шет­елдік капиталдың қатысуымен ірі ин­вестициялық жобалар іске асырыл­ған. Мәселен, YDA Insaat түрік компа­ния­сы Түркістандағы халықаралық әуе­жайдың құрылысына 72,4 млрд тең­ге инвестициялады. Түркістан Silkway Harbour түркиялық компаниясы қа­­­лада 90,4 млрд теңге сомасына көп­бейін­ді «Керуенсарай» туристік кешенін сал­ды. Ресей – Қазақстан бірлескен «Ге­вел» компаниясы қуаттылығы 50 МВт күн электр стансасын 34,9 млрд теңгеге салды.

Айта кетейік, бүгінде YDA Holding тү­рік компаниясы қалада 570 төсектік көп­бейінді аурухана салып жатыр. Бү­гінде құрылыс жұмыстарының 40 пайы­зы орындалды. Нысан 2024 жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жос­пар­лануда. Сондай-ақ облыс әкімдігінің мәліметінше, 2019-2023 жылдары Түр­кі­стан облысында 10 577 жұмыс орнын құрумен 507,1 млрд теңге сомасына 172 ин­вестициялық жоба іске асырылды.

Инвестицияның көмегімен медициналық нысандар бой көтермек

Түркістан облысында «Ауылда ден­саулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы 49 ме­дициналық пункттің құрылысы бас­талады. Жалпы, өңірде медициналық ор­талықтардың жетіспеушілігі басты мә­селеге айналған. Кейбір ауылды ай­мақ­тарда денсаулық нысандарының жо­ғы анықталған. Өңірдегі өзекті мә­се­лені шешу мақсатында биыл 122 жаңа ны­сан салу бойынша жауапты министр­лік­ке ұсыныс хат жолданып, 49 мед­пунк­т­тің құрылысын жүргізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылмақ.

Аталған бағдарлама аясында қалған 73 дәрігерлік амбулатория, фельд­шер­лік-акушерлік және медициналық пу­нкт­тер­дің кешенді жоспарын әзірлеу қолға алын­ған.

Айта кетейік, Келес ауданына – 20, Мақ­тааралға – 12, Жетісайға – 11, Қа­зы­­­ғұртқа – 7, Сарыағашқа – 7, Түл­кі­бас­қа – 6, Төлебиге – 5, Сауранға – 2, Бәй­­­­дібек, Созақ пен Отырарға бір-бір­ден жаңа құрылыс медициналық ны­сандары қажет. Мәселені жылдам ше­шу­дің жолы инвесторлардың ықпалы бол­мақ. Осыған байланысты «Ата­ме­кен» кәсіпкерлер палатасының облыс­тық филиалында жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен өңір кәсіпкерлері, палата өкілдері қа­тысты. Кәсіпкерлерге медициналық ны­сандар салуға инвестиция салу жө­нінде ұсыныс беріліп, мемлекеттік қол­даулар жайы түсіндірілді.

Алдағы уақытта ғимараттар бой кө­тере­тін елді мекендер қатары анық­та­лып, инфрақұрылымы тереңірек зер­де­ле­неді. Медициналық пункт, ФАП, дә­рі­герлік амбулаторияның жобалық-сме­талық құжаттары бірыңғай үлгіде дайын­далып, ұсынылады. Аталған шара ая­сында Денсаулық басқармасы мен па­лата өкілдерінен құралатын жұ­мыс­шы топ бірлесе жұмыс атқарады.

Жалпы, жоспар іске асқан жағ­дай­да инвесторлардың кү­ші­мен бірқатар елді мекенде медициналық жаңа нысандар ел игілігіне беріліп, ха­­­­лықтың ем-дом алуына қолайлы жағ­дай жасалады.

Көршілес елден мақта шаруашылығына қаражат тартылады

Өзбекстаннан келген кәсіпкерлер Түр­кістан облысында мақта өңдеу, Был­ғары және жеңіл өнеркәсіп жобаларын ұсын­ды. Кәсіпорындар бірлескен өн­дірістерді іске қосуға 5 млрд теңге салу­ға дайын. Түркістан облысының әкімі Дар­хан Сатыбалды кездесуге Өзбек­стан­ның «Узчармсаноат», «Узтекс­ти­льп­ром» бірлестіктерінің 50-ден астам өкі­лі келді. Инвесторларға өзара ынты­мақ­тастықтың тиімді шарттары ұсы­ныл­ды. Облыс басшысының айтуынша, өңір Орталық Азиядағы бизнесті кеңей­тудің жаңа көкжиегіне айналды. Түр­кістан облысы арқылы өтетін Батыс Қы­тай – Батыс Еуропа халықаралық кө­лік дәлізі әлемдік нарыққа шығу үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Алдағы уа­қытта облыс экономикасын дамыту­дың драйвері болатын бірлескен жоба­лар іске асырылады.

Өз кезегінде Өзбекстан елшісінің Қазақстандағы кеңесшісі Ота­бек Әлімов екі ел арасында сауда қар­қын­ды дамып келе жатқанын атап өтті. «Соң­ғы бес жылда тауар айналымы екі есе өсіп, өткен жылы 5 млрд теңгені құ­­­рады, бұл ретте қазақстандық экс­порт­тың көлемі Өзбекстаннан үш есе көп. Дегенмен екі елдің президенттері бұл көрсеткішті екі есеге арттыруды мін­деттеді. Екі жыл бойы біз осы көр­сет­кішке жету үшін бірге жұмыс істеуі­міз керек. Біз сіздің өнімдеріңіздің са­па­сына ризамыз. Сонымен қатар өңі­рара­лық көрмелер, жәрмеңкелер, фо­рум­дар мен мәдени іс-шаралар өткізуді ұсынамын», – деді Өзбекстан деле­гация­сының өкілі.

Ұлы Жібек жолы қайта жаңғырмақ

ҚХР мемлекетіне жұмыс сапарымен барған Түркістан өңірінің делегациясы бірнеше аудан, қала әкімі мен кәсіпкер­лер­ден құралған делегация Иу қала­сын­да орналасқан ірі тоқыма кластерімен та­нысты. Бұл өнеркәсіпте 300-ден ас­там адам Қытай нарығына және сыртқы на­рыққа да шұлық және тоқыма өнім­де­рін өндірумен айналысады. Сонымен қа­тар ірі әлемдік брендтердің тапсырыс­тарын орындайды.

Одан кейін түркістандықтар кіші өн­діріске арналған жабдықтар сату ор­та­лығымен танысты. Бұл орталық 2000-нан астам жабдық түрін ұсынады. Жаб­дық­тардың арзан бағада ұсынылуы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жаңа кіші өндіріс орындарын ашуға мүм­кіндік береді. Кездесу барысында Иу қаласының кәсіпкерлік палатасы бас­шысы Мистер Лиу Түркістан өңірі кә­сіп­керлеріне жабдықтарды сатып алу­да толық қолдау көрсететінін айтты.

Сондай-ақ делегация күн сәулесінен энер­гия алатын бақылау камераларын жә­не жарық шамдарын өндіретін кәсіп­орында болды. Мұнда 200-ден астам жұмыспен қамтылып, бақылау камера­лары­ның 100-ден астам түрі және жа­рық шамдарының 50-ге жуық түрі өн­дірі­леді. Компания басшылығына Түр­кістан облысының инвестициялық әле­уе­ті таныстырылып, әріптестік бай­ланыс орнату ұсынылды.

Иу қаласында кәсіпкерлік пала­та­сы­ның ұйымдастырылуымен Қазақстан және Қытай кәсіпкерлері арасында B2B форматта бірқатар кездесу өтті. Жүздесу ба­ры­сында Түркістан облысының ин­вес­тициялық әлеуеті таныстырылып, инвесторларға арналған мүмкіндіктер туралы айтылды. Келіссөз барысында Иу қаласының мектепке арналған ке­рек-жарақ бұйымдар өндіретін кә­сіп­орны Түркістан облысында өндіріс ор­нын ашуға қызығушылық білдірді. Со­нымен қатар Иу қаласының кәсіп­кер­л­ер палатасы мен Түркістан облысы­ның өнеркәсіп және кәсіпкерлік бас­қар­масы арасында достық және ын­ты­мақтастық қарым-қатынас меморанду­мы­на қол қойылды.

Осылайша, ежелден арасын Ұлы Жі­бек жолы байланыстырған киелі Түр­­­­кістан қаласы мен Қытай елінің өңір­лері іскерлік әріптестік қатынасты қай­та жандандыруды көздеп отыр. Жа­қында аспан асты еліне арнаулы іс­са­пармен барған бизнесті қолдау жане ту­ризм бөлімінің басшысы Мұхтар Тө­лепов ҚХР-дың Хэнан провин­ция­сын­да құрылыс материалдарын, ауыл ша­­­руашылығы өнімдерін өндіретін зауыт басшыларына және тағы басқа ірі кәсіпкерлеріне іскерлік байланыс шарт­тарын таныстырып, Түркістан қа­ла­сына инвестиция құю тиімділігіне тоқ­талды. Сәндеуге және әрлеуге ар­нал­­ған құрылыс заттарын әзірлейтін за­уыт басшылығымен кездесу барысын­да екіжақты ынтымақтастық меморан­думына қол қойылды.

Сонымен қатар делегация өкіл­дері Чжэнчжоу және Иу қала­ла­рын­дағы жаңа өндірістік технология­лармен, шағын және орта бизнеске ар­­­н­­алған жабдықтармен танысты. Са­пар барысында Чжэнчжоу қаласының аббатандыруға арналған Shuangqiao Flower компаниясының өсімдіктерді, гүл­дерді және декоративті ағаштарды өсіру және сату тұқымбағы жұмыстары көр­сетілді. Аталған тұқымбаққа 3 000-нан астам гүлдің тұқымдары мен түрлері жә­не 1000-нан астам декортативті ағаш түрі әзірленіп, импортқа шығарылады.

Іссапар барысында Чжэнчжоу қа­ла­сындағы балық өсірумен айналысатын шаруа­шылық Сауран ауданындағы кә­сіп­кермен бірлескен жобаны іске асыру бойынша өзара уағдаластыққа қол жет­кізді. 

Катар елі ет өндірісіне қаржы құймақ

Жақында агроөнеркәсіптік ке­ше­нін дамыту, озық елдермен тә­жірибе алмасу мақсатында Түркістан об­лысының әкімі Дархан Сатыбалды, об­лыстық Ауыл шаруашылығы бас­қар­масының басшысы Нұрбек Бадырақов және «Қайып ата» ЖШС-ның бас ди­рек­торы Сырым Ертаев Қатар елінде бол­ды. Іссапар барысында облыстық де­легация Катар елінің ет өнімдерін дайын­дау және экспортаумен айна­лы­са­­тын ең ірі Widam Food Company, KOWKABET ALSHARQ компания­ла­ры­ның тәжірибесімен танысты.

Widam Food Company QSC – Ка­тар­дағы ең ірі мал жеткізушісі және балғын, сал­қындатылған және мұздатылған ет өн­дірушісі. Катар нарығына тек ең бал­ғын, ең сапалы ет жеткізуші. Бүгінде ком­пания ауыл шаруашылығына ин­вес­тиция салу, жергілікті өндірісті қол­дау және стратегиялық халықаралық се­ріктестік арқылы әлемнің түкпір-түк­пірінен жоғары сапалы ет жеткізуді қам­тамасыз етуде маңызды рөл атқа­ра­ды.

Компания 2004 жылы қарапайым мақ­сатпен жұмысын бастаған. Widam Food Company компаниясының бас ат­­қарушы директоры Әл Ноубай Әл Мар­ридің айтуынша, жақын арада ком­пания өз қызметін Парсы шығанағы на­рығына кеңейтуді жоспарлауда.

KOWKABET ALSHARQ серіктесті-гі – Таяу Шығыс елдеріндегі бөлшек сау­да орындарына ет (қой етін) жеткізуші. Бүгінде «Түр­кістан ет ком­би­наты» ЖШС мен KOWKABET ALS­HARQ се­рік­­тесті­гі­мен қой етін шетелге экс­порт­тау бойынша келісімшарт жасау жұ­мыс­тары жүргізілуде. Нәтижесінде, жылына 15 мың тон­на қой еті экспортталады деп жос­пар­лануда. Келісім бойын­ша, бір бас – 30 ке­­­­­­­ліден төмен болуы ке­­рек және оның 1 келі­сі­­нің бағасы шамамен 7-8 дол­­ларды құрайды.

Катар елінің инвесторлары Қа­зақ­станның қой етіне үлкен қы­зығушылық танытып отыр. Кездесу нә­тижесінде та­раптар екі ел арасында ет өнімдерін өт­­кізу нарығын дамыту үшін мар­ке­тинг­тік зерттеуді қолға алып, бәсекеге қа­білеттілігін арттыру ба­ғытында жұ­мыс­тарды жандандыруға ке­лісімге келді.

Айта кетейік, Қазақстанда шетелдік нарықта бағаланатын сапалы ет өн­дірі­ле­ді. Мал шаруашылығының дамуы бойын­ша Түркістан облысы респуб­ли­ка­да алдыңғы орында. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 5%-ға өсуде. Ет экспорты бойынша облыс респуб­ли­када көш бастап тұр. Ірі қара мал еті­нің үлесі – 85%-ды, ұсақ мал 60%-ды құ­райды. 10 мың тонна ірі қара мал, 4,6 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілді.

Кәсіпкерлік – өңір экономикасының негізі

Бүгінде өңірде халықаралық әуе­жай, заманауи теміржол вок­за­лы жасақталып, қаланың барлық ин­ф­ра­құрылымы жаңартылғанын көреміз. Туризм, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнер­кәсіп, көлік, тасымалдау, логис­ти­калық қызметтер сияқты жүйе құраушы са­ла­лардың, сондай-ақ шағын және ор­та бизнестің дамуы аймақ эконо­ми­ка­сының дамуына серпін береді. Қазір Түркістан облысында шағын және орта кә­сіпкерлікті жүргізу үшін қолайлы биз­нес климат қалыптасқан. Мысалы, рес­публика бойынша кәсіпкерлік шо­ғыр­ланған алғашқы үштіктің арасында Астана және Алматы қалаларынан кейін Түркістан үшінші орында. Кә­сіп­керлердің саны жыл басынан 28 мыңға ар­тып, бүгінде 213 мыңды құрап отыр. 

Биыл алғашқы жартыжылдықтың де­­­ректері бойынша, өңірдегі шағын жә­­не орта кәсіпкерлік секторында 289 мың адам жұмыспен қамтылған, өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда бизнес субъектілері 58 мың адам­ды жаңа жұмыс орындармен қамта­ма­сыз етті. Атап айтқанда, ШОБ өкілдері қаң­тар-маусым аралығында 565 млрд тең­геге жуық өнім өндірген. Өткен жыл­мен салыстырғанда бұл 148 млрд тең­геге артық. Жыл соңына дейін бұл көр­сеткішті 1,6 трлн теңгеге жеткізу жос­парланған.

Нарық заңдылықтарына сай бә­се­кеге бейім экономиканы қалыптастыру үшін мемлекет тарапынан жеке бизнес өкілдеріне қолдау көрсету – әлемдік тә­жірибенің озық үлгісі. Осы негізде түр­кістандық кәсіпкерлер де Үкімет та­рапынан көрсетілген қаржылай қол­дау құралдарын пайдалану арқылы өз ісін дөңгелетіп отыр. Атап айтқанда, кә­сіп­керлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба арқылы осы жылы қаңтар-қазан ара­лығында бизнес субъектілері 21,3 млрд теңгеге жеңілдетілген несиемен қам­тамасыз етілді. 

Алдағы 2024 жылда кәсіпкерлерді жеңіл­детілген несиелендіру көлемін 40 млрд теңгеден асыру көзделіп отыр. Не­сиелердің пайыздық мөлшерлемесін тө­­мендету үшін облыстық және рес­пуб­ли­калық бюджеттерден қажетті 13 млрд теңге көзделуде. 

Ауыл халқының жағдайын жақсарту мақ­сатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы 6 ба­ғытта іске асырылуда. Жоба шеңберінде бизнесін бастаймын немесе кеңейтемін дегендерге 2,5%-бен 5 жылға дейін не­сие беру көзделген. Бұл мақсатқа бюд­жеттен 19,8 млрд теңге бөлініп, 16,5 млрд теңгеге 3 мыңға жуық жоба қар­жы­ландырылды. 

Кәмила ДҮЙСЕН