Атырау облысының тұрғыны WhatsApp мессенджерінде өзгенің арына тиетін дыбыстық хабарлама жазғаны үшін 70 мың теңгедей айыппұл төлейтін болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жылыой аудандық сотында жәбірленуші А.Т.-ның абыройы мен қадір-қасиетін кемсіткен адамға қатысты қылмыстық іс қаралды. Айыпталушы З.И.-ға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабы 1-бөлігімен ("Қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту") айып тағылған.
Жәбірленуші А.Т. арызында З.И.-дың WhatsApp желісі арқылы абыройы мен қадір-қасиетіне тиетін дыбыстық жазба жолдағанын көрсетіп, оны қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады. Сот іске қатысушыларды тыңдап, дәлелдемелерді зерттеді. Сот психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысына сәйкес, сотталушы З.И.-дің іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 131-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылықтың құрамы бар деп тапты.
"Алайда, шағымданушының З.И.-ды аталған 131-баптың 1-бөлігімен жауаптылыққа тарту туралы арызына байланысты іс жеке айыптаудың шеңберінде қаралды.
Сот үкімімен құқық бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі 69 мың теңге айыппұл салынды. Сотталушы З.И.-дан жәбірленушінің пайдасына сараптама жүргізумен байланысты 293 мың 250 теңгенің сот-процестік шығыны өндірілді", – делінген аудандық соттың жазбасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.