Қазақстан тұрғындары жыл соңына дейін 150 мың теңгеден ала ма?

«Өтемақы орталығы» арқылы өтемақы төленетіні туралы хабарламалар – ескі алаяқтық схема.

Facebook-та ҚР Президентінің суреті бар пост тарап жатыр. Онда жыл соңына дейін Қазақстанның әр тұрғыны банк картасына 150 мың теңгеден түсетіні жазылған. Stopfake-тің анықтауынша, бұл – фейк, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

«Қазақстанның мемлекеттік органдарының сайттарында, оның ішінде ҚР Президентінің Аkorda.kz сайтында мұндай төлемдер туралы ресми ақпарат жоқ. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында да хабарланбады.

Аталған ақпаратты жариялаған «Өтемақы орталығы» деп аталатын аккаунтта фейк парақшаның барлық белгілері байқалады. Профильде келтірілген мәліметтерде +52 коды бар байланыс телефоны жазылған, бұл – Мексиканың коды.

Аватардағы сурет орнына Қазақстанның Елтаңбасы қойылған. Бірақ лентадағы жарияланымдарға қарасақ, аватарда бұған дейін Беларусь Республикасының елтаңбасы болғанын көруге болады.

Бұл – киберқылмыскерлердің әрекеті», – делінген сайтта.

Stopfake қорытындысына сүйенсек, «Өтемақы орталығы» арқылы өтемақы төленетіні туралы хабарламалар – ескі алаяқтық схема. ҚР мемлекеттік техникалық қызметінің KZ-CERT сарапшылары ол туралы 2020 жылы қазақстандықтарға ескерткен.

Демек, таралған ақпаратқа сенбеген жөн.