Ішінде 100 еуро мен телефон болған: Астанада шетелдіктің ұрланған сөмкесі табылды

Бейнежазбада ер адам шетелдік азаматтың сөмкесін қараусыз қалдырып кеткенін байқап, жағдайды пайдаланғаны анық көрінеді.

Полицияға 29 жастағы шетелдік азамат хабарласып, арызданған, деп жазды Aikyn.kz.

Ол автовокзалда ішінде 100 еуро мен телефоны бар сөмкесін белгісіз біреудің ұрлап кеткенін айтты.

"Сарыарқа аудандық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері арызданушымен сөйлескеннен соң, сөмкені автовокзалға келушілердің бірі ұрлап кеткен деп болжаған. Камералардан бейнежазбаны көргенде жедел уәкілдер бұрын сотты болған елорда тұрғынын таныған",  делінген ақпаратта.

Күдіктінің жеке тұлғасы анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Бейнежазбада ер адам шетелдіктің сөмкесін қараусыз қалдырып кеткенін байқап, жағдайды пайдаланғаны анық көрінеді.

Ер адамға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оның елордада бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.