Бірнеше ауданда жылу жоқ: Ақтаудың әкімі кешірім сұрады

Қала әкімі сабырлық танытып, күтуді сұрайды.

Ақтауда магистралдық құбырдағы ақауды мамандар жөндеп жатыр, бірнеше шағынауданда жылу беруге уақытша шектеулер енгізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

«Каспий жылу, су арнасы» МКК хабарлағандай, бірнеше шағынаудандарды жылумен қамтитын магистральдық жылу құбырында апаттық жағдай орын алып, жылу беру уақытша шектелген болатын. Қала әкімі апат болған жерге барып, жағдайды бақылауда ұстайтынын жеткізді, – деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ал қала әкімі жоғары шағын аудандарды жылумен қамтитын магистралдық 800-дік құбырда ақау шыққанын мәлімдеді.

"Коммуналдық қызметтер осында келіп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жағдай менің бақылауымда", – деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.

Қала әкімі видеода ақау кеткен жерді көрсетіп, уақытша келтірілген қолайсыздықтар үшін тұрғындардан кешірім сұрады. Коммуналдық мамандар ақауды кешке дейін жөндеп, қалыпқа келтіруді жоспарлап отыр.