Ұшқышсыз ұшақтарды пайдалануға байланысты қатаң ережелер әуекеңістігінің қауіпсіздігі мақсатында қабылдануда. Жақында BBC News басылымы британдық жолаушылар әуекемесі дронмен соқтығысып қалайын дегенін жазды. Aikyn.kz бұл мәселеде британдық басылымға сүйене отырып, жолаушылар қауіпсіздігін қадағалайтын органдардың дрондарды пайдалануда лицензия талап етуінің дұрыстығын түсіндіреді.
Қазақстан Орталық Азиядағы алғашқылардың бірі болып пилотсыз ұшатын аппараттарды (дрон) пайдалануды реттей бастады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген заңдар дрондарды пайдаланушылардан Азаматтық авиация комитетінен лицензия алуды талап етеді. Үкімет елде дрондарды пайдалануды реттейтін бірқатар құқықтық актілер қабылдады.
Лицензиялар жыл сайын жаңартылуы керек және олар қатаң ережелерге бағынады. Елдегі әрбір дрон тіркелуі және олардың әрбір ұшулары есепке алынуы тиіс.
Ұлыбритания да дрондар мәселе заңнама бойынша реттелген. Дегенмен бұл елде оқыс оқиғалар да болып тұрады. British Airways компаниясының Boeing 787 Dreamliner ұшағы 25 шілдеде Хитроу әуежайынан көтерілгеннен кейін дронмен соқтығысу қаупін бастарынан кешірген. 242 жолаушы мінген ұшақ дронмен соқтығысуға аз қалған.
Оқиға Астана уақытымен шамамен сағат 23.00-де ұшақ 1000 метр биіктікке көтеріліп бара жатқанда болған. Осы кезде белгісіз шағын пилотсыз ұшу аппараты жолаушылар ұшағына 20 метр жерден ұшып өткен. British Airways мұндай мәселелерге өте байыпты қарайтынын мәлімдеген, бірақ сәтін салғанда ешқандай жаман салдар болмағанын растаған.
Ұлыбританияның Airprox кеңесінің (UKAB) есебінде дрон ақ түсті, бірнеше винттері бар, бірақ шамдары жоқ деп сипатталған. Ұшқыштың айтуынша, дрон өте жақын болғанымен, ол жолаушылар лайнерінің астынан және сол жағынан өткенін растаған. Төтенше оқиға туралы әуе қозғалысының диспетчерлеріне хабарланған. Олар өз кезегінде ақпаратты Хитроу әуежайының диспетчерлік мұнарасына жіберген. Осылайша, сол кезде әуежайға қонуға және әуежайдан ұшуға дайындалған басқа ұшақтар хабардар болған.
UKAB «объектінің хабарланған биіктігі мен сипаттамасы оның дрон болуы мүмкін екенін көрсету үшін жеткілікті» деген қорытындыға келді. Ол соқтығысу қаупін ең жоғары А санатына жатқызған.
Кейін British Airways ұшақтың еш қиындықсыз діттеген жеріне жеткенін айтқан. Компания болған оқиғаны билік органдары тексеріп, тиісті шара қолдануы үшін хабарлағанын мәлімдеген.
Мына видео ұшақ пен дронның соқтығысу салдарын көрсетеді:
Қазақстанда қабылданған ережелерге сәйкес, дрондарға әуежайға жақын жерлерде, әскери базалардың, қауіпсіздігі күшейтілген мемлекеттік нысандардың үстінен ұшуға рұқсат берілмейді. Дрондар адамдардан, көліктерден және ғимараттардан кемінде 30 метр қашықтықта ұшуы керек.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, салмағы 250 грамнан аз дрондарды басқаруға рұқсат мүлде талап етілмейді. Егер олар ойын-сауық мақсатында және халық тығыз орналасқан жерден алыс жерде түсіруді жоспарласа, арнайы құжат қажет емес. Бұл жағдайда дронды 50 метрден жоғары көтеруге болмайды. Салмағы ауыр, көлемі үлкен дрондарға басқа қатал ережелер қолданылады.