Мергендер бәсекесіне Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласынан құрама командалар қатысты.
Кубокты Туризм және спорт министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы және Республикалық жамбы ату федерациясы ұйымдастырды. Бұл жамбы атудан қыстық маусымда ұйымдастырылып отырған тұңғыш «Федерация кубогы».
Федерация президенті Еркебұлан Ілиясовтың айтуынша қыс маусымына қарамастан біздің спортшыларымыз кез келген ауа райында ойын көрсетуге дайын. Сондай-ақ соңғы жылдары осы спорт түрін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.
«Біздің Федерацияның басты міндеті – ат үстінен садақ атуды жүйелі жолға қойып, әлемдік деңгейге шығару. Осы додаға алдымен мына аттың ары-бері ауып кетпеуі үшін арнайы жол жасадық. Екіншіден, біздің жарысымыз әділ және таза өтуі үшін таймер қойып, қай кезде бастап, қай кезде аяқтағанын неше минут, неше секундта жүріп өткенін қараймыз. Бейнебақылау алып қойдық. Біздің спортшылар садағын атқан кезде неше ұпайға дәл тигізгенін қарап белгілеп отыруға қажет», – деді Еркебұлан Ілиясов.
Федерация басшысының айтуынша алдағы уақытта Шымкент қаласында арнайы академия ашу жоспарда бар.
Биылғы федерация кубогы 4 стиль бойынша өтті: қазақ стилі, түрік стилі, корей стилі, мажар стилі. Аталған стиль бойынша жеңімпаз бен жүлдегерлер артынан «Тайтұяққа» таласады. Басты талап – нағыз мерген аттың қылына ілінген тайтұяқты атып алды. Осы жолы «Тайтұяқ» жүлде қоры 600 000 теңгені құрады.
Шараға Қазақстанның 15 өңірінен 11 өңір нақтырақ айтқанда 50-ге жуық өтінім қабылданды.