ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Қостанайда газ жарылуы салдарынан қираған ғимарат туралы ақпарат берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«11 желтоқсан күні сағат 12:39-да Қостанай қаласының Амангелді кентінде газ-ауа қоспасының жарылысы салдарынан жүк көлігін жөндеуге арналған бір қабатты ғимараттың қирағаны туралы хабар түсті. Куәгерлердің айтуынша, үйінді астында адамдар болуы мүмкін», – делінген хабарламада.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Қостанай облысы ТЖД және жергілікті атқарушы орган күш-құралдары жұмылдырылған.
Алғашқы медициналық көмекке 12 адам жүгінді.
«Іздестіру-құтқару жұмысында үйінді астынан екі адам құтқарылды, тағы біреуі өлі күйінде табылды, оның аты-жөні анықталып жатыр. Іздеу жалғасуда. Ақпарат түсуіне қарай тағы толықтырылады», – дейді министрлік.