Балқашта жоғалған қызды іздеуге 130-дан астам полиция қызметкері мен ерікті жұмылдырылды, – деп хабарлады polisia.kz.
Полицияға кеше кешкілік уақытта жергілікті тұрғыннан 15 жастағы қызының жоғалғаны туралы хабарлама түсті. Азамат арызында күндізгі сағат 16:00 шамасында қызы би үйірмесіне шығып, одан оралмағанын айтты.
Іздеу жұмыстарына қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері дабыл жүйесі бойынша көтеріліп, іздеу басталды. Баланың болуы мүмкін деген такси және көлік тұрақтары тексеріліп, қала жолдарындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеу, барлық аулаларға қарау жұмыстары жүргізілді.
Іздеу жұмыстарына еріктілер, қала тұрғындары атсалысты. Іздеу жұмыстары 11 желтоқсан күні таңертеңгілік Балқаш көлінің маңына алып келді.
Көл жағасынан жоғалған қыздың киімдері табылды. Осы уақыттан бастап көлдің аумағын қарау жұмысы жүргізілді. Сағат 13:36 шамасында көлден 40-50 метр қашықтықта, 2,5-3 метр тереңдікте қыздың мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда.