Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Сондай-ақ ардагерлер мен партия белсенділері, облыстық басқарма және департамент басшылары да қатысты.
Форумның ашылуында сөз алған Алматы облысының әкімі партияның сайлауалды бағдарламасы аясында өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуының 10 айына қорытынды жасады.
Оның айтуынша, биыл барлық салада өсім қамтамасыз етіліп, жыл соңына қарай жалпы өңірлік өнім көлемін 4,7% өсіммен 4,6 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланды. Бұл ретте, партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы шешуші рөл атқарады.
«Биылға жоспарланған 88 іс-шараның 42%-ы орындалды. Жалпы, жол картасында көзделген 106 іс-шара кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Қаражат көлемі 2 трлн 342,4 млрд теңгені құрайды. «AMANAT» партиясының саяси бағытын орындау мақсатында өңірде әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Аталмыш форум депуттар мен жергілікті атқарушы органдар арасында Алматы облысының экономикасын дамыту мәселелерін талқылау үшін ашық диалог алаңына айналғанын қалаймыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар мәслихат депутаттарының рөліне тоқталған аймақ басшысы олардың халықтың өзекті мәселелерін шешудегі басым міндеттерін атап өтіп, өңірдегі оң өзгерістердің бастамашысы болу маңыздылығын айтты.
Ал партия филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев бұл форум – аманаттық депутаттарға мемлекеттік орган басшыларымен тікелей тілдесуге мүмкіндік жасалған шара екенін айтты.
«Форумға облыстағы барлық деңгейдегі депутат шақырылған. Сондай-ақ барлық басқарма және департамент басшылары қатысуда. Негізгі мақсат – депутаттар мен жергілікті атқарушы орган арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Өйткені депутаттар тарапынан мемлекеттік органдарға көптеген сұрақ туындайды. Сол сұрақтарды бірлесіп талқылап, бірлесіп шешу жолдарын қарастырдық. Мемлекеттік орган басшыларымен тікелей тілдесуге мүмкіндік жасалды. Маңызды мәселелер талқыланды», – дейді Қуат Байғоджаев.
Айта кетсек, Алматы облысында барлық деңгейдегі 228 мәслихат депутатының 190-ы «AMANAT» партиясының мүшесі. Олар жыл басынан бері 517 қабылдау жүргізіп, 1 мыңнан аса адамды қабылдаған. Оның 817-нің өтініші оң шешімін тапты. Қалғандарына заң аясында түсініктеме берілді.