Кеше Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Теректі ауданына қарасты Сарыөмір ауылында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен алтыншы нысанның ашылу салтанаты өтті. Бұл нысанды салуға республикалық бюджеттен 374 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Құрылыс мерзімі 4 ай болса да, «Фирма ИСКОМ» ЖШС мердігер компаниясы белгіленген мерзімнен ерте аяқтады. Аталған дәрігерлік амбулатория күніне 35 адам қабылдай алады, заманауи медициналық құралдармен жабдықталған, ауыл тұрғындар арасында 22 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Дәргерлік амбулатория емдеу-профилактикалық объектісі болып саналады, ішінде жалпы дәрігерлік-профилактикалық дәрігер кабинеті, процедуралық, физиотерапевттік, тіс емдейтін кабинеттер, акушер-гинеколог кабинеті, зертханалар мен дәріхана, сонымен қатар дені сау баланың кабинеті және тағы да басқа қарастырылған.
Жалпы, биыл облысымызда денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 92 млрд теңге қарастырылды. Осы жылы 5,5 млрд теңгеге медициналық жабдық сатып алу жоспарланған. Қазір 204 бірлік медициналық жабдық алынды. Сондай-ақ облыста медициналық ұйымдарға жергілікті бюджет есебінен 1,7 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 81 жедел жәрдем автокөлігі сатып алынды.
Жалпы сомасы 1 млрд 733 млн теңгеге жуық қаржыға 22 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 6 нысан бар. 18 нысан бойынша жөндеу жұмыстары аяқталды.
Өңір басшысы ауыл тұрғындарын ел дамуына, өмір сапасын арттыруға бағытталған жаңа нысанның ашылуымен және келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.