Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев егемен елдің келешек ұрпағына үлкен сенім білдіріп: «Білімді әрі саналы ұрпақ тәрбие-леу – бұл аса маңызды мемлекеттік міндет. Еліміздің болашағы дарынды, отаншыл жастардың қолында болуы керек», – деген болатын. Осыған орай, мемлекет тарапынан Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, БҚО-да біраз күрделі мәселе қолға алынуда. Соның қатарында өзекті тақырып – апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесін шешу.
Қазір Батыс Қазақстан облысында 27 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін соның 17-сін аяқтау жоспарлануда. Бүгінде 10 мектеп қолданысқа берілсе, қалғаны жыл соңына дейін халық игілігіне беріледі.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен екі жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек», – деген болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облысымызда заман талабына сай салынған оқу орындары рухани азық жинайтын ордаға айналып, бәсекеге қабілетті, отаншыл, еліміздің туын биік ұстайтын білімді ұрпақ тәрбиелейтіні сөзсіз», – деп аймақ басшысы мемлекетіміздің білім саясатының арқасында болашақ ұрпаққа жасалып жатырған біраз игі істерді атап өтті.
Атап айтқанда, Абай мен Еңбек ауылдарындағы мектептердің бірінде – 60, енді бірінде 110 оқушыға дейін білім алады. Әрқайсысында 30-дан астам мұғалім сабақ береді.
Негізі, Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектебі 1952 жылы ашылған. Мектептің 60 орындық ескі ғимараты 1974 жылы салынғанымен, спорт және жиналыс залы жоқ.
Жаңадан ашылған ғимаратта 9 оқу кабинеті, соның ішінде біріктірілген химия-биология, физика-математика, тілдер, мультимедия кабинеттері бар. Сонымен қатар 2 шеберхана, 1 спортзал, 8 орындық оқу залы мен кітапхана, 48 орындық асханамен жабдықталған. Мектеп ғимаратының жобалық қуаттылығы – 108 орын, құрылысқа мемлекеттік бюджеттен 807 млн теңге бөлінді. Мердігер компания – «Жаиксельстрой» ЖШС.
Еңбек ауылындағы алғашқы негізгі орта мектебі 1966 жылы салынған. Ал биыл бой көтерген жаңа ғимаратта 10 оқу кабинеті, соның ішінде біріктірілген химия-биология, физика-математика, тілдер, информатика және бастауыш сыныптар кабинеттері бар. Сонымен қатар екі шеберхана, спортзал, кітапхана, асханамен жабдықталған. Жаңа білім ордасында 45-тен астам адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Тәуекел» ЖШС мердігер команиясы салған 60 орындық жаңа мектеп ғимаратының аумағы 1532 шаршы метрді құрайды.
Жалпы, «Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында Батыс Қазақстан облысында 2023-2025 жылдар аралығында 18 мектеп салу жоспарлануда. Негізі, 2025 жылға дейін апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер мәселесін толық шешуге мүмкіндік бар.
Өңір басшысы ауыл тұрғындарын жаңа нысандардың ашылуымен және келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады. Екі ауылдағы жаңадан ашылған мектепті аралап, мектеп оқушылары мен ұстаздарға сәттілік тіледі.