Қазірдің өзінде кейбір фермерлер мұндайды өз құпиясы ретінде санайтын болған. Алғашқыда ерекше технологиямен өсірілетін көкөністер мен жеміс-жидектер көбіне көрші Қытай елінде қолданыла бастаған. Одан басқа, қазір АҚШ, Германия, Жапония мен Оңтүстік Кореяда да мұндай шаруашылықтар саңырауқұлақша қаптап барады. 2000 жылдардың басында Қытайда алғаш жеміс-жидектердің сыртқы пішінін өзгертіп өсіру жаппай қолға алына бастаған. Мысалы, сыртқы көрінісі төрт бұрышты қауын-қарбыз бен асқабақтардан бөлек, алманың өзінің сан алуан пішіні пайда болды. Мұның құпиясын тасымалдауға қолайлы деп көрсетті. Қытай мұнымен тоқтамай, тіпті топырақты қажет етпейтін көкөністерді өсірумен көзге түсе бастады. Әрине, халық саны күн санап көбейіп жатқан көршіміз онсыз да жетпей жатқан жерінің бетін үнемдеп, өнім алудың құпиясын көп іздеген. Бүгінде мұндай жолмен өнім алу Қытай үшін де, өзге ірі елдер үшін де ерек тәсіл болып тұр.
Ең алғаш топырақсыз әншейін белгілі кеңістікте өнім алуды картоптан бастаған Қытай бүгінде өзге көкөністерді де осы тәсілмен өсірудің сырын меңгеріп алған. Қазір көршімізді түгелдей картоп өнімімен 30 пайыз қамтып отырған «ШИ-СЭН» компаниясы өнімінің 30 пайызға жуығын осы топырақсыз ауада өсіру технологиясымен өндіріп отыр. Бір қызығы, мұндай жолмен өсірілген картоптың сыртқы формасында еш мін болмайды. Сыртқы қабығы тегіс әрі жұмыртқадай жұмыр болады. Тағы бір айтатыны, ауада өсірілген қартоптың көлемі де біркелкі стандартты болып келеді екен.
«Картопты отырғызу мен жинау қашанда көп еңбекті қажет ететін шаруа екені шындық. Енді жаңа технологияның арқасында мұнша көп еңбек шығындалмайтын болып отыр. Ауада өнім өсіруді ғылыми тілде «аэропоника» деп атайды. Оны бағбандықтың заманауи тәсілі деп айтсақ болады. Бұл – топырақсыз ылғалды ауада өсімдіктерді өсіруге арналған жаңа экологиялық таза технология. Өсімдіктердің тамырына үнемі сумен және қоректік заттармен тұманды су бүрку арқылы жүзеге асырылады. Бүркпе су арнайы температурада болады және судың құрамында өсімдікке қажетті барлық элемент сақталып, асқан дәлдікпен тұманды кеңістікке жіберіліп отырады. Міне, осындай тәсілді күніне бірнеше сағат қайталау арқылы өнім уақытынан тез әрі таза болып жиналады», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, агрохимик Анар Уәлихан.
Ғалымның айтуынша, көп жағдайда адамдар гидропоника мен аэропониканы шатыстырып жатады. Негізінен, екеуі екі басқа жүйе. Гидропоника тәсілі бізге ертеректен, ХІХ ғасырдың соңынан бастап белгілі. Бүгінде еліміздегі немесе әлемдегі жылыжайлар мен гүл өсіру кешендерінің дені осы гидропоника тәсілін пайдаланады. Мұнда өсімдік тамыры бекіп тұратын арнайы ылғал сіңіргіш кұрылымдық жүйе немесе ағынды алмаспалы су бассейні бар. Суда өскен өсімдік мейлінше қоректік заттарға бай болатыны белгілі. Бу жүйесіне де әдеттегі өсімдікке қажетті минералдар енгізіліп, жеміс беруіне жағдай туындайды деген сөз.
Көп адам дәстүрлі ауылшаруашылық немесе гидропоникалық жүйелерді оң шешім дейді де, аэропондық жүйені теріс деп қабылдамайды. Аэропониканың басты артықшылықтарының бірі – сол өсімдіктерді тез өсірумен қатар тез арада жеміс алынады. Мұнда плантациялық орта ретінде ештеңе дайындаудың қажеті жоқ. Алдын ала тамырларды ретімен қойып, оттегіне барынша мол жол ашу қажет. Бұл топырақ жағдайын дайындаудан мүлдем өзгеше және оңай тәсіл болмақ. Себебі алдын ала қойылып реттелген тамырлар топырақтағыдай физикалық орта арқылы кері әсерлерге ұшырамайды. Сыртқы күштің әсері де болмайды екен.
Өндірістің тиімді құралы ретінде аэропониканың үлкен артықшылықтарының бірі өскіндердің бір-біріне ешқандай кедергі келтірмеуі. Керісінше, бір-бірімен минималды байланыста бола алады-мыс. Сондай-ақ өте кішкентай кеңістіктен көптеген өнім алуға мүмкіндік туады.
«Өсімдіктер ауада ғана орналасқандықтан, топырақта болатын зиянкестер мұнда болмайды. Сонымен бірге түрлі өсімдікке тән аурулар мен саңырауқұлақтармен күресу әлдеқайда жеңіл. Мұның бәрі өнімділігі жоғары және өндірісі сапалы факторларға айналады. Мұндай технологиямен өсірілетін өсімдіктерге салат жапырақтары, картоп, және өзге де шөптесін жемістер жатқызылып отыр. Ал ғылыми тұрғыдан жетілдіріле отырып, алдағы уақытта апельсин, лимон сынды шырынды жемістерді де өндіру қолға алынуда. Бірақ әзірге ғылыми жетілдірілу үстінде деп айтсақ болады», – дейді агроном Сұлтан Сауыров.
Мамандардың айтуынша, әзірге мұндай технологияны енгізу біздің Қазақстан үшін тиімсіз болуы мүмкін. Себебі ең алдымен халық мұндай жолмен өсірілген өнімге үрке қарап, өнім шығарған шаруашылықтар қыруар шығынға батып қалуы ықтимал. Екіншіден, біздің елде ауыл шаруашылығына арналған алқаптар жеткілікті. Соны технологияға мұқтаждық та жоқ. Дегенмен бір айта кететіні, аэропоникалық және гидропоникалық жүйеде өсірілген кез келген өнімді сақтау мерзімі өте қысқа болады. Себебін ғалымдар өнімнің бойында стреске төзімділік қасиет қалыптаспай балғын ортада жетілумен түсіндіреді.
«Осындай бір кешеннің жалпы ауданы техникалық жайларды қоса алғанда 4 мың шаршы метрді құрайды. Технология мен әзірленген құрал-жабдықтар кешені сыртқы климаттық жағдайлар мен маусымға қарамастан жыл бойына бір шаршы метр алаңынан салмағы 10-15 грамм болатын 3 600-ге жуық шағын түйнек жинауға мүмкіндік береді. Аэропондық технология мен қондырғылардың артықшылықтарына алынған өнімдердің саны мен сапасын арттыру мүмкіндігі зор боларына көз жетті. Сонымен қатар өсімдіктердің вегетациялық кезеңін қысқарту және жыл бойына өсу циклдарының санын көбейту, минералды элементтер мен суды үнемдеуге де болатыны белгілі болды. Сондай-ақ оңтайландырылған спектрлі жарық шамдарды қолдану арқылы энергия шығындарын айтарлықтай төмендетуге қол жеткізілді. Технология картоп өсімдігінің түйнектену процесіне әсер ететін негізгі химиялық және физикалық факторларды мақсатты пайдалануды көздейді», – дейді Ресейдің картоп тұқымын өндірудің базалық орталықтар желісінің ғалымы Александр Кособрюхов.
Әлем бойынша аэропоника тәсілімен жеміс-жидек пен көкөніс өсірудің көшін жоғарыда айтқанымыздай, Қытай елі бастап тұр. Бұл елде әр жылда картопты қоспаған күннің өзінде шамамен 360 мың тоннадан астам көкөніс өсіріліп, ашық нарыққа шығарылады екен. Одан кейінгі орында АҚШ пен Мексика тұр.
Бердібек ҚАБАЙ