Өзгесі ат айналар қашықтықта саудырап не тұлыбы қалады, не тұлымы көп төбешіктің бірінен тыныс табады. Шіліңгір шілдеде де ақырған ақпанда да мал баққан қазаққа ең қат нәрсе – су, оны ерте көктемде қар суын қолдан көміп, күпке жинаған. Мұндай орындарды шаруагерлер ерекше қадірлеп, әрқайсысына ат беріп, айдар таққан. Олардың аты да заты бұл жерлерде сонау орта ғасырлардан бері белгілі.
Бертін келе құдық қазу, оны кәсіпке айналдыру үрдіс бола бастады. Жер асты суларын жадқа тоқыған, құдық қазудың қыр-сырын білетін белгілі белгілі рулар мен әулеттер болған. Мәселен, Қараш руында Бейнеубай, Қожамсүгірде Ерше, Бегейде Ораз, Көрпеде Бисембай, Құнанорыста Айтқұл, Өрдекте Жүнбас пен Кенженің есімдері табиғи дарын, айтуылы құдықшы ретінде ел жадында мәңгі сақталған.
Бүгінде Маңғыстау облысындағы мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз етудегі құдық қазу әдісі мүлдем өзгерген. Ол арнайы Үкімет тарапынан қаржыландырып отырады. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 23 шілдедегі №317 «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының (бұдан әрі – Қағида) № 4 «Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету (құдықтар, ұңғымалар)» жобасының паспорты бойынша 2014-2023жылдар аралығында – қазылған 498 ұңғымаға 1527 111,1 мың теңгеге субсидия төленген. Атап айтар болсақ;
2014 жылы – 8 ұңғыма 19 438,8 мың теңгеге субсидияланды (80%);
2015 жылы – 57 ұңғыма 133 333,6 мың теңгеге субсидияланды (80%);
2016 жылы – 76 ұңғыма 213 890,7 мың теңгеге субсидияланды (80%);
2017 жылы – 56 ұңғыма 188 352,5 мың теңгеге субсидияланды (80%);
2018 жылы – 71 ұңғыма 255 486,4 мың теңгеге субсидияланды (80%);
2019 жылы – 66 ұңғыма 178 329,8 мың теңгеге субсидияланды (80%);
2020 жылы – 71 ұңғыма 181 344,5 мың теңгеге субсидияланды (80%-50%);
2021 жылы – 44 ұңғыма 119 749,5 мың теңгеге субсидияланды (50%);
2022 жылы – 23 ұңғыма 107 492,5 мың теңге субсидияланды (80%);
– Биыл – 25 ұңғыма 129,7 мың теңге субсидияланды (80%). Алайда, 29 қараша күні Қағидаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, № 4 жоба паспортына субсидиялау үлесін тек 50% етіп енгізілді, – дейді Маңғыстау облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы техникалары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Совет.
Бұдан былай субсидия алуға қажетті құжаттар тізбесі де көбейтілген. Өз кезегінде бұл өзгерістер өңірдегі жайылымдарды суландыру жұмыстарын бәсеңдетеді дейді өңірдегі шаруашылық мамандары.
Сағындық РЗАХМЕТОВ,
Маңғыстау облысы