Паралимпиадалық ойындардың бағдарламасына қосылған аталмыш спорт түрінен жақында Қазақстан кубогы сарапқа салынған сайыс өтті.
Ел тарихында боччадан тұңғыш рет өткізілген жарысқа еліміздің 10 өңірінен келген 11-14 жас аралығындағы 64 жасөспірім қатысты. Олардың қатарында дебютанттар да бар екенін атап өткен жөн. Екі күндік үздік нәтижелерімен 34 бочча шебері жеңіс тұғырынан көрінді. Боччадан спортшылардың да кәсіби деңгейі артып келеді. Бұған Қазақстан бочча федерациясының ресми түрде Халықаралық бочча федерациясының мүшесі болып тіркелуі және ел чемпионатының өткізілуі айқын дәлел.
Инклюзивті доп бәсекесі бойынша бақ сынағандардың қатарында көзі нашар көретін, даун синдромы бар, аутизм, психикалық дамудың баяулығы және басқа да дертке шалдыққан балалар мен ересек азаматтар бар. Соның бірі – Қуаныш Асқарбеков. Ол биыл Қытайда өткен Азия пара ойындарына қатысып, жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға қол жеткізді. Қуаныш бұл турнирдің өзінде екі ойын өткізген. Екеуінде де жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алған.
– Боччамен айналысып жүргеніме 1 жылдан асты. Спортқа бет бұрғаныма аз уақыт болса да, жетістіктеріммен қуанамын. Дене шынықтыру факультетінде тренер мамандығы бойынша оқимын, 1-курс студентімін. Боччаға келгеннен бері көп дос таптым. Ойынның шарты өте қызық. Негізі, бұл біздің асық ату ойынына ұқсас келеді, кішкентай допты алысқа лақтырып, Менің мақсатым – боччада өзімнің атымды қалдыру және әлем чемпионы атану. Бочча біздің спортпен шұғылдануымызға мүмкіндік береді, осы арқылы уақытымды да қызықты өткізіп жүрмін, – деді ол.
Қазір Павлодар, Қарағанды, Маңғыстау, Атырау, Қостанай, Абай және Жетісу облыстарында боччадан өңірлік федерациялар ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Боччадан Қазақстан кубогы жолындағы жарысты Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан бочча федерациясы ұйымдастырды. Сондай-ақ сайысқа Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы, «Самұрық-Қазына» АҚ және Sport qory туризм және спорт индустриясын қолдау қоры қолдау көрсетті. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарға арналған шағын ғана допты лақтырып ойнайтын сайыста ел аумағында енді дамып келе жатқан спорт түріне қолдау көрсету мақсатында жақында ғана Павлодар қаласында өткен U-23 Қазақстан Кубогінің жеңімпазы атанған «Астана Жастар» командасының ойыншылары, бапкерлік құрамы мен команда басшылығы жарыс қатысушыларына ерекше қолдау білдірді.
Сайыс қорытындысы бойынша, әйелдер арасында кубоктің үздік ойыншысы елордалық Итиана Шыңғысханқызына бұйырса, ерлер арасынан павлодарлық Александр Құрмантай үздік атанды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дүбірлі додада жеңіске жеткендері Ұлттық құрама сапына қабылданып, алдағы халықаралық бәсекелерде ел намысын қорғауға мүмкіндік алды.
Боччамен балалар да, ересектер де айналыса алады. Тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін «Саламатты болашақ» жобасы аясында ашылған үйірмелер еліміздің 21 қаласында жұмыс істеп тұр. Үйірмедегі 6 жастан 43 жасқа дейінгі боччашылардың жалпы саны 150-ге жетіпті.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ