Мәселен, осындай мемлекет қамқорлығымен кәсібін бастаған жастардың бірі – Сапармұрат Орал. Түркістандық кәсіпкер 2,5 пайыздық микрокредитке алғашқылардың бірі болып өтінім беріп, бизнес жоспар құрып, қазір спорттық тауарлар жабдықталған өз дүкенін ашқан.
Кәсіпкер өз дүкеніне сұранысқа сай, кездесе бермейтін спорттық бұйымдарды арнайы Қытайдан тапсырыспен алдырады. Спорттық дүкенде саламатты өмір салтын өзіне серік еткендер қажетті барлық зат бар.
Аудан аумағында тек спорттық жабдықтарға негізделген алғашқы дүкенге деген сұраныс та артып келеді. Кәсібін кеңейтуді жоспарлаған кәсіпкер Қытай елімен тауар байланысын күшейтуді жоспарлағанын айтты.
Сондай-ақ Төлеби ауданында жаңадан кәсіп бастағысы келетін 30 жас кәсіпкер өз кәсібін бастаған.
Бұған қоса, жаңа бизнес идеясын жүзеге асыру үшін 90 азамат «Бастау бизнес» арқылы қайтарымсыз грантқа ие болса, оның 32-сі жастар. Болашақта осы азаматтардың әрқайсысы да аймақтағы іргелі кәсіпорынға айналмақ.
Сонымен қатар Сарыағаш ауданының тұрғыны Талғат Мамиров та мемлекеттен жеңілдікпен несие алу арқылы кәсібін кеңейткен. Шұлық тоқып отбасын асырап отырған кәсіпкер бастапқыда Өзбекстаннан арнайы мамандар шақыртып осы істі отбасымен үйренген. Қазір балаларымен бірге жалғыз станокта күніне 100 жұп шұлық әзірлеп, жергілікті дүкендерге өткізеді. Сарыағаш курортының маңында орналасқандықтан, сұраныс та жоғары дейді Талғат Мамыров. Қосымша станоктар алып ісін кеңейтуге шешім шығаруына да осы себепші болған.
– Бұрын бір ғана станокпен ай сайын 200 мыңға жуық таза табыс түсетін. Енді үш құрылғымен табысымыз 600 мың теңгеге жуықтайды деген сенімдемін. Қазір шикізатқа қажетті жіптерді Өзбекстаннан аламыз. Электр энергиясы секілді шығындарды есептегенде бір жұп шұлықтың өзіндік құны 150-180 теңге шамасында. Сонда әрқайсысынан 50-60 теңге түседі, – дейді ол.
Түркістан облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы Мұхит Ашимовтың сөзінше, кәсіпкерлікке бет бұруды көздеген азаматтарды барынша толық қамту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасының VI бағытына біршама өзгеріс енгізілген.
- «Тұрғындардың өз кәсібін ашу» бойынша 2,6 млрд теңгеге 365 жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ:
- 495,4 млн теңгеге 77 жоба қаржыланды;
- 253,2 млн теңгеге 49 жоба мақұлданды;
- 482,1 млн теңгеге 67 жоба қаралуда;
- 1,4 млрд теңгеге 172 жоба құжаты толықтырылуда.
Бүгінде жалпы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 22,9 млрд теңгеге 4 175 жоба қабылданып, 19,5 млрд теңгеге 3 219 жоба мақұлданып, қаржыландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Ағымдағы жағдайға 16,3 млрд теңгеге 2 722 жоба қаржыландырылды, – дейді ол.
Бас маманның айтуынша, қаржыландыру процесі кәсіпкерлерге тиімді әрі оңай болуы үшін бірқатар жеңілдік ұсынылып, қаржыландыру шарттары нақтыланады. Ең басты жеңілдіктер: басқа округтің кәсіпкерлері бекітілген 64 округке тіркеліп, қаржыландыруға қатыса алады; бастапқыда кәсіпкерлер үшін арнайы кооперативке мүше болып кіру қажет болған, бұл да алынып тасталды; қаржыландыруға жататын нақты салалар тізімі бекітілді (сауда, құрылысты жүргізу және тамақтану қызметтерін қоспағанда); ең басты жұмыстың бірі, жоба бойынша түрлі саладағы 80 бизнес жоспар әзірленіп, аудан және қала әкімдіктеріне ұсынылды. Әрбір бизнес жоспар бойынша табатын табысы және шығысы, бизнесті жүргізу үшін құрал жабдықтарды және шикізатты алу, дайын өнімді сату мәселелері толық қамтылған; бизнесті жүзеге асыру үшін «тұрғылықты мекенжайы бойынша анықтаманы талап ету» міндеті алынып тасталды.
– Бекітілген жұмыс кестелері бойынша Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастаған, құрамында «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ, «Ырыс» микроқаржы ұйымы және TÚRKISTAN» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ өкілдері бар жұмыс топтары тамыз айынан бастап 4 рет аудан және қала әкімдіктерінде, ауылдық округтерде тұрғындармен кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілген, – дейді Мұхит Ашимов.
Нәтижесінде, соңғы бір ай мерзімінде қолдау алған жобалар саны екі еселенді. Кәсіпорындар табысының артуына мемлекеттік қаржылай қолдау шаралары тиімді ықпалын көрсетуде. Статистикаға сүйенсек, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба арқылы осы жылдың 10 айында бизнес субъектілері 21,3 млрд теңгеге жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз етілді. 2024 жылда кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелендіру көлемін 40 млрд теңгеден асыру көзделген. Несиелердің пайыздық мөлшерлемесін төмендету үшін облыстық және республикалық бюджеттерден қажетті 13 млрд теңге бөлінбек.
Ауыл халқының жағдайын жақсарту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасына бюджеттен 19,8 млрд теңге бөлініп, бүгінде 16,5 млрд теңгеге 3 мыңға жуық жоба қаржыландырылды.
К.ЕРКІН