«AMANAT»-та қолданыстағы заңнамаға гендерлік сараптама жүргізу ұсынылды

Қазақстанда әлеуметтік қамсыздандыру саласына, тұрғын үй меншігі мәселесіне, ер азаматтар мен әйелдер арасында ипотекалық қарызды дұрыс бөлуге талдау жүргізу қажет.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Юлия Кучинская партия әйелдер қанатының I отырысында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

«Партия отандық заңнамаға гендерлік сараптама жүргізуді және гендерлік бюджет енгізуді жоспарлап отыр. Бұл қадам гендерлік теңдік саясатын жүзеге асыруды бұрмалауға жол бермейді. Мысалы, әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін алып қарайық. Біз әйелдердің және ер азаматтардың қанша пайызы тұрғын үйге иелік ететінін түсінеміз бе? Ипотеканы кім төлейді, мүлік құқығы кімге ресімделеді? Осы мәселелерді жан-жақты талдау, талқылау керек. Сонда ғана заңға аталған мәселелерді реттейтін дұрыс нормалар енгізе аламыз», – деді халық қалаулысы.

Депутат әйелдер көшбасшылығын ілгерілетуге бағытталған  Tomiris жобасы сәтті жүзеге асқанын атап өтті. Оның айтуынша, партия әйелдер қанатының тұжырымдамасында басты міндеттердің бірі – ер азаматтар мен әйелдердің теңдігі мәселесіндегі жүйелі өзгерістер көрініс тапқан.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 7-8 желтоқсанда «AMANAT» партиясы әйелдер қанатының I отырысы өтті. Іс-шараға өңірлерден келген 100-ден астам белсенді әйел қатысты. Жиында екі күн бойы әйелдердің мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне қатысу аясын кеңейту, кәсіпкер әйелдерді қолдау және инклюзивті қоғамды дамыту мәселелері талқыланды.