Асқазан қыжылын қалай басуға болады?

Қыжыл деп – асқазанның жоғары бөлігінде және өңеште ыңғайсыздық пен күйдіру сезінуді айтады. Ол асқазанның жоғары жағындағы қышқылдың өңешке көтерілуінен туындайды.

Адамдар кейде тамақтан кейін қыжылдың пайда болуынан өздерін жайсыз сезінеді. Одан арылудың жолдары туралы ferra.expert сайтында қысқаша хабарлама жарияланды. Сол материалдың негізінде Aikyn.kz қыжылдың неден пайда болатынын, одан арылудың жолдарын түсіндіреді.

Фото mykaleidoscope.ru сайтынан алынды

Дәрігерлердің айтуынша, қышқылды орта асқазан үшін қалыпты жағдай, ол ас қорыту процесінің құрамдас бөлігі. Бірақ өңеш тек тамақты тасымалдауға арналған, ал асқазаннан қышқылдың оған түсуі шырышты қабықтың тітіркенуін тудырады. Қыжыл кекірумен және іштің кебуімен (метеоризм) бірге жүреді. Ондай жайсыз күй әдетте тамақтанғаннан кейін пайда болады және 2 не одан да ұзақ уақытқа созылуы мүмкін.

Қыжылдың себептерін мына видеода мамандар түсіндіреді:

Қыжыл сау адамдарда да болуы мүмкін. Қыжылды тудыратын себептерге мыналар жатады:

Шамадан тыс тамақтану. Тамақты шамадан тыс жегенде, асқазан толып, оның жоғары жағындағы ауа өңешке көтеріледі. Ауамен бірге асқазанның қышқылы да өңешке түсуі мүмкін. 

Екінші себеп  – цитрус жемістерін көп жеу. Цитрус шырыны асқазандағы қышқылды одан әрі көбейтіп, шырышты қабықтың тітіркенуін туғызады. Асқазанның шырышты қабаты тым ащы тағамдарға бейімделмеген. Күтпеген жерден ащы тағамдар жеу, тым күшті кофе мен газдалған сусындар да қыжылды тудыруы мүмкін. 

Фото familydoctor.ru сайтынан алынды

Мамандар қыжылдың алдын алуға болатынын айтады. Ол үшін жоғарыда айтылғандарды ескеріп, мынадай кеңестерге құлақ асқан абзал:

Майлы тағамдардан аулақ болу. Майы аз диетаны ұстанған дұрыс. Бұл салмақты бақылауға да көмектеседі.

Тамақтанғаннан кейін бірден жатуға болмайды. Дене көлденең орналасса, асқазан қышқылының өңешке енуі оңайырақ. Сондықтан тамақты ұйқыға жатардың алдында екі-үш сағат бұрын қабылдау керек. 

Фото invitro.ru сайтынан алынды

Алкоголь мен темекіден аулақ болу маңызды. Бұл электронды темекіге де қатысты. Алкоголь мен қыжылдың арасындағы байланысы 28 зерттеуде анықталған. Алкогольдің кез келген мөлшерін ішу қыжылды күшейтетінін көрсеткен.

Тым ащы, тым қышқыл тағамдар жемеу. Зерттеулерге қарағанда көп жағдайда адамдарда қыжылдың қоздырғышы ащы тағамдар болған. Мұның бәрі өңештің шырышты қабығын тітіркендіретіні және оның қабынуын күшейтетіні белгілі.

Артық тамақтанбау. 34 000 адам қатысқан алты зерттеудің нәтижесі түнде тамақ ішу мен шамадан тыс тамақ ішудің қыжылдың пайда болуына тікелей әсер ететінін көрсеткен.

Ал қыжыл жиі мазаласа міндетті түрде гастроэнтеролог мамандарына қаралу керек. 

Ас – адамның арқауы. Тамақтану кезінде, азық-түлік таңдау кезінде жоғарыда айтылған кеңестерді ескеруге шақырамыз. "Дені сау адам   дені сау ұлттың тірегі" екенін ұмытпайық.