«AMANAT»: Сайлауалды бағдарлама аясында төрт ауылда медициналық орталық ашылды

«AMANAT» партиясы ауыл медицинасын дамытуға басымдық береді.

«AMANAT»  партиясы ауыл медицинасын дамытуға басымдық береді. 

Партиямыздың сайлауалды бағдарламасында ауылдық жерлердегі халықтың медициналық көмек алу мәселесі көтерілген болатын. 

 «AMANAT»  партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған Жол картасы аясында Тарбағатай ауданының төрт ауылында денсаулық сақтау нысаны ашылды.

Атап айтқанда, Ахметбұлақ, Жаңаталап, Шорға, Қазақстан ауылдарында  жаңадан медпункт  салынып, қолданысқа берілсе, Құйған және Тәуке ауылдарының медициналық ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

«Ауылымызда жаңадан салынған медпункт халық игілігіне берілді. Нысанның ашылғанына ауылдықтар дән ризамыз. Біз осыған дейін медициналық қызметтерді шағын ғана тұрғын үйдің бір бөлмесінде алып келген болатынбыз», дейді Ахметбұлақ ауылының тұрғыны Қанат Садықов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында ұлт денсаулығына жіті мән беріп, халықтың денсаулығын жақсарту жайында ұдайы айтып келеді. Өйткені кез келген мемлекеттің болашағы халықтың денсаулығына тікелей қатысты. Осы орайда Президент ауылдық жерлерден тұрғындарға арналған заман талабына сай қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсететін емханалар мен медициналық пункттер салу қажет екенін айтқан болатын.

«Сайлау науқаны кезінде тұрғындармен жүздескенде ауылдықтардың бірден-бір көтерген мәселелері осы ауылдардағы заман талабына сай медициналық нысандарын салу болатын. Ауылдық ағайынның мәселесі назарға алынып, сайлауалды бағдарламаға енгізіліп, нәтижесінде бүгін ауданымыздың бірнеше ауылында денсаулық нысандары ашылып, халық игілігіне берілді. Партиямыз берген уәдесінде тұрып, уақытылы нысан құрылыс жұмыстарын аяқтап, бүгін тұрғындармен бірге нысанның ашылу салтанатына қатысты»,  дейді «AMANAT»  партиясының Тарбағатай аудандық филиалының төрағасы Ержан Сабырбаев.

Осы жылдың соңына дейін партияның сайлауалды бағдарламасы аясында осы ауданның Шолақорда және Ақмектеп ауылдарында да осындай фельдшерлік-акушерлік пункттерді қолданысқа беру көзделген.