Ұлттық банктің алтын резерві бір айда 131 миллион долларға ұлғайды

Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Қазақстанның алтын валюта резервтерінің көлемі туралы айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Оның айтуынша, қараша айының қорытындысына сәйкес, АВР көлемі 34,1 миллиард долларға жетіп, бір айда 131 млн долларға ұлғайды. Ұлттық банк өсім себебін айтты. 

«Алтын бағасын белгілеудегі өсім оң фактор болды. Яғни, қараша айында алтын бағасы бір унция үшін 1998 доллардан 2038 долларға дейін өсті. Бұл ретте бағалы металл бағасының өсуі әлемдегі геосаяси жағдайдың күрт нашарлауына, атап айтқанда, Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты болды», – деді ҚҰБ төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, осыған дейін Ә.Молдабекова БЖЗҚ қаражатын инфрақұрылымға жоспарланып отырған инвестициялау тетігі туралы айтқан болатын. Оның айтуынша, БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері алынбайды және жұмсалмайды. Бірақ нарықтық жағдайларда шетелдік активтерге де, ел ішіндегі активтерге де тұрақты инвестицияланады.

«Бұл – бүкіл әлемдегі зейнетақы қорлары қолданатын стандартты тәжірибе. Ол инвестициялар салымшылар арасында бөлініп, сол арқылы олардың зейнетақы жинақтарын сақтап, көбейтіп отыратын инвестициялық табыс әкеледі», – деді ол.

Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, зейнетақы активтерінің ағымдағы көлемі 17,3 трлн теңге болды. Оның шамамен 70%-ы жергілікті нарыққа инвестицияланған. Бұл, негізінен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және басқа да қазақстандық эмитенттердің бағалы қағаздарына салынған инвестициялар. Зейнетақы активтерінің шамамен 30%-ы шетелдік қаржы нарықтарында дамыған және дамушы елдердің мемлекеттік бағалы қағаздары, инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигациялар және жаһандық акциялар сияқты активтердің негізгі санаттарына инвестицияланған.

2023 жылдың 11 айында БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша инвестициялық табыс 1 279,4 млрд теңгеге жетті.