Атырау облысында жүкті келіншек аурухана төсегінде көз жұмды. Марқұмның артында 1 жасар баласы қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны денсаулығына байланысты шағыммен дәрігерге жүгінген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, әйел ауруханаға 5 желтоқсан күні түскен. Дәрігерлер «Жедел респираторлық ауру. Жедел фарингит» диагнозын қойған.
Ол ертесіне жансақтау бөлімінде көз жұмды. Жүктіліктің 36-аптасында болған.
Оқиғаға байланысты аудандық полиция бөлімі «Медицина жұмыскерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы» бабымен іс қозғады. Сараптама тағайындалды. Марқұмның артында 1 жасар баласы қалды.
«Қазір аталған дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлігіне сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды», – деді Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.