Білім және ғылым министрлігі Әзербайжан азаматтарына жыл сайын 10 білім грантын ұсынады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қазақстан Білім және ғылым министрлігі мен Әзербайжан Білім министрлігі арасындағы 2017 жылдың 3 сәуіріндегі келісімге сәйкес 5 бакалавриат және 5 магистратура грантын ұсынады. Яғни, екі ел бір-біріне 10 гранттан береді», - деді министрліктің баспасөз қызметінен ҚазАқпарат тілшісіне. Айта кетерлігі, Әзербайжанның trend.az ақпарат агенттігі Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі Әзербайжан азаматтары үшін 2020-2021 оқу жылына бакалавират пен магистратура бойынша стипендиялық бағдарламасын жариялағандығын, білім беру қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілетіндігін жариялаған болатын. Жалпы, еліміздің Білім министрлігінің мәліметінше, мұндай келісім Қазақстан мен Қытай, Мажарстан, Қырғызстан, Беларусь сынды тағы 12 елдің арасында бар. Келісімге сәйкес тараптар бір-біріне бірдей білім гранттарын ұсынады. Мұнан бөлек, Абай-Верн бағдарламасы аясында Франция Қазақстан үшін біржақты 100 грант (90 магистратура, 10 докторантура) бөледі. Ал Қазақстан біржақты 30 грантты Ауғанстан жастарына береді.