Қазақстанда қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы арзандады

Биыл қайталама нарықтағы жылжымайтын мүліктің құны 5,4%-ға арзандаған.

Елімізде қайталама нарықтағы тұрғын үй бір жылда 5,4%-ға арзандаған. Сондай-ақ жалға беру бағасы да төмендеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz Finprom.kz-ке сілтеме жасап.

2023 жылдың қараша айының соңында қайталама нарықтағы жылжымайтын мүліктің құны 5,4%-ға төмендеген. Ал жалға алу бағасы 0,9%-ға арзандады.

Ал кейінгі бір жыл ішінде жаңа пәтерлер 3,2 пайызға қымбаттады. Жалпы,осы уақыт аралығындағы инфляция мөлшері 10,3%-ды құрады.

Жаңа құрылыстардағы пәтерлер ең көп Павлодар (+14,8%), Петропавл (+10,6%) және Ақтауда (+10%) қымбаттады. Қарағандыда баға былтырғы деңгейде сақталса, Шымкент (-4,3%) пен Көкшетауда (-6,3%) арзандаған. Республика бойынша жаңа баспананың бір шаршы метрі 492 мың теңге тұрады. Ең қымбат жаңа пәтерлер қазір Астанада, ал ең арзаны Жезқазғанда.

Астана, Алматы, Қарағанды, Орал және Қонаев қалаларында қайталама баспана арзандаса, ал Өскеменде жыл бойы оның құны өзгеріссіз қалды. Ескі үйлердегі пәтерлер Қызылорда (+7,8%), Семей (+8,3%) және Атырауда (+11,8%) қымбаттады. Қайталама нарықта бір "шаршы" 493,6 мың теңге тұрады. Қайта сату бойынша ең қымбат қала - Алматы, ең арзаны Көкшетауда.

Жалға берілетін тұрғын үй құны Алматы мен Түркістанда да төмендеді, Павлодарда өзгеріссіз қалды және үш қалада – Жезқазған, Қарағанды ​​және Көкшетауда өсті. Ел бойынша орташа есеппен бір шаршы метрді жалға алу 4,8 мың теңге тұрады. Ең қымбаты Алматыда, ең арзаны Таразда.