«Бұл болашаққа балта шабу!»: «Атамекен» өкілдері дабыл қақты

Заң жобасын талқылау мен қабылдау кезінде РӘТ кезеңінің күшін жою барлық саладағы бизнестің жағдайын күрт өзгертеді.

 

Ұсынылған инновациялар, нормалар мен ережелер үшін реттеушілік әсерді талдаудан (РӘТ) бас тарту ұсынысы – біртүрлі ғана емес, өте қауіпті идея. Бұл бизнес үшін де, инвесторлар алдында мемлекеттің беделі үшін де жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов осылай дейді.

 

Тимур ҚР Кәсіпкерлік кодексіне Салық және кеден заңнамасы саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге реттеушілік әсерді талдаудың (РӘТ) қолданыстағы рәсімін таратпау туралы жақында енгізілген түзету бизнесті дүр сілкіндірді дейді. Сіздің ойыңызша, бұл қазақстандық компаниялардың әл-ауқатына қалай әсер етуі мүмкін?

 

Заң жобасын талқылау мен қабылдау кезінде РӘТ кезеңінің күшін жою барлық саладағы бизнестің жағдайын күрт өзгертеді. Біз әрқашан мақтан тұтып айтатын, инвесторлар тартатын тұрақты жағдай келмеске кетеді. Салық кез келген сәтте өзгеруі мүмкін және ешкім бизнестің пікірін пысқырмайтын алмағайып Қазақстандағы қазіргі жағдайда инвестор компаниялар жобаны дамытуға, жалпы экономикаға капитал салу керек пе деп күмәнданады. Егер ұсыныс қабылданып кетсе, мемлекеттік органдар ешбір алдын ала талдаусыз құқықтық және регламенттік базаны өзгерте алады. Бұған дейін елде ұсынылған инновациялардың бизнес пен қоғамға әсерін міндетті түрде алдын ала талдау арқылы қазіргі қолданыстағы тәртіп енгізілгенде, мұның прогресс болғанын атап өткім келеді. Ал қазір керісінше, біз кері кетіп барамыз.

 

 Жаңадан қабылданған нормалар мен түзетулерге реттеушілік әсерді талдау не береді? Бұл модельдің құндылығы неде?

Қазіргі уақытта Ұлттық қауіпсіздік мәселесінен басқа кез келген шешім бойынша мемлекет бизнеспен бірлесіп, оның экономикалық және әлеуметтік ортаға ықпалын талдай отырып, ашық талқылау жүргізеді. Мұның нақты пайдасы бар, бұл ойластырылмаған қадамнан, эмоциямен айтылған шалағай шешімнен дер кезінде бас тартуға көмектеседі. Барлық жерде, барлық салада маңызды жаңалықты қабылдамас бұрын алдын-ала есеп қажет. Әйтпесе, асығыс-үсігіс қабылданған шешімге тап боламыз. Ең сорақысы, мемлекеттік органдардың (тиісті министрліктер) әртүрлі лоббистің ықпалына түсу қаупі бар. Егер қазір белгілі бір ықпалды топтардың мүддесі үшін кулуарлық ойындар ұсынған шаралардың салдарын қоғамдық талдауға кедергі келтірсе, онда РӘТ жойылған кезде лоббистер қоғам тарапынан бақыланбай, жүгенсіз кетеді. Олардың мемлекеттік құрылымдармен «өзара әрекеттесуіне» ештеңе кедергі бола алмайды. Бизнес үшін де, қоғам үшін де бұл өте қауіпті.

 Ал РӘТ-ті жоюды ұсынатын мемлекеттік органдар бұл ой-пікірін қалай түсіндіреді?

 Идея авторлары бұл бірнеше айға созылатын тым ұзақ рәсім дейді. Иә, «Ашық НҚА» порталында жарияланып, ашық талқылауда бизнеспен және азаматтық қоғаммен бірлесіп ұсынылатын жаңалықтың әсерін талдауға біраз уақыт қажет. Бірақ, біріншіден, неліктен талдамасқа? Неліктен реттеуді экономика, қоғам, бизнес мүддесіне сай етіп жасауға уақыт арнамау керек? Екіншіден, мінсіз болмаса да, қолданыстағы рәсімді оңтайландыруға ештеңе кедергі келтірмейді. Уақытты қысқарту арқылы қарау мен талдау тәртібін нақтылауға болады. Бизнес бұған дайын және РӘТ рәсімін жетілдіруді талқылаудан қашпайды. Сонымен бірге, әрине, бұл жерде шектен шығуға болмайды. Асығу шалағай шешімге әкеледі. Заң шығару, нормалар мен регламенттерді әзірлеу маңызды мәселе ғой. Асығыс шешімдер ешқашан сапалы болмайды.

 Жаңалықтардың реттеушілік әсерін талдау процесінің мәні неде?

 Реттеушілік әсерді талдау рәсімі есепке, кәсіби бағалауға, яғни белгілі бір математикаға негізделген. Сонымен бірге, талқылау барысында кері реакциялар болуы мүмкін, көбінесе ескерілмеген және есептелмеген сәттер пайда болады. Барлық жағдайда Үкімет өзінің индексі мен параметрін ұсынады, бизнес оларды қарап, бағалайды, есептейді, көзқарасын айтады. Мұндай бірлескен жұмыс түпкілікті шешім қабылдауда пайдалы. Соның нәтижесінде мемлекет белгілі бір инновациялардың оң-теріс жақтарын, ықтимал тәуекелдерін көреді. Осы орайда, заңды сұрақ туындайды: неге одан бас тарту керек? Одан да процесті жетілдірейік, нақтырақ айтқанда, тиімдірек етейік. Бірақ одан бас тарту жақсы идея емес екені анық.

 Мұның бәрі шынымен де ұзаққа созылатын мәселе ме? Бір-екі ай деген ұзақ па?

 Негізі мәселе уақыттың ұзақтығында емес, тәсілдің өзіне қатысты. Біз парадокс көріп отырмыз: мемлекеттің өзі бұрын РӘТ рәсімін жасап, бекіткен, яғни ол өзі қолдан осы мәселені туындатып отыр. Ал енді қажетсіз ұзақ процесті ынталандырып, оны мүлдем жойғысы келеді. РӘТ-ті жоюды бастағандардың шешімі өте жүйесіз.

 Үкімет ұсынған жаңа нормалардың реттеушілік әсерін талдаудан бас тарту идеясына бизнес қалай қарайды?

 Әріптестерімнің көпшілігі бұл тәсілге таң қалып отыр. Заң шығару процесінде жеткілікті тиімді рәсім бар. Аяқ астынан оны біреу «жояйық» деп жар салады. Бұл біртүрлі, таңқаларлық нәрсе. Заң шығару үдерісіне қатысқан барлық бизнес өкілі бұл нормаға үзілді-кесілді қарсы. Жалпы, қандай бизнес мемлекеттік органдардың озбырлығынан сақтайтын және кәсіпкерлер көзқарасын қорғауға мүмкіндік беретін тиімді құралды алып тастауға келіседі? Мемлекет басшысы үнемі өзінің Жолдауында ахуалды жеңілдетуге, кәсіпкерлер үшін тұрақты әрі ашық құқықтық орта құруға баса назар аударады. Бірақ қазір Президент сөзіне қайшы әрекет жасап, олар бизнесті қорғаудың маңызды құралын алып тастауды ұсынады.

 «Атамекен» ҰКП бұл идеяға қарсы шығып, ресми түрде пікірін білдіріп отыр ма?

 Қазірдің өзінде біз мұны істеп жатырмыз. Өткен аптада Мәжілістегі жұмыс тобының отырысында сөз сөйледім, депутаттық корпус менің дәлелдеріммен толық келіскен. Топ мүшелері РӘТ-ті жоюға бірауыздан дауыс берді. Алайда жоюға бастамашы болған мемлекеттік орган бұл мәселені сол жерде, Парламентте қайта көтеретініне сенімдіміз. Олар депутаттардан бастамаларын қайта қарауды талап етеді. Белгілі бір қысым бар. Схеманың өзі өте құйтырқы әдіспен құрылған, идея тек депутаттық бастама ретінде ұсынылып, талқыланды. Бірақ біз бұл идеяны депутаттар шығармағанын білеміз, оны мемлекеттік орган ұсынып отыр. Онда белгілі бір лоббизм бар. РӘТ рәсімі түріндегі бақылау енді оларға өздері қалаған норма мен ережелерді жазуға кедергі жасамайтын мүдделі күштер мен ықпалды топтар бар. Егер олар діттегеніне жетсе, бизнестің барлық саласында мемлекеттік құрылымдар өздері қалаған нормалар мен ережелердің салдарын еш талдаусыз, келісусіз және ашық талқылаусыз жаза алады. Мұның салдарының неге әкелетінін елестетудің өзі қиын. Барлық бағыт бойынша асыра сілтеушілік пен мемлекеттің толық бақылауына апарады. Бұл кері кетушілік және инвесторларға Қазақстаннан жақсы ештеңе күтпеу керектігі туралы белгі болар еді. Еліміздегі кез келген заңды бизнес табыс табуға құқылы.

 Бірақ біздің ойымызша, экономика, бизнес, қоғам үшін өте қажетті РӘТ механизмін қорғауды жалғастыруға дайынбыз. Біз оны жоюдың бизнес пен қоғам үшін ғана емес, мемлекет үшін де, инвесторлардың, жалпы әлемдік бизнес қоғамдастық алдындағы беделі үшін де қауіпті әрі зиянды екенін дәлелдейміз.