Кейінгі 3 күнде полиция қызметкерлері қар құрсауынан барлығы мыңнан астам адамды құтқарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia.kz- ке сілтеме жасап.
10 желтоқсаннан бастап Қазақстанның басым бөлігінде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар, кейбір өңірлерде экстремалды жағдайлар байқалды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін трассаларда полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіппен қызмет етуде. Кейбір аймақтардың жолдарындағы патрульдік экипаждар саны 2-3 есеге көбейтілді.
"ҚазАвтоЖол" мен полицияның ескертулеріне қарамастан, кейбір жүргізушілер трассаларға шығып кетіп, тек полицейлердің көмегімен ғана қайғылы оқиғалардың алдын алатын жағдайларға тап болып жатқаны да кездесуде.
12 облыста халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардың учаскелері жабылды. Барлығы 100 учаскеден астам. Жұмыс істеп жатқан жылыту пункттерінің саны – 500.
Жолдарда суыққа тоңазыған 1 012 адам құтқарылды. Оның ішінде 25 бала. 1 100 жүргізушіге көмек көрсетілді.