Алматыда жалғыз жүрген қыздарды тонаумен айналысқан ер адам ұсталды

Ол көбінесе Абай даңғылы мен Масанчи көшесінің маңын торуылдап жүрген.

Алматыда бірқатар қарақшылық шабуыл жасады деген күдікпен 34 жастағы ер адам ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Polisia-ға сілтеме жасап.

 

Полицияның мәліметінше, М. есімді азамат негізінен Абай даңғылы мен Масанчи көшесінің қиылысына жақын жерде «жұмыс істеген».

«Күдікті өтіп бара жатқан адамдарды мұқият бақылаған. Кеш және жалғыз қайтып келе жатқан қыздарға аса назар аударған. Жандарынан жүгіріп өтіп, қолдарынан телефонын тартып алып отырған. Сөйтіп, кешкі сағат 20.00 шамасында 20 жастағы қыздың қолынан IPhone телефонын тартып алған. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды. Қазір  аудан бойынша 7, Бостандық ауданында 7 зардап шеккен азаматтан арыз келіп түсті. Қаскөй жасаған қылмысын мойындады. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 191-бабы бойынша тергелуде. Сот қамау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», – деді Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Олжас Шәріпов.

ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. 

ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.